Кеше Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығы Жұмыс тобының кезекті отырысы болып өтті.
Съезд Хатшылығы Жұмыс тобының бұл отырысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің негізгі жұмыс органы болып табылатын съезд Хатшылығының XV отырысының қарсаңында өткізіліп отыр.
Мәдениет және спорт вице-министрі – съезд мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл Марат Әзілханов пен Сыртқы істер министрінің орынбасары – съезд Хатшылығы Төрағасының орынбасары Ержан Ашықбаевтың жетекшілігімен өткен съезд Хатшылығы Жұмыс тобының отырысында 1 маусымда елордада өтетін съезд Хатшылығының XV отырысының күн тәртібі талқыланды.
Отырыста, сонымен қатар, 2015 жылы өткен V съездің және съезд Хатшылығының XІV отырыстарының нәтижелері бойынша айтылған Дінаралық үнқатысуға қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын тағайындау, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Құрмет медалімен марапаттау, Бейбітшілік және келісім музейін құру мәселелері бойынша пікір алмасулар болды.
Отырыста, сонымен қатар, елордада 2018 жылы өтетін VІ съездің тақырыбы мен күн тәртібіне ұсыныстар және съезд Хатшылығының XVІ отырысын өткізу күні мен орнын белгілеу мәселелері талқыланды.
Съезд Хатшылығы Жұмыс тобының отырысы күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша ортақ келісім көрініс тапқан хаттама қабылдаумен аяқталды.
«Егемен-ақпарат»