Егер де бүгінгі күндері журналистика факультетінің студентіне емтиханда «тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзінің ең танымал өкілдерінің есімін ата» деген сұрақ келсе, егемендіктің елең-алаңында тілшілік тіршілігімізді бастаған біздің буынның ішінен Ғабит Мүсірептің де есімі аталатын шығар деп ойлаймыз. Бұл көзкөрген адамды мақтап жазудың жөні осы екен деп тым жасанды, жалпақшешей ойларды бейберекет тоғытудың берекесіз әрекеті емес. Шын мәнінде де, Ғабит осы ширек ғасырда қазақ баспасөзіне қалтқысыз, адал қызмет етіп келе жатқан қалами жауынгерлердің бірі. Адалдығы сол, байыпты жазып, байламды пікір айта білетін Ғабитке бұқаралық ақпарат құралдарынан да өзге талай-талай мықты мекемелер нешеме рет «құда түскенімен», «таңдағаным сен жалғыз» деп газеттен өзге өлкеге бір адым да аяқ баспады.
Журналистика да дүбірлі бәйге тәрізді, тұлпары озады, шабаны қалады. Былайша айтқанда, жазған-сызғаның көпшіліктің көз алдында сайрап тұрған соң, мәртебелі оқырман өзіне етенесін өзі екшеп береді. Ғабит сондай жазғыш сойқандардың қатарынан. Жаз дегенге, жапалақтатып, қағаз бетін үймеқарға айналдыруға аса үйір емес. Тақырыпты талғаммен таңдайды, сөйтіп, сөзді кірпіш қалағандай сөрелейді де, тың идеяны аса шеберлікпен иіріммен жеткізе отырып, теңіз ойдың түбінен маржан тереді. Ғабиттің жазғыштығы туралы ойды образға салсаң, Қызылқұмның құладүзінде түбіне жанарыңның жарығы әзер жететін тереңдіктегі шыңыраудан шіліңгір шілдеде шекеңді шып-шып терлететін жәннаттың кәусар суын ұсынып тұрған дәруіш көз алдыңа келеді. Дәруіш дегенде, жақсы мағынада, яки, оның оқырманына рухани от сыйлай білетін орны бөлек оғландығын айтып отырмыз.
Ұлы Ғабеңмен есімдес болғандықтан атыма затым сай болсын деді ме, студент кезінде Ғабит өзін аса байсалды, ағамінез қалыпта ұстады. Үшінші курста-ақ жастар газеті «Өркеннің» өз тілшісіне айналып, бұрқыратып жазуға кірісті. Не нәрсеге де теңеу іліктіріп, көпіріп сөйлеуді жақсы көретін журналистер бұл құбылысты қаламгер Ғабит Мүсіреповтің қайта жаңғырған рухы деп көсемсіді. «Өркеннің» өркенін өсіруге келген Ғабит тырнақалды мақаласын анау-мынау емес, Қыздар педагогикалық институтынан бастады. Дарабоз ақын Ғафу Қайырбековтің «Алматыда көшесі бар Гогольдің» деген өлең жолдарын тақырып етіп алып, топтама мақалаларын газеттің әр саны сайын тоғытты. Сөйтсек, қыздар институтындағы «қыдырудың» өзіндік мәні бар екен. Газеттегі осы тұңғыш сапарында-ақ алдынан Керекудің керемет қызы жолығып, бүгінде шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған Перизат жеңгейге деген сезімі сол күні-ақ бүр жарып қойған екен.
Сол жылдары тұрақты оқырманын жинай бастаған Ғабит өзім ғана жазып, өзім ғана атақ-абыройға бөленсем деген пендешілік ойдан бойын аулақ ұстап, жемін шашып жейтін сұңқарлардай, маңайындағы мақала жазғыштардың жазған-сызғандарын баяғының бақалшыларындай әйгілі қара папкісіне жинастырып жүретін. Көпшілігі тәрізді әдеттегідей әуелгіде өлеңмен әуейіленген біздің бірқатар жырларымызды бірде сол қара папкісіне сүңгітіп, соңынан газетте бірінші кезекте поэзиядан гөрі мақалалар басылатынын маған нығарлай жеткізіп, бірақ келесі нөмірде-ақ өлеңдерімді бір бет қып газетке бастырғаны есімде.
Бүгінде Ғабит Іскендерұлы деп газет журналистикасына жаңа имиджбен, тың тыныспен қайта енген Ғабекең университеттің бесінші курсында ел газеті – «Егемен Қазақстанның» білдей тілшісі болып бекітілді. Ұлттық басылымда одан әрі аға тілші, шолушы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ғабиттің құлашын жаза шабатын, құладын көрсе ататын нағыз ақмылтық журналист болатын шағы осы тұс. Елбасының, Үкімет басшысының шетелдік сапарларында бірге жүріп, әлемнің түкпір-түкпірінен шұғыл репортаждар берді, екінің бірінің ойына кіріп-шықпайтын тақырыптарды қаузап, саяси сараптамаларды салмақтауға кірісті. Журналистік жолының бір белесіне есеп беріп қояйын деген оймен «Егемен Қазақстанда» және басқа да басылымдарда жарияланған мақалаларының сүбелілерін топтастырып, 2010 жылы «Рухыңды түсірме, ұлым», 2012 жылы «Тарихты тұлғалар жасайды» атты публицистикалық шығармалар жинақтарын жарыққа шығарды. Кей кезде оның кітаптарын парақтап отырып, Ғабит осы қай басылымда жұмыс істейді деген ой келеді. Ресми газетте еңбек ете жүріп, «Қазақ рухы қалғып кеткен секілді...», «Ойдан шығарылған «орыс мәселесі», «Арылу», «Қазақ мектебі қағажу қала бере ме?» деп келетін кілең өршіл тақырыптарға қалам тартқан. Сөйтесің де, ұлтқа деген ұғымының кең, ұстанымының нық екеніне тәнті боласың. Мәселен, республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында ол: «ұлттық сананы оятуға ықпал ететін де, жаңа өмірге бейімдейтін де, жаһандану бәсекесінде қазақ ұлтының намысын жыртатын да – бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде қазақ басылымдары. Өйткені, олар 70 пайыздың ауылына қарай аяңдаған ұлттың сан ғасырлық үмітін аяқасты ете алмайды», деген келелі пікірін білдіреді.
Ұлттық намыс дегенде Ғабекеңнің жоны күжірейіп, рухы аспандап, өзгеден бөлек дегбірсізденіп кететіні бар. Ойлана келсек, ол Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында өсіп, атажұртты бала жүрекпен алыстан аңсап жетілген екен. Сондықтан, ол үшін бүкіл Қазақ елі туған әкесіндей ардақты, туған анасындай аяулы көрінетіндей. Бұл жөнінде әкесі Іскендер ақсақалмен арадағы әңгімені қағазға түсірген «Рухыңды түсірме, ұлым» атты новелласында ол шынайы жеткізеді. Шартарапқа шашырап кеткен қазақтың атамекеніне деген сағынышын енді түсінгендеймін, деп бастайды әңгімесін Ғабит. Одан әрі сәби көңілмен әкесінен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бір жылда туып, бір жылда қайтыс болу себептерін сұрайтынын айтады. Әке қабағы қатуланып, «балам, сені мазалаған сауалдың өзіндік сыры бар. Білмекке ұмтылғаның жақсы. Бірақ бұл сұрақтың жауабын ұғыну саған қазір қиындау. Қалай болғанда да үшеуінің де қазақ халқы үшін құрбан болғанын ұмытпа, балам»... Одан әрі әке мен бала арасындағы әңгіме «Қайрат» пен «Пахтакор» арасындағы ойын нәтижелеріне ойысады. Әкесі ақмұнарлы Алатау көз алдына келгендей алысқа көз жүгіртіп, «Біздің «Қайрат» Ташкентке келіп, «Пахтакорды» тас-талқан етіп жеңуші еді ғой. Әрбір кездесу жан алысып, жан берісетін арпалыспен өтетін. «Қайрат» гол соққан сайын Ташкенттегі қазақ студенттері айқайға басып, бөркін аспанға атып бір дүрілдеп қалатын. Ғабит: Папа, жерлестеріңізге, «Пахтакорға» неге жанкүйер болмадыңыз? Әкесі: «Қайрат» бар ғой, «Қайрат». «Қайрат» тұрғанда...».
Ғабит Мүсіреп – Желтоқсан оқиғасында алаңның бел ортасында жүріп, сол оқиғаға куә болған жандардың бірі. Әңгіме кейіпкері сол бір тұла бойыңды тітіркендіретін қасапты сәтті былайша еске алады: «17 желтоқсан күні Пушкин кітапханасынан сағат кешкі жетілерде шықтым. Бір қарасам, елдің бәрі шұбырып Брежнев атындағы алаңды бетке алып барады. Мен де ілестім бір лекке. Барсақ топ-топ жастар. Мұздай қаруланған солдаттар. Жастар ЦК-ның ғимаратына жетуге жанталасып, басшылармен кездесуге ұмтылады. Сарбаздар сәл шегінеді де, бір кезде қайта шабуылдап, жалаң қол батырларды соққының астына алады. Сол күні екіжақты арпалыс 5-6 сағатқа созылды. Түн жарымына қарай алаң төріндегі екі жақ та саябырсыды. Жастар жағы да дамылдап, таңертең келеміз деп тарқасты...». Ғабиттің айтуынша, келесі күні кеңес әскерінің жауыздығын өз көздерімен көріп, бойларын ызғарлы ыза-кек буған. Қазақ қыздарының шашынан сүйрелеп, басынан сапер күрекшесімен соққылау, қызыл қанға боялған алаң, қансыраған жігіттер, ұсталғандарды дірдектетіп әкеліп, машинаға тиеу сияқты көзге жас үйіретін қасіретті көріністер Ғабекеңнің әлі күнге дейін есінен кетпейді. Кейіннен ол желтоқсан оқиғасының мазмұнына тереңдеп «Қыршыннан қиылған ғұмырлар», «Қалтарыста қалған қаһармандар», «Дара тұрар даталар» және басқа да тақырыптардағы циклды мақалалар топтамасын оқырманға ұсынды. Ол журналистика саласындағы осы және басқа да жемісті еңбегі үшін бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі марапаттауларға, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығына, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығына ие болды.
Ғабит қазақ журналистикасында қаламы төселген қарымды қаламгер боп қалыптасып қана қоймай, отандық масс-медианың білгір менеджері ретінде де өзін таныта білді. Біраз жыл «Нұр Астана» газетінің бас редакторы, «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры сияқты жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Елімізде мемлекеттік тілдегі электронды ақпарат құралдарының дамуына қажыр-қайрат танытып, бірқатар веб-порталдардың іске қосылуына ұйытқы болды.
Осыдан тура жарты ғасыр бұрын 6 маусымда орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинмен бір күнде дүниеге келген Ғабит Мүсіреп өзі үшін «алты» санының орны бөлек екенін айтады. Яғни, 1966 жылы 6 айдың 6-сы күні өмірге келген. Журналистика факультетіне 6-шы мәрте дегенде оқуға түскен. ҚызПИ-дің жатақханасындағы №6 бөлмеде тұрған Перизат деген аруды өмірлік серігіне айналдырды. Елордаға қоныс аударғанда 26 үй, 76 пәтерге орналасты. Міне, осылайша жалғаса береді... Әсілі, дін мұсылман баласы 6 санын ардақ тұтып, алты иман немесе Алланың барлығына кәміл сеніп иман келтірудің алты жолы ретінде бағалайды. Ердің жасы – елудің биігіне көтерілген Ғабит енді өзі жақсы көріп, ырымдап жүретін осы алтылықтың ауылына қарай, яғни алыстан мұнарлана көрінетін абыройлы алпыстың саралы соқпағына аяқ басты. Әріптесімізге алтылығына қарай жортқан жолы жарқын, Алашқа бергенінен берері көп болсын деген тілегімізді білдіреміз.
Қуат БОРАШ,
журналист