• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2016

Мәңгілік еліміздің тағдырына мәңгілік үлес

380 рет
көрсетілді

Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорымен бірлесе отырып, қазақ документалистикасының белгілі шебері, ақын, сценарийші, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбековтің «Мир кочевья. Мифы Великой степи. Казахский этикет» атты кітабының тұсаукесерін өткізді. Іс-шара барысында Бақыт Ғафуұлының авторлық фильмдердегі қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы туралы этнографиялық сюжеттердің көрсетілімі ұсынылды. Көшпелі қазақтардың дәстүрлі дүниетанымына, олардың мате­риалдық емес мәдени мұрасына арналған кітаптың таныстырылымына халық көп жиналып, өте тартымды кеш өтті. Аталған кітап автордың бұған дейін қалам тартқан «Национальные обычаи и традиции. Казахский этикет» («EmpireKZ», 2011 ж.), сондай-ақ, 2012 жылы Мәскеуде (РУДН) жарық көрген «Мир кочевья. Домусулманские верования и обряды казахов» атты еңбектерінің жалғасы болып табылады. – Кішкене кезімде әжемнің қолында өстім, – деді бұл тақырыпқа қалай келгені жөнінде Бақыт Ғафуұлы. – Сонда әжем: «Балам, босағада тұрма», «Сүтті жерге төкпе», дейтін. «Әже, неге олай жасауға болмайды?» десем, «Білмеймін, бірақ солай жасауға болмайды», дейтін еді, жарықтық. Міне, сол сұрақтарға қазіргі күнге дейін жауап беріп жатырмын. Олар не дейсіздер ғой?!. Олар біздің салт-дәстүрлеріміз, ғұрыптарымыз, сенімдеріміз. Менің байқағаным, түбінде сол кісілердің «болмайды» деген сөзінде арғы ата-бабаларымыздың біздің рухымызды сақтау үшін арнайы қалдырған өсиеттері болуы мүмкін. Оның үстіне бұл тақырыпқа ден қоюыма 1970 жылдары Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтында оқып жүргенімде орыс ертегілерін жинаушы, белгілі ғалым Н.Афа­насьевтің «Поэтические воззрения славян на природу» деген кітабы түрткі болды. Сол кезде «Неге түркілерде осындай кітап жоқ?» деп ойладым. Табиғатты біз қалай түсінеміз? Тәңір мен Умай, олар кімдер? Неге босағада тұруға, сүтті жерге төгуге болмайды? Міне, осы ойлардан кейін менде түркі халықтарының ежелгі мифтері мен аңыздарын жинау ғана емес, соның негізгі тамырын табу керек деген идея туды. Осы кітапты қолға алғаныма жиырма бес жылдай болды. Шыны керек, кеңес заманында тарихымызға, салт-дәстүрімізге қатысты мұндай дүниелерді әрең табатынбыз. Бүгінде мен жалғыз емеспін, біраз автордың кітаптары шығып жатыр. Менің жұмысым – халықтың айтқандарын бір жерге жинап, орыс тіліне аудардым. Ақын болған соң кейбірінің мағынасын түсіндіріп, келтірдім. Байқаймын, айтқандарымды тарихшылар, этнографтар қостауда. Мен орысша өлең жазамын, фильмдер түсіремін. Алайда, тарихта ол еңбектер қала ма, жоқ па, білмеймін. Ал мына кітап қалуы тиіс. Неге десеңіз, ол болашақ жастарға өте керек. Кеш барысында кітаптың алғашқы оқырмандары сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Белгілі мәдениеттанушы, ғалым Мұрат Әуезов сүйінші сұрайтын еңбек екенін айта келе: «Кітаптың ерекшелігі – біріншіден, автор өте дарынды, мықты ақын, жақсы тәрбие көрген. Оның әкесі – шабытты ақын Ғафу Қайырбеков. Бақыт әжесінің қолында тәрбиеле­ніп, қазақтың дүниетанымын, аңыз-әңгімелерін, салт-дәстүр, ғұрыптарын кішкене кезінен бойына сіңірген. Қазақ үшін ХХ ғасыр өте қатал ғасыр болды. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс қазақ халқын есеңгіретіп жіберді. Енді осының бәрін ретіне келтіру – үлкен міндет. Бұл іске біраз азамат атсалысты. Бірақ, Бақыттыкі ерекше. Мысалы, мен өзім көшпелілердің тарихын зерттегенде саяси жағына ден қойдым. Бақытта ондай ештеңе жоқ. Ол тек қана сүйсініп, өзін сол рухани байлықтың ұрпағы, мұрагері ретінде ешқандай сыртқы себептерсіз, жүрегімен жұртқа жеткізіп отыр. Кітапты оқып шыққанда, жусан иісін сезінесің. Бақыттың жазған дүниесінің бас­ты қасиеті – ол мәңгілік дүние. Ендеше, бұл еңбек Мәңгілік Еліміздің тағдырына мәңгі үлесін қосатын дүние», – деді. Ал тарихшы, этнолингвист Марат Сембин өзінің сөзінде Б.Қайырбековтің кітабы осыған дейін жоғалтқан асылдарымызды түгендеп, зерттеп, қалпына келтіріп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы Ирина Ерофеева, белгілі кино­режиссер Сатыбалды Нарымбетов, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры, философия докторы Андрей Хазбулатов, кітаптың суретшісі Ирина Дручинина, Ресейдің Калининград қаласынан арнайы келген жазушы, публицист Вячеслав Карпенко, ғалымдар Әсия Мұханбетова, Меңдіғаным Шаймерденова, «Наурыз» деректі сериалынан көрсетілген фильмнің шығармашылық ұжымының атынан Алексей Каменский, Наталья Рыблова, т.б. сөз алып, авторды құттықтап, кітаптың маңызы мен өзектілігіне, қажеттілігіне тоқталды. Өз кезегінде автор кітаптың көптеген достары бар екенін айта келіп, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, Медғат және Айгүл Құлжановтарға, қолжазбаның ең алғашқы оқырманы, жобаға демеушілік жасап, кітапты жарыққа шығарған Андрей Хазбулатовқа ерекше ықыласын білдірді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Алматы
Соңғы жаңалықтар