Астанадағы Ұлттық музейде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «ҚарЛаг» архипелагы» заманауи көркемөнер жұмыстарының көрмесі өтті. «ҚарЛаг» архипелагы» – заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков пен Қазақстанның заманауи суретшілері Сырлыбек Бекботаевтың, Алмагүл Меңлібаеваның, Айнұр Сәденованың жобасы.
Шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, бұл көрменің мақсаты – жұртшылыққа тарихтың ең бір қанқұйлы кезеңдерінің бірі саналатын зұлматтың табиғаты мен тереңдігін жеткізу және Қазақстан тарихының 1930-1956 жылдардағы бұрмаланған парақтарын қалпына келтіру. Сол кезеңде 11 лагерьде (АЛЖИР, ҚарЛаг, СтепЛаг, ДальЛаг, ПесчанЛаг, КамышЛаг, ЖезқазғанЛаг, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері) айдауда болып, азап шеккен миллионнан астам тұтқынның ауыр тағдырын заманауи көркемөнер арқылы сипаттау.
Жиында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жазықсыз жандардың көз жасына суарылған саяси қуғын-сүргін кезеңі туралы айтқанда, тарихтан тағылым, өткеннен сабақ алуды ұмытпау қажеттігіне тоқталды. «Бүгінгі шараның басты мақсаты – қасіретті жылдарда орын алған оқиғалар арқылы жас ұрпақты зұлматты кезең туралы хабардар ету, мұндай қуғын-сүргіннің қайталануына жол бермеу», – деді Е.Тоғжанов.
Сонымен, музей залдарының бірінде сегіз инсталляция көпшілік назарына ұсынылды. Мәселен, суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Шанель №5» парфюмі атауымен қойылған экспозициялары нәзіктігіне, ана болғанына қарамастан, АЛЖИР тұтқынына айналған жазықсыз әйелдің естелігіне құрылған. Тұтқын портреті ретінде Коко Шанельдің бейнесі алынған. Портрет тұтқындар киетін арнайы киім – «фуфайкалармен» көркемделген. Ал Нұрлан Дулатбековтің КарЛаг туралы кітап инсталляциясында репродукциялар альбомы, фотоальбомдар, очерктер, тарихтар, фактілер, зерттеулер, статистикалар, кестелер, карталар мен естеліктер жинақталған. Идея авторының миссиясы – қатал тағдырына, атына таңылған жалаға қарамастан, жақсылықтан үміттерін үзбеген жандар, яғни саяси тұтқындар туралы шындықты жеткізу.
Көрме 15 шілдеге дейін жалғасады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»