• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

* Лебіздер легі

390 рет
көрсетілді

Аксель ФИШЕР, Германия Бундестагының мүшесі: – Бізге терроризм мен діни фанатизмнің тамырына балта шабу үшін қолдан келген нәрсенің бәрін жасау керек. Бұған, әсіресе, білім, әлеуметтік саясат және инклюзивті қоғам ар­қы­лы қол жеткізуге болады. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Қазақстан Прези­д­енті Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен, әсіресе, біздің полиэтностық және поликонфессиялық қоғамның табысы үшін жақсы негіз қалайтын көптеген оңды идеяларды көріп тұрмын», деген болатын. Мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ жанынан жаһандық антитеррорлық коалиция құру бастамасын қолдаймын. Мұның БҰҰ-ның Өркениеттер альянсы үшін жақсы жағы көп. Ол елдер арасындағы теңсіз­дікті жою мен өзара түсіністікті ілгерілету бойынша «жұм­сақ құрал» қызметін атқарып, жанжалдардың алдын алар еді. Эдмондо ЧИРИЕЛЛИ, Италия Депутаттар палатасы алқасының мүшесі: – Әркім мәдени және ағарту саясатын өзінің біртектілігі арқылы қор­ғайды. Бұл арада толе­ранттылықтың, өзге мәде­ниеттермен және дін­дермен үнқатысудың алатын орны айтарлықтай. Папа Ратцингер Регенсбург университетіндегі бағдарламалық сөзінде мәдениеттер мен діндердің шынайы үнқатысуына сілтеме жасады. Өйткені, мұнда бүгінге дейін үлкен қажеттілік бар. Және мен Қазақстан мен оның Президенті Назарбаев танытып келе жатқан бастамашылықтар толеранттылықтың, этностық топтар мен мәде­ниет­тердің және діндердің бейбітқатар өмір сүруі­­нің озық үлгісі екенін атап өткім келеді. Ханс ФРАНКЕН, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы процедуралар, иммунитеттер және институттық мәселелер жөніндегі комитетінің басшысы: – Осы орайда мен Нидер­ландтың Қазақстан Респуб­ликасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту және толеранттылық пен өзара түсіністікті ілгерілету бойынша тұрақты күш-жігеріне үлкен құрмет танытқанын еске салғым келеді. Ахмад Бен Мұхаммад әл-ГАМДИ, Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің мүшесі: – Бірінші кезекте Қазақ­стан Республикасының Үкі­метіне баршамыз үшін маңызды осындай шара өткізгені, сондай-ақ, ұйым­дастырушыларға әуежай есігіндегі қарсы алулардан басталған қонақ­жай­лы­лығы үшін ризашылық сезімімді білдіргім келеді. Бұдан бөлек, Сауд Арабиясы Корольдігі терроризммен және экстремизммен күрес жағдайларында барлық әлемдік үкіметтердің жаһандық деңгейде ынтымақтастығы мен үйлесімді іс-әрекеттерін жалғастырғаны маңызды екенін атап көрсетеді. Сонымен бір мезгілде, зорлық терроризм мен экстремизмнің түрлі пішіндері мен көріністеріне қарсы күрес бойынша басқа да барлық халықаралық шараларға белсенді қатысушыларды ынталандыру қажет деп есептеймін. Қорытындысында Сауд Арабиясы Корольдігінің терроризмнің кез келген көріністері мен Ислам атын жамылған террорлық ұйымдардың іс-әрекеттерін шешімді түрде жазғыратынын атап өткім келеді. Өйт­кені, Ислам діні бейбітшілік пен төзімділіктің, келі­сім мен түсіністіктің діні болып табылады емес пе. Шломо Менахем КУК, Израиль Бас Ашкеназ раввинінің өкілі: – Израильдің Бас раввині Ицхак Йосефтің атынан мен Қазақстан Президенті мен Парламентіне әр жыл сайын маңызды мәслихаттар өт­кізіп келе жатқаны үшін риза­шылығымды білдіргім келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанадағы съездері бүкіл дүниежүзі үшін үлгіге айналып отыр. Барлық елдермен және діндермен, әсіресе, «Діндер терроризмге қарсы» деген аса көкейкесті тақырыпта үнқатысулар жүргізу үшін кездесулердің маңызы өте зор. Әмәл Абдулла Әл-КУБЕЙСИ, Біріккен Араб Әмірліктері Федералды ұлттық кеңесінің төрайымы: – Бүгінгідей сындарлы ке­зеңде осы маңызды оқи­ға­ға қа­­тысу мен үшін үлкен құр­мет. Мен Қазақ­стан Рес­пуб­­­­ли­­ка­сының Пре­зиденті Назарбаев мырзаға осындай аса көр­­некті конференция өткізу керектігін сезінгені үшін ерекше риза екенімді білдіремін. Мұнда бүкіл әлем­­­­­дегі түрлі діндер мен парламенттер өкілдері бас қо­­­сып, кон­с­­­труктивті әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, мен қонақжайлылығы мен жылы қабылдауы, жоғары кәсібилігі үшін Қазақстан Республикасы Парла­ментінің Сенатына үлкен құрметпен алғыс айтамын. Мартон ДЬЕНДЬЕШИ, Венгрия Парламентінің депутаты: – Мен бұл конференцияға үлкен үмітпен және оптимизммен келдім. Өйткені, түрлі мәдениеттер мен діндер өкілдері арасындағы коммуникациялар қазіргі алмағайып заманда барған сайын үлкен маңызға ие бола бастады. ХХІ ғасырдың елең-алаңында біз ортақ күш-жігер таныту арқылы ғана еңсере алатын сын-қатер­лермен жиі бетпе-бет келе бастадық. Ал баршамыз бо­лып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ал­сақ қана біз өзіміздің дінімізді сыртқы күштерден қорғай аламыз. Міне, мен Қазақстан Республикасының Парламен­тіне аталған шараны ұйымдастыру арқылы үнқатысуды ілгерілеткені үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Фаллоп ТАЙИАРИ, Бүкіләлемдік буддистер қауымдастығының бас хатшысы: – Мен Қазақстанның аса көрнекті Президенті, Жоға­ры Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа Әлем­дік және дәс­түрлі діндер көш­бас­шы­ларының съезін дәйек­тілікпен ша­қырып келе жатқан бастама­сы үшін өзімнің терең ризашылығымды білдіргім келеді. «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық кон­фе­ре­н­циясы – дүниенің көптеген мазасыз күндерді ба­сы­­нан өткергенін көрсететін ағымдағы маңызды мә­се­ле. Терроризм, меніңше, бүгінде біз бетпе-бет ке­ліп отыр­ған сындарлы проблемаға айналған секілді. Ал, жалпы айтқанда, терроризмге шақыратын дін атаулы жоқ. Бахар МҰРАДОВА, Әзербайжан Милли Меджлисі төрағасының орынбасары: – Бірінші кезекте, осындай халықаралық конференцияның дер кезінде өткізіліп отырғаны үшін өзімнің ризашылығымды білдіргім келеді. Мен баршамыз үшін айтарлықтай күрделі проблемаларды қозғаған осы конференцияның қорытын­дылары терроризм­нің бар­лық көріністеріне қарсы күресте күш біріктіруші қыз­м­етін атқарып, үлкен үлес қо­сатынына толық сенімдімін. Бұл арада авторы Назарбаев мырза болып табылатын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің маңызы өте зор екенін атап көр­сетсем деймін. Манифесте көлденең тартылатын пікір қайшылықтарын еңсеру, қарулы жанжалдар мен атом соғысының алдын алу жолындағы күш-жігерлер бүгінгі таңда аса көкейкесті. Костел АЛЕКСЕ, Румыния Депутаттар палатасының депутаты, Қазақстан Республи­ка­сы­мен достық парламенттік тобының төрағасы: – Мен Жоғары Мәр­тебелі мырза Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Прези­дентіне мәдениетаралық үн­қатысуға қолдау көрсетіп ке­ле жатқан күш-жігері үшін өзім­­нің терең ризашылық сезімімді білдіргім келеді. Сон­­дай-ақ, қазіргі күрделі кезеңде Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы баст­ама көтергені қай жағдайда да қолдауға лайық. Өйт­кені, съездердің конфес­сияаралық үнқатысу арқылы жаһан­дық проблемаларды шешуге көмектесетіні күмәнсіз. Бұл сіздердің түрлі мәдениеттер тоғысында орын тепкен тамаша елдеріңіздің бүгінде түрлі діни конфес­сиялар арасында бейбітшілік пен толерант­тылық­ты ілгерілету арқылы өзінің дінаралық үнқа­тысуға жақын­дығын көрсететінінің тағы бір айғағы болып табылады. Мохаммад Салех САЛЬДЖУКИ, Ауғанстан Ислам Республикасы Парламенті төменгі палатасының депутаты: – Бүгінде экстремизм мен терроризм Еуропада, Аме­рикада, Африка мен Азияда, оның ішінде Таяу Шы­ғыста және Орталық Азияда адам­дардың басым бөлігіне қатер төндіріп отыр. Бұл қатер күн өткен сайын тереңдей түсіп, әлем халықтарының айтар­лықтай алаңдаушылығын туғызуда. Бұл жайтты Қазақстан Республикасының Прези­денті, Жоғары Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде жан-жақты атап көр­сетеді. Қазақстан басшысының аталған үндеуі қазір­дің өзінде Ауғанстандағы қоғамдық-саяси топтар арасында адам айтқысыз қызығушылық туғызып отыр. Вальтер ШВИММЕР, «Өркениеттер үнқатысуы» әлемдік қоғамдық форумының тең төрағасы, Еуропа кеңесінің бұрынғы бас хатшысы: – Менің осы кон­фе­ренцияға және оның ұйым­дастырушыларына үн­­деу жолдағаны үшін Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа, осынау заманауи және көкейкесті проблемаларды талқылауға мүмкіндік тудырғаны үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығына және оның басшысы, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевқа алғыс сезімін білдіргім келеді. Гун ЦЗЯНЬВЭЙ, АӨСШК-нің атқарушы директоры: – Мен үшін «Діндер терроризмге қарсы» атты өте маңызды да көкейкесті тақырыптағы осынау конференцияда сөз сөйлеу орасан құрмет. Қазақстан өзінің көп түрлі этностық топтарымен және діндерімен бір-бірімен татулықта және үйлесімде өмір сүруге болатындығының феноменіне үлгі ретінде қызмет етеді. Қазақстанның халқы мен Үкіметіне осынау үлгіге сәйкес өмір сүре беруді тілеймін. Ильяс УМАХАНОВ, Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесі төрағасының орынбасары: – Ең алдымен таяуда ғана Қазақстан Республикасы Сенатында сөз сөйлей отырып, қазіргі заманның басты қатері – терроризмге қарсы күресте халықаралық қоғамдастықтың бүкіл саламатты күштерін жұмылдырудың маңыздылығын атап өткен Ресейдің бүкіл сенаторлық корпусы мен Федерация кеңесінің төрайымы В.Матвиенконың атынан ең бір жылы ниетті құттықтау сөздерін және табысты жұмысқа деген тілегін жеткізгім келеді. Бүгінде Қазақстан терроризмге қарсы іс-әрекет саласында нақты шешімдер іздестіру орталығына айналуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астанада өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі әлемдік маңыздағы ірі оқиғаға айналды. Терроризм төндіретін қауіптерді жақсы білетіндіктен де біз бұл күш-жігерге қолдау көрсетеміз. Халед АКАШЕ, Қасиетті Тақтың (Ватикан) Папалық дінаралық үнқатысу жөніндегі кеңесінің исламмен байланыстар бөлімінің меңгерушісі: – Папалық дінаралық үнқатысу жөніндегі кеңестің президенті Кардинал Жан-Луи Торанның атынан осынау маңызды конференцияны ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды құттықтаймын. Мен осы конференция біздің діндеріміз бен біздің ортақ адамзаттың бейбітшілігі мен бауырластығы жолындағы келесі қадам болады деген өзімнің құлшылыққа толы тілегімді білдіремін. Мұхаммад Зия Уль ХАК, Ислам құқығы бойынша профессор және Исламабад халықаралық ислам университеті Исламдық зерттеулер институтының бас директоры (Пәкістан Ислам Республикасы): – Құрметті ханымдар мен мырзалар, біріншіден, мен Қазақстан Республикасына, оның халқына және ең маңыздысы, оның лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемдік діндерді бір-біріне жақындастырудағы күш-жігері үшін ғана емес, сонымен бірге, қазіргі заманғы қоғамдағы діндерге оң үлес қосудағы, атап айтқанда, терроризмді жоюдағы күш-жігері үшін алғыс айтқым келеді. Бүгінгі конференция осы тұрғыдағы маңызды күш-жігер. Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, жаһандық дағдарыс тек тәуекелдер ғана емес, сонымен бірге, жаңа мүмкіндіктер де туғызады. Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлері біздің шынайы мүмкіндіктерімізге негізделіп, іс-қимылдардың кешенді стратегиясына қарсы қойылуы тиіс. Қазақстан Үкіметі «Бес институттық реформаны жүзеге асыру­дың 100 нақты қадамы» Ұлт Жоспарын өмірге енгізді. Пар­ламент Ұлт Жоспары үшін заңдық негізді реттеу бағытында жұмыс істеуде. Шағын және орта бизнеске кедергілер жойылып, басқару жетілдіруде. Осы шаралардың бәрі мемлекеттің, қоғам мен экономиканың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұндай іс-қимылдар әлемнің барлық жерлері үшін де қажет. Шейх Мұхиддин Афифи Ахмад АБДЕЛМАЖИТ, Әл-Азхар академиясының бас хатшысы (Египет Араб Республикасы): – Ең алдымен барша осы конференцияға қатысушыларға Жоғарғы имам, «Әл-Азхар» Египет университетінің шейхы Ахмед Ат-Тайебтің құттықтау сөздерін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Бүкіл ислам әлемі бүгінде бәріміз де зардап шегіп отырған терроризмді айыптайды. Соған байланысты мұсылмандар мен мұсылман еместер, бүкіл қоғам, үкіметтер өкілдері, діндер мен интеллигенция күш көрсету терроризмнің барлық көріністеріне бірлесе қарсы тұрып, оның алдын алу мен оған қарсы күреске барлық күш-жігерді жұмсауы қажет. Сергей РЫБАКОВ, ТМД ПАА Мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің Ғылым, білім беру және мәдениет жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары: – Бүгінгі конференция тақырыбы маңызды да көкейкесті. Діни экстремизм проблемасының өткірленуі жағдайында адамдарды топтастыру және оларға шынайы діни идеалдарды жеткізу ісінде дәстүрлі діндер рөлі арта түседі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев орынды атап көрсеткендей, «Барлық діндердің қағидаты біреу – өлтірме, жақыныңа көмектес, кешірімді бол, еңбек ет, отбасын құр». Мәскеу және бүкіл Русьтің Қасиетті Патриархы Кирилл мен Рим Папасы Францискінің бірлескен мәлімдемесінде де осы туралы айтылған. Дмитрий САФОНОВ, Мәскеу Патриархатының сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің дінаралық қатынастар жөніндегі хатшысы, священник: – Діннің өзіне тән кеші­ру, шыдамдылық, қай­рым­дылық, жауап­кер­шілік сияқты құн­ды­лықтарды бойға сіңіру жолымен бітім­герлік жасау үшін мол әлеуеті бар. Бұл орай­да біз Қазақстанның әлемдік сын-қатерлерде бір­лесіп талқылау үшін түрлі діни қауымдастықтар басшыларын тұрақты түрде жинап тұру бастамасын жоғары бағалаймыз. Осы форум жұмысы дінаралық ынтымақтастық үдерісін дамытуға, түрлі ұлттар адамдары арасындағы дұшпандық пен жеккөрушілікті жоюға, экстремизммен күреске ықпал етеді деген сенім білдіргім келеді. Мохаммед ШЕЙХ, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі парламенті Лордтар палатасының мүшесі: – Менің дін мен терроризмнің өмірлік маңызды мәселелері бойынша осы конфе­рен­цияны өткізгені үшін Қазақстан Үкіметі мен хал­қына алғыс сезімін білдіргім келеді. Менің Орталық Азия елдерімен ертеден байланысым бар. Мен өңірдің көптеген елдерінде болдым және Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан туралы жадымда жылы естеліктер сақталып қалды. Мен енді Қазақстанға өзімнің алғашқы сапарым­ды жасап отырмын. Осынау мәдениеттер мен діни сенімдер үшін кездесудің үлкен де тарихи орын­дарының бірінде болу мен үшін шынайы қанағаттанғандық сезімін тудырады. Шахаб Уд Дин ХАН, Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық ассамблеясы парламентінің мүшесі: – «Дін терроризмге қарсы» тақырыбы өте орын­ды және ерекше. «Адам бір­ден-бір діни тіршілік иесі» деген болатын Марк Твен. Дін белгісіз бір жақтан шыққан жоқ, ол барған сайын неғұрлым технологиялық тұрғыда басқарылатын әлемде өздігінен қалыптасты. Бұл сөздің күлкілілеу естілеріне қарамастан, дін проблема ретінде қарастырылып отырған кезде, оның өзі қазіргі жағдайда біздің қолымызда бар бірден-бір шешім болуы да мүмкін. Ол экстремизм отын сөндіретін бірден-бір қолжетімді ресурс.
Соңғы жаңалықтар