• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

Бірліктен асқан бақыт жоқ

479 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Қазақстандық біртектілік және жалпыұлттық бірлік тағылымы» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Отырысты ашып, оның моде­ра­торлығын атқарған Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы кітапханасы ди­рек­торының орынбасары Жап­сарбай Қуанышев бес институт­тық реформаны жүзеге асыру жө­нін­дегі «100 нақты қадам» Ұлт Жос­­парында белгіленген міндет­тер­ді шешу аясында өзекті мәсе­ле­лерді талқылау, тәжірибе алмасу бағы­тында былтырғы жылы бір­қатар жұмыстар жүргізілгенін айта келе, алғашқы сөз кезегін ҚХА ка­фед­ралары қауымдастығының төр­айы­мы Махаббат Қозыбаеваға берді. «Жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік, адам бойындағы асыл қасиет – патриоттық сезімді қалыптастыруда Қазақстан хал­қы Ассамблеясының негізгі қағида­ты­ның маңызы өте зор», деген шешен ЖОО-лар аясында құрылған ҚХА кафедралары атқарған жұмыс­тарды санамалап, олардың мәні мен мазмұнына тоқталып, қазақ­стан­дық біртектілікті теориялық және әдістемелік тұрғыдан зерт­теудің кешенді қолға алынып жатқанын алға тартты. Ал Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚХА кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылым­дары­ның докторы Анатолий Баш­ма­ковтың сөзі қазақстандық біртек­тілікті қалыптастырудың тарихи және рухани факторы төңірегінде өрбіді. Шешен өзінің ұстаздық қыз­метінде Назарбаев Университетте жиі болатынын, ондағы жастарға тәлім беруші мұғалімдердің 90 пайызының шетелдіктер екенін, олар үшін қазақстандық патриотизмнен гөрі, маман даярлап шығудың маңызды екенін айтып, не ексең, соны орасың дегендей, біздер үшін білікті маман ғана емес, Отанын жанына оттан да ыстық көретін азаматтар қатарының молаюы маңызды. Жалпы, біртектілік дегеннің ғылыми анықтамасы 30 шақты, ал менің ұғымымда әр­бір қазақстандық өзінің этностық ерек­шелігіне, діни сенімінің өзгеше­лігіне, идеологиялық көзқарасының қайшылығына қарамастан, «Мен Қазақстан азаматымын, менің Отаным – Қазақстан, оның барлық қызы­ғы мен шыжығы, игілігі мен қа­теліктері де менікі» деген ойдың болмысқа дендеп енуінде дей­мін. Ұлтым орыс, бітімім қазақ­қа ұқсамай тұрса да, менің ділім­нің дені қазаққа айналған. Менің отбасымның күнделікті тұрмы­сының қазақ отбасынан айырма­шы­лығы аз. Соғым соймаса, қыстан шыға алмайтындай көретін қазақы бол­мысқа айналған, деді. Қазақстан Президенті жа­нын­дағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталы­ғының басшысы Айгүл Сәдуақасова біртектілік пен бірлікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясат тө­ңірегінде ойларымен бөліс­се, ғы­лым докторы Ғазиз Телебаев бір­тек­­ті­ліктің қалыптасу ерекше­лік­теріне қатысты пайымдарын ортаға салды. Ал аталған шараны Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы кітап­ханасы Президент жанындағы «Қо­ғамдық келісім» РММ мен ҚХА кафедралары қауымдастығымен бірігіп өткізді. Отырыс соңы баяндамаларды талқылауға, пікір алысуға ұласып, жиналғандар тәжірибе алмасуды өрістете түсу қажет деген тоқтаммен тарасты. Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы кітапха­насы ди­ректорының орынбасары Жапсар­бай Қуанышев жиналған­дарды келелі ойды жарасымымен жа­рыстырған, қоғамның тұтастығын басты ұстаным еткен жандардың әрбір басқосуы осылай өтуі тиіс, сіздердің бәріңізге табыс тілеймін, деп алғысын жеткізді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар