Ақтөбеге келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге алдымен лаңкестер қолынан қаза тапқан ақтөбелік азаматтардың отбасыларына барды.
2016 жылғы 5 маусымда қаза тапқан Николай Онищенко мен Михаил Матросовтың үйінде болды. М.Құл-Мұхаммед пен Б.Сапарбаев қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына Елбасының атынан көңіл айтып, барша Қазақстан халқының қайғыларына ортақ екендігін жеткізді, Ақтөбе қаласында болған жантүршігерлік лаңкестік оқиғаға қатысы бар қылмыскерлер заңмен қатал жазаланатынын, қаза тапқандардың отбасыларына қолдау мен көмек көрсетілетінін айтты. «Президент ешкімді мемлекет назарынан тыс қалдырмауды атап тапсырды», – деді Мұхтар Абрарұлы.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед партия облыстық филиалының активімен жиын өткізді. Жиынды өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қысқаша сөз сөйлеп ашып, кешегі қарақшылық оқиғаның жайына тоқталды. Ол облыста қоғамдық-саяси жағдай тұрақты екенін, барлық кәсіпорындар, шаруашылықтар, кәсіпкерлер жұмыстарын жалғастырып жатқанын, коммуналдық, көлік және әлеуметтік қызметтер халыққа қызмет көрсетуде екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, құқық қорғау, арнаулы және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс жасап жатыр. Осы лаңкестік оқиғасына қатысы бар адамдардың кім екені белгілі. Негізгілері ұсталды. Ұсталмаған 4-5 адаммен арнаулы мекеме қызметкерлері айналысуда. Ауруханаларда жарақаттанған 18 адам жатыр, кеше олармен тілдестім. Барлық көмектер жасалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астанадан арнайы маман дәрігерлер келіп, жұмыс істеді. Қазір өзіміздің дәрігерлер жұмыс жасауда, дәрі-дәрмекпен толығымен қамтамасыз етілген. Барлық жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – деді өңір басшысы.
Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Рамазан айында, үлкен мүбәрак мерекенің алдында әңгіменің қасіретті жағдайдан басталып отырғанына өкінішін білдірді. Ақтөбенің қай заманда болмасын берекенің, бірліктің, тыныштықтың, бір-біріне деген сыйластық пен түсіністіктің мекені болғанын атап өтті. Оның үстіне, Елбасының қолдауымен Ақтөбе Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда өнеркәсібінің, индустриясының, тіпті, қала дамуында да айтарлықтай дәрежеге жеткенін алға тарта сөйледі.
– Біздің қасиетті, асыл дініміздің атын жамылып, осындай әрекеттерге барғандар бүкіл Қазақстанды дүрліктірді. Әрбір қазақстандық сіздермен бірге, сіздердің қиындықтарыңызды бірге бөліседі. Сол себепті, Елбасымыз да баламасы жоқ осы өңірге мені оқиғаның ізін суытпай әдейі жіберді. «Халыққа ең алдымен менің көңіл айтуымды жеткіз. Екіншіден, Ақтөбе әрқашан менің ерекше назарымда болған және болып қала береді де. Ақтөбе облысына республикадан болып жатқан көмек, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жобалар, өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы ешқашан тоқтамайды. Әрі қарай өзінің жалғасын табады» деп тапсырды, – деді М.Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ, ол өңірде мектеп құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқанын, индустриялық даму бағыты бойынша да Ақтөбе облысы жетекші орында екенін алға тартты.
Түстен кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед өңір имамдарымен кездесті. «Нұр ғасыр» мешітіндегі өңірдің діни жетекшілерімен кездесу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Ақтөбенің сүттей ұйыған өңір екенін тағы бір еске сала келіп, жазықсыз жандардың құрбан болуына әкеліп соққан терроршылардың әрекетін қатаң айыптады. Лаңкестік әрекетке барған қаскөйлердің кылығының ешқандай дінмен сыйыспайтынын, қай дінде де кісі өлтіру қатаң айыпталатынын жеткізді. Содырлардың мақсаты сүттей ұйыған өмірімізге іріткі салу, дінімізге, салт-дәстүрімізге көлеңке түсіру екенін атап өтті. Береке-бірлік болмаған жерде не болатынын Ирактағы, Сириядағы қасіретті оқиғалар көрсетіп отырғанын мысалға келтірді.
Имам деген халықтың алдында тұратын адам, дей келіп, жат ағымдағы дінге көңілі ауғандардың бетін бері бұру үшін діни үгіт-насихат жұмыстарын жандандырып, көпшілік жиналған жерде имамдардың уағыз айтуы қажеттігін, елді бейбітшілік пен бірлікке шақыруда имамдардың рөлі зор екенін көлденең тартты. Қазақтың дінін де, тілін де, салт-дәстүрін де берік сақтаған халық екенін тілге тиек ете келіп, лаңкестердің осындай қайғылы қадамға баруына біздің де кінәміз болуы мүмкін деген ой қозғады. «Азаматтары қаза болған отбасыларына барып көңіл айтқанда, аңыраған ананы, жылаған жарды, көз жасын тыя алмаған баланы көріп, жердің үстімен барып, астыман қайтқандай күй кештік. Кісі өлтірген адамдарды ештеңемен ақтауға болмайды. Кез келген пендеге ғұмыр сыйлайтын да, уақыты келгенде оны алатын да бір Алланың өзі. Ендеше, кісі өлтірген жауызды Құдайға қарсы шыққан қылмыскер деуіміз керек. Оларды мұсылман, тіпті адам деп айтуға да болмайды», – деді М.Құл-Мұхаммед.
Жиында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұның ислам дінімен үш қайнасы сорпасы қосылмайтын әрекет екенін айта келіп, лаңкестіктің ислам дініне жат құбылыс екенін жеткізді. Хромтау ауданының бас имамы Әли Алмат үш мешітке 400-ге жуық жамағат келетінін, жұма намазына кемінде 60 адам тұратынын жеткізді. Жыл басынан бері 25 кездесу өткізіліп, оларға 1800 адам қатысқанын, жат ағымға бой алдырған бірнеше адамды хақ жолына түсірудің сәті түскенін айтып өтті.
Осы сәтте Мұхтар Абрарұлы біздің әрқайсымыз осылай бұрыс жолға түскендерді шынайы исламға бет бұрғызсақ, сонда ғана мұндай қанды оқиға болмас еді, деді. Айта кетейік, аталған шараға облыстың барлық аудандарынан келген 50-ден астам имам қатысты.
Содан кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуге жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, оқытушылары, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері келді. Кездесуде сөз алған Мұхтар Абрарұлы Ақтөбе өңірінің береке-бірлігі мықты, татулығы тамаша жер екенін айта келіп, осындай тосын оқиғаның орын алғанына өкінішін білдірді.
– Дәл осы залда қуанышты жағдайларда сөз сөйлеген кездерім болды. Бүгін қасіретті тақырыпта сөз бастау өте қиын болып тұр. Ақтөбе – қаншама ұлт өкілдерінен құралса да береке-бірлігі жарасқан өңір. Бұл топырақтан қазақ өнеріне, мәдениетіне олжа салған талай тарландар шықты. Мұнда солардың мұрасын жалғастырушы, ісін алға апарушы ғалымдар, өнер, мәдениет қызметкерлері, бір сөзбен айтқанда, пікір қалыптастыратын қауым отыр. Күні кеше ғана қандықол қарақшылар қолынан қаншама ақтөбелік Отан қорғаушы жастардың қаны төгілді. Мынандай бейбіт заманда кісі өлтіру өте ауыр әрі кешірілмес қылмыс. Қылмыскерлер басқа жақтан келген жоқ, өз ортамыздан шықты. Ендеше, олардың теріс жолға түсуіне тәрбие бере алмаған біз де кінәліміз. Сондықтан, біз алдағы уақытта осындай қанды оқиғалар болмауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек. Тәрбиеге көнбейтін, ізгілікке иланбайтын адам жоқ. Ең мықты қару – сөз. Біздің соларға бір ауыз сөзіміз, иландыруымыз жетпей жатты. Бәтуалы сөзімізді тыңдата алсақ, талай жасты сақтап қалар ма едік. Бұл арада ұстаздар мен ғалымдардың рөлі зор. Сондықтан, сіздер бәтуалы сөздеріңізбен жастарды теріс жолдан түзу жолға салуға ықпал етулеріңіз керек, – дей келіп, Мұхтар Абрарұлы жер мәселесіне байланысты толқудың Ақтөбеде басталғанын, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың дер кезінде халыққа шығып, түсінік жұмыстарын жүргізу арқылы абыржулықтың алдын алғанын атап өтті.
Ол, сондай-ақ, Қазақстанның дінаралық, ұлтаралық келісім орнаған алтын бесік екенін айтты. Елдегі татулық пен тұрақтылықтың Елбасы саясатынан арна тартатынын, кейбіреулер айтып жүргендей, өңірде қытайлықтардың көп еместігіне, мұнай өндірудегі өңірдің үлесінен нақты мысалдар келтірді. «Сол діннің атын жамылып жүргендердің өзі араб тілін білмейді, Құранды тарқатып оқи алмайды, діни терминдерді түсінбейді. Сөйтіп, дәстүрлі дінімізге көлеңке түсіреді. Болашақта мұндай қайғылы оқиғаның орын алмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиістіміз», – деді М.Құл-Мұхаммед.
Зиялы қауыммен кездесуде сөз алған Константин Цхай лаңкестердің іс-әрекеті ешбір дінге, адамгершілік қағидаттарына сыймайтынын айта келіп, олардың заңмен лайықты жазалануы керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, содырлардың қайғылы оқиғасынан сабақ алу керектігін, тәрбие жұмыстарында әлі ойланатын мәселелер бар екенін атап көрсетті.
Ауған соғысының ардагері, «Ер Бақыт» патриоттық спорт клубының жетекшісі Марат Қойлыбаев, ҚХА мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, экономикалық колледж директоры Сергей Вишняк, жер туралы заңнаманы түсіндіру жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның мүшесі, «Азат орда» қозғалысының белсендісі Көшкенбай Ахметов лаңкестердің әрекетін айыптады, мұндай қайғылы оқиғадан сабақ алу керектігіне, болашақта мұндай қайғылы оқиғаға жол бермеу қажеттігіне баса назар аударды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы
* Қатысушылар лебізі
Сергей Вишняк,
«Динарэлектромаш» ЖШС
іс басқарушысы, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Бұл – адамдыққа жат әрекет. Мұның өзі біздің арамызда еліміздің егемендігіне, тәуелсіздімізге қауіпті адамдардың бар екенін көрсетті. Қарулы қарақшылық қаншама адамның өмірін үзді. Жат ағымдарға бой алдырғандардың зұлымдық әрекеті естіген адамның тұла бойын түршіктірді. Қаскөйлерді адам деп айтуға аузың бармайды.
Еліміздегі дінаралық, ұлтаралық келісімге сызат түсіргісі келгендердің бұл әрекеті нағыз айуандық. Ешқандай мақсаты жоқ, біреулердің айтақтағанына ауа жайылып, адамдарға қару кезенген лаңкестерге аяушылық болмауы керек. Әрине, тәрбие жұмысында да ойланатын жайттар бар. Жат ағымға бой алдырудың арты не болатынын тағы да көріп отырмыз.
Біздің арамыздағы ұлтаралық татулық пен өзара бірлікке сына қағушылармен ымырасыз күрес жүргізу керек. Бұл бағытта құқық қорғау органдарына үлкен үміт артылады. Десек те, қарақшылыққа, қаскөйлікке барша жұрт болып қарсы тұрғанда ғана оларды жеңе аламыз.
Намаз ІЗІМБЕРГЕНОВ,
медицина ғылымдарының докторы:
– Кешегі қанды оқиға барша қазақстандықтарды мазасыздандырғаны шындық. Тыныш отырған ел едік қой. Ойламаған жерден ауыр қаза болды. Оларда ұлт та, дін де жоқ. Қазақ менталитетін, көзқарасын, мәдениетін ұстанған адам мұндай қадамға бармайды.
Бұл – ислам дініне жат құбылыс дер едім. Олар діннің атын жамылып қасақана қаскөйлік ойын жүзеге асырмақ болды. Әрине, мұндай оқиғаның алдын алғанға не жетсін. Болған екен, оған қарсы тұра білу керек. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері де, әскери қызметшілер де лаңкестерге лайықты қарсы тұра білді.
Біздің еліміздің қуаттылығын, қоқан-лоқыға берілмейтінін көрсетті. Мұндай оқиғаны болдырмау үшін еліміздегі өзара татулықтың тінін бекіте беруіміз керек. Бұл бағытта қазақ пен бірге өзге ұлттардың өкілдерінің де жауапкершілігі арта түспек.
Светлана АЙТБАЕВА,
облыстық мәслихаттың депутаты:
– Қасиетті Рамазан айының басталар сәтінде бұған дейін тек жақсылығымен, бірлігімен, қарыштап дамуымен аты шыққан Ақтөбеде келеңсіз оқиғаның орын алуы бәрімізді қатты қиналтты, қандықол қарақшылардың қолынан мерт болған жазықсыз жандардың қапыл қазасы бәріміздің жүрегімізге өшпес жара салды.
Ең өкініштісі, өзімізбен бірге бір топырақты басып, бір құдықтың суын ішіп жүрген жандардың өзімізге қарсы оқ атуы. Қазақ «іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаған. Айрандай ұйып отырған елдің арасына іріткі болып, жат ағымдағы дінді насихаттап, өз жұртын өзіне жау көріп жүрген, мемлекеттігімізге, тәуелсіздігімізге қауіп төндіріп, кесірін тигізіп отырған мұндай қаскөйлердің бұл әрекеттеріне заң алдында да, Алла алдында да араша жоқ.
Тарихты, салт-дәстүрді, ұлттық болмысымызды мансұқ ететін, «қой терісін жамылған» теріс бағыттағы діндарлардан халық әбден зәрезап болып отыр, шын мәнінде, шаршады. Халықтың наласына қалғандардың оңғанын көрген жоқпыз, бұларды да сондай нәубеттің күтіп тұрғаны айдан анық. Тыныш күнде тек жатқан елдің мазасын алған қарақшылардың мемлекетіміздің заңына сәйкес қатаң жазаланатынына сенеміз.
Азат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Ақтөбе қаласындағы «Досжан хазірет» мешітінің бас имамы:
– Өңірімізде орын алған лаңкестік оқиғалар – адами қасиетке де, дінге де жат қылмыс. Олар діннің атын жамылып жүрген, теріс ағымға бой алдырған адамдар. Сондықтан да, осындай қатыгездік қадамға баруының өзі олардың кім екенін көрсетіп, бет пердесін ашып берді.
Дінді түсінбейтін, Құранды жетік білмейтін мұндай адамдардың бұзық ойларына біз қарсы тұруымыз керек. Ислам дінінің асыл мұраттарын уағыздауымыз керек. Мұсылман үшін қасиетті Рамазан айында қаскөйлік қадамға барғандарды адам деуге аузың бармайды. Құранда адам өлтіру кешірілмес күнә саналады. Олай болса, жазықсыз жандардың өмірін қиған содырлар нағыз күнәһарлар екеніне шүбә жоқ. Аңырап ата-ана, көз жасын тыя алмай бала қалды. Алда мұндай оқиғаның алдын алу үшін мешіттердегі насихат жұмыстарын жандандырып, уағыз айтуда біліктілік пен имандылық танытуымыз керек.
Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА,
облыстық мәслихаттың хатшысы:
– Барлығымыз болған жағдайды ауыр қасірет ретінде қабылдадық. Бұл – адамшылдыққа жат қатыгездікпен жасалған әрекеттер. Осы жайт қылмыскерлердің өз мақсаттарына жету үшін қандай қадамдарға да баруға дайын екендіктерін көрсетіп отыр.
Құқық қорғау органдары мен арнайы мақсаттағы күштердің әрекеттері ешкімге үрей тудыруға, бей-берекетсіздік пен жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермейтіндігімізді байқатты. Туған жерін, қаласы мен елін, туғандары мен жақындарын құрметтеп сүйетіндер, Отанының тағдырына шынайы жаны ашитындар қылмыскерлердің әрекетін бірауыздан тыныштығымызға төнген қауіп деп қабылдады.
Тұрақтылық пен бейбітшіліктің бағасы оны жоғалту қаупі туғанда анық сезіледі. Біздің әрқайсымыз мұны айқын түсініп, біліп отырмыз.
Бүгінгі күні өңіріміздің қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты және облыс басшылығы мен құқық қорғау органдарының жіті бақылауында. Ал Ақтөбедегі террорлық акт салдарынан зардап шеккендерге, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасудамыз.
Халел ҚұсаЙЫнов,
экономика ғылымдарының докторы, профессор:
– 2016 жылдың 5 маусымы күні Ақтөбе қаласында болған діни-экстремистік сипаттағы оқиға әрбір ел азаматын алаңдататындығы анық. Бұл – бейбіт халқы бар, достық пен ынтымақтастықты үлгі еткен ел үшін ойланатын нәрсе.
Мемлекет басшысы ұсынған саясатының өміршеңдігі бірлік пен ынтымақтастықтың, татулық пен достықтың рухында. Кешегі оқиғаны туғызушы жастардың теріс ағымның шырмауына ілігіп, ел болашағының тек қана адамгершілікпен, достықпен, үлкенді сыйлаумен келетіндігін зерделей алмауы өкінішті.
Қазіргі әлем жағдайын көріп отырғанымыздай, елдің тәуелсіздігі тек қана достықпен, татулықпен, бірлікпен сақталады. Ел болудың басты шарты өзіңді, үлкенді, Отанды сыйлау. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіне білетін адамға еліміздің қол жеткізген жетістіктері аз емес. Дін мен дәстүрді қатар бағалап, таза ұстау, тарихты білу, білімді болу, заман талабына сай еңбектену – бүгінгі жастар алдында тұрған басты міндет. Әрбір ата-ана болып, ел болып осы мәселені қолға алса деймін.
Экстремизммен күресу мәселесі – адамзат, халық болып шешілетін нәрсе. Еліміздің, жұртымыздың тыныш та бейбіт өмір сүретіндігіне халық сенеді.