• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Австрия парасаттылықты таңдады

210 рет
көрсетілді

Сірә, Еуропадағы мықты елдердің басшыларын сайлау да қолында ешқандай құзырлы билігі жоқ Австрия президентін сайлағандай жұрт назарын аударған жоқ шығар. Жеңіске 72 жастағы профессор Александр ван дер Беллен жеткені белгілі болғанда, біраз жұрттың «үһ» деп еркін дем алғаны да анық. Әңгіме мынада. Бұл сайлаудың екінші туры еді. Біріншісі осыдан бір ай бұрын өтіп, ақтық күреске әсіреоңшыл Австрия азаттық пар­тиясының (ААП) өкілі Норберт Хофер мен тәуелсіз кандидат, экономика профессоры Александр ван дер Беллен шыққан. Енді жеңіске Хофердің жетуі әбден мүмкін еді. Алғашқы турда оған сайлаушылардың 35,4 пайызы дауыс берсе, Беллен 21 пайыз ғана дауыс алған. Жеңіске Хофердің жетуінде не тұр, бұл лауазымның бұл елде ешқандай құзыреті жоқ қой дер сырт адам. Расында да, Австрия президенті ресми ғана қызмет, тек канцлерді бекіткен болады, солай ет десе, парламентті де таратқан болады. Өз тарапынан ешқандай билік айта алмайды. Соған қарамай, бұл – сайланбалы лауазым. Жұрт­тың көпшілігі әсіреоңшылдар, яғни әсіреұлтшылдардың өкіліне ықылас білдіріп жатса, бұл елдің атына тағылар үлкен айып, бетке үлкен шіркеу, тіпті, масқаралық деп қабылдануы да заңды. Еуропа әсіреұлтшылдықты, нацистік идея­ны жақсы біледі. Оның кез келген көрінісін қатаң айыптайды. Тіпті, осы сайлаудың алғашқы турының нәтижесі де Австрияны дүр сілкіндірді. Елдегі дәстүрлі екі жетекші партияның – Со­циал-демократиялық партия мен консерваторлық Австрия ха­­лық партиясының өкілдері жеңіліс тапқанда, 2008 жылдан үкіметті басқарып келе жат­қан канцлер Вернер Файман отс­тавкаға кететінін мәлімдеді. Ел­де қалыптасқан жағдайға, ұлт­шылдықтың белең алуына өзін айыпты санады. Жаңа канцлер болып Социал-демокартия­лық пар­тияның лидері Кристиан Керн тағайындалып, оны қазіргі пре­зи­дент Хайнц Фишер бекітіп те үл­герді. Әсіреоңшылдардың жеңісіне олардың австриялық жақтаста­ры ғана емес, бүкіл Еуропаның оң­шылдары қуанды. Бұл жерде Франциядағы «Ұлттық майдан» партиясы мен оның лидері Марин Ле Пен мұны өз жеңістерін­дей көріп, шексіз шаттанды. Тіпті, Еуро­одаққа жұлдызы қарсы­лар­дың да оны құп көргені бар. Бұл одақтың осылай ынтымағы бұзылмақ деп топшылаған. Осы жерде мынадай да бір оқиға еске оралады. Бұдан 17 жыл бұрын осы Австрияда сол әсіреоңшыл ААП парламенттік сайлауда біраз орын алып, коали­циялық үкіметтің құрамына кір­ген болатын. Сонда Еуропа елдері Австрияға бойкот жариялап, ол оқшау қалғаны бар. Содан кейін коалициялық үкімет отставкаға кетіп, бұл ел Еуропа қауымдастығына қайта оралған. Жексенбі күнгі сайлаудың екін­ші туры кезінде осындай күр­делі жағдай қалыптасты. Әсіре­ұлт­шыл Хофер жеңіске жетер болса, жұртшылық оны қалай қабылдайды деген қатқыл сұрақ күн тәртібіне шықты. Иә, сайлау барысын әлем ба­қылады. Хофер жеңеді де­ген бол­жам жасалды. Тіпті, сай­лау учас­келерінен түскен то­лық мәліметтерге қарағанда, әсіре­ұлтшыл саясаткер 51,9 пайыз дауыс ал­ғанда жұрт шошыған. Бірақ бұл елде сайлаушылар­дың 12 пайызы дауыстарын пош­та арқылы береді. Сол топта әсіреұлтшылдарға қар­сылар көп екені де айтылатын. Шын­дығын­да да солай болып шықты. Ақ­тық қорытындыда профессор ван дер Беллен жеңіске жетті – оны сай­лаушылардың 50,3 пайызы қолдады! Мұны жұрт парасаттылықтың жеңісі деп бағалады. Австрия­лықтар нацистік сұрқия идеялар­дың жетегінде кеткен жоқ. Шағын болса да басқамен құқы бірдей НАТО елдері Сыртқы істер министрлерінің саммитінде Черногория Солтүстік атлантикалық альянсқа байқаушы ел ретінде қабылданды. Бұл шешімді сол елдердің парламенттері мақұлдаған соң, ол әскери одақтың толыққанды мүшесіне айналады. Оған ешкім де күмән кел­тір­мейді. Өйткені, НАТО мен Ресей арасы қиғаш. Содан да әскери одақ елдері Ресейге жақпайтын нәр­се­ні тезірек жүзеге асыруға асыға­ды. Ал Мәскеу Черногорияның НАТО-ға кіргеніне қарсы. Сол үшін та­лай амалдар да істеп бақты. Үкі­мет атынан, сыртқы істер ми­­­нистр­лігі тарапынан ресми қар­сылық мәлімдемелер де жасады, черногориялықтар арасында белсенді саяси үгіт-насихат та жүр­гізді. Бірақ нәтиже шықпады. Расында да, православие дінін ұстанатын Черногория мен Ресей арасында дәстүрлі байланыс, қа­рым-қатынас ертеден келе жатыр. Тіпті, бір мерекеде Ресей импера­торы Александр ІІІ-тің былай де­гені бар: «Жалғыз ғана досым – Чер­­ного­рия королінің денсау­лы­ғы үшін ішемін, Ресейдің одан басқа до­сы жоқ». Сол достары жал­­пы дүр­­мекпен НАТО-ға кетіп бара жатыр. Черногория үшін Ресей ғана емес, Сербия да қатты күресті. Социалистік Югославия күй­реп, басқа республикалар бір­ден тәуелсіздігін алып, өз бағыт­тарымен кеткенде, Сербия құрта­қан­дай Черногорияны (халқы 650 мың ғана) жібермей, көп ұстады, екеуі Югославия одақтық рес­публикасына бірікті. Көп айтысып, күресіп жүріп, ақырында Черногорияның тәуелсіздікке қолы жетті. Бұл жерде талай рет оның премьер-министрі де, президенті де болған, қазір де үкіметін бас­қаратын Мило Джука­нович­тің еңбегі айрықша. Тәуелсіздік соның арқасы деуге болады. Сол тәуелсіздікті сақтап қа­лу да оңай емес екен. Шағын ғана елде сыртқы күштердің талай ұйым­дары бар. Олар түрлі қарсылық акцияларын өткізіп, тіпті, күш қолданбақ болып та қорқытады. Сонда Черногория басшылығы саясат жолымен өзіне қорғаныш іздеді. Оның басты жолы НАТО-ға кіру еді. Әскери одақ оған тү­сі­ніс­тікпен қарап, өздерінің талап­тарын алға тосты, соны орын­­даған кезде ғана мүшелікке қабылданатынын мәлімдеді. Арада бірнеше жыл өткенде ғана оған мүмкіндік туды. Енді Черногория НАТО-ға байқаушы мүше, кейін толық мүше болмақ. Жоғарыда айтқандай, Ресей бұған қарсылық білдіріп отыр. НАТО оны өзіне заңсыз тартты, Черногорияда референдум өткен жоқ дейді. Оған парламенттің шешімі жеткілікті екенін мойын­дағысы жоқ. Тіпті, бұл елге жауап шаралар қолданбақ ойда да. Әрине, өз мүшесін НАТО елдері, сондай-ақ, Еуроодақ жалғыз тастамасы анық. Ол жайында НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг ашық мәлімдеді. Джуканович болса, енді өз елі шағын болса да НАТО елдерімен бірге иық тіресіп тұра­ды дегенді айтты. Черногория өз қуатымен НАТО-ны күшейте қоймайды. Мәс­­­кеуді шошытатыны – бұл елдің мысалы Македония, Герцегови­на мен Босния, сондай-ақ, Грузия сияқты елдерге жағымсыздау өнеге болады дейді. Болашақты ойла­май тағы болмайды ғой. Ал НАТО болса, шығыс шекарасын кеңей­тіп, Ресейді қусырып барады. Кейде бұл жайт та әділетсіз секілді көрінеді... Мамадияр ЖАҚЫП, журналист
Соңғы жаңалықтар