• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2016

Терроризм – теріс жол

335 рет
көрсетілді

Біздің қоғамымыз қазіргі жаһандану заманында өркениетті және дамыған елдер қатарына қосылуға, алдыңғы қатарлы қауымдастықтардың ортасынан лайықты орын алуға талпынуда. Бірақ Ақтөбедегі келеңсіз оқиға Қазақстан аумағында әлі де біршама күрделі де қайшылықты мәселелер бар екенін байқатты. Соңғы уақытта әлемде жиі көрініс беріп кеткен террорлық актілердің тізбегі, сонау Париж бен Брюссельден біздің жерімізге де жетті. Өкінішке қарай, осы террорлық әрекеттерді ислам дінін жамылған, өзіндік әлеуметтік әділеттілікті іздеуге тырысқан азаматтардың кейбір топтарының жасайтындығы. Әрине, олардың осындай жаңылысу қадамдарынан мұсылман дінінің мәні түбегейлі бұрмаланғанын көреміз. Лаңкестердің кескін-келбеті, аты-жөндері бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, интернетте жарияланып та үлгерді. Олардың басым көпшілігі өзіміздің қазақтар. Кеше ғана ұлттың ішінен тәрбиеленіп шыққан жігіттер. Бақытсыздықтың ең үлкені – қолға қару алу арқылы әділеттілік іздеу. Өзінің көзқарасын, тілек-талабын өзара сұхбат арқылы шешу өркениеттіліктің, мәдениеттіліктің белгісі екенін түсінетін кез келді. Құрбан болған азаматтар да негізінен қазақтар. Бұл не деген сөз. Белгілі бір теріс күштердің ұлттық ішкі бірлігімізді шетінетуге, адам­дар­дың бір-біріне қаты­насын барынша сал­қындатуға бағыт­тал­ған қадам­дар. Қолға қару алып, көпшіліктің де, жеке адамның да мүддесін қорғау мүмкін емес. Ол тарихта өт­кен қоғамдардың енші­сіндегі қисынсыз дү­ние­лер, енді көп мәселені ашық түрде, қоғам­дық келісім арқы­лы шешетін қоғамға айналуымыз керек. Бұл талапты «ашық қоғам» теориясын алға тартқан батыстық қоғамтанушы мамандар үнемі ескертіп отырады. Осындай қадамдардың шын мәнінде өмір қажеттілігі екенін зерделеп те үлгердік, яғни «демократия» деген құндылық адамның саяси болмысын айғақтаудағы басты бағдар екенін көзі ашық ағайын байқап отыр. Тәуелсіздікті күн өткен сайын бекітуге, нығайтуға арналған жиырма бес жыл да өтіп келеді. Бұл дегеніңіз, ширек ғасыр және тарих үшін көп те емес, аз да емес. Өткен тарихи кезең еліміз үшін түп-түзу сызықтай болды деуге болмайды. Оның қомақты жетістіктері де, өзіндік әттеген-айлары да болғанын жасырмау керек. Ең бастысы – қоғамымыз бұрынғы қыспақтарда тоқырап тұрып қалған жоқ, кейін қарай құлдыраған жоқ, ыдырап кетуге жол берілген жоқ, негізінен жіберілген қателіктерді жеңе отырып алға жылжуға ұмтылумен болды. Көптеген заңдар өзгерістерге ұшырады, нарықтық қатынастардың негізгі тетіктері жұмыс істей бастады, демократия­ланды­рудың практикалық сабақ­тарын ала бастадық. Енді жылдар бойы әртүрлі салаларда жи­нақ­таған құнды дүние­лерімізді шашпай-төк­пей өркендетуімізге бет бұ­ратын уақыт жет­ті, яғни әрбір азама­ты­мыз­дың мағы­налы өмірінің ұйымдас­­тырылуына, оның тұл­ға ретіндегі өзіндік ерек­ше­ліктерінің паш етілуіне назар аудару міндеті алға шыға бастайды. Қоғамның негізгі байлығы – адам, оның мүдделері, оның өмірі мен еркіндігі. Осы сан қырлы адам болмысының бір сипаты саяси саладағы сауаттылық. Сондықтан, қазіргі кезеңде адамның саяси дүниетанымының шынайы сипатта өрбуі өте маңызды мәселе, өйткені, ол өзінің тұлғалық еркіндігінің бір қырын сайлауға дауыс беру арқылы қатысуымен немесе сайлануымен білдіре алады. Еліміздің ертеңін ойлауы­мыз оның жастарының қан­дай құндылықтарды қадір тұта­тынымен, асқақтататынымен астасып жатады, бұл мәселеге үстірт қараушылық қоғамда қадау-қадау мәселелерді туындататынын, кейбір ауытқушылықты өрбітетінін өмір көрсетіп отыр. Діни сипаттағы лаңкестік, әлеуметтік мәселелерді шешуде криминалдық жолды таңдау жастардың бойына сіңе беретін болса, онда олардың ішіндегі рухани дағдарыс ұлғая түседі. Оған жеткізбеудің жолы қоғамдағы рухани тәрбиені дұрыс жолға қоя білу, жастардың рухани әлемінің назардан тыс қалмауы. Осы мәселенің төңірегінде Қазақстанның барлық өңірлері барынша белсенділік танытса құба-құп деген ойдамыз. Біз қазір халқымыздың зият­кер­лік ұлтқа, алдыңғы қатарлы қауым­дастыққа айналғанын қалаймыз. Ол дегеніңіз, шын мәнін­де тек өз басының қамын ойла­ған тұтынушы қоғамның ұста­ным­дарымен ғұмыр кешетін жас ұрпақты тәрбиелеу емес. Кері­сінше, ақиқатқа құмар, еркін­дікті сүйетін, жан-дүниесінде руха­­нилықтың жылуы бар, қоғам­дағы барлық мәселелерді өз бойы­нан өткізетін, басқаларға көмек беру­ге дайын тұратын білімді жастар­ды тәрбиелеу, жаңа әлеуметтік орга­низмді қалыптастыру. Сондықтан, қоғамымызда болып жатқан кез келген саяси, мәдени оқиғалардан әрбір азамат шеттеп қалуға болмайды. Ол – біздің ортақ тағдырымыз, еліміздің бүгіні мен болашағы. Ғаламтормен қаруланған жас ұрпаққа шынайы өзара араласу, өзара біріге өмір сүру тәжірибесі жетпейтіндей әсер қалдырады. Жалпы, қазақ халқы да, түркілер ділі де этикалық құндылықтарды жоғары дәріптеген, осы игі дәстүріміз жаңа заманның мате­риалистік, прагматистік бағдары­мен қайшылыққа түсіп жатқаны да белгілі. Осыған орай қазіргі заманның қайшылықтарының түпкі астары болашағымыз қай бағытта өрбуі тиімді деген сауал­дың жауабын табумен астасып жатады. Шығармашылығын, өз дарынын шектеген адам өзін әлеу­меттік механизмнің қосалқы тетігіне айналдырады. Сон­дықтан, мемлекеттік органдар тарапынан жастардың барлық жерде маргиналданып кетпеуін бақылап отырған жөн. Өйткені, ондай жағдай әртүрлі діни ұйымдарға мүше болуға барып тіреуі де мүмкін. Міне, осыған орай қабілетті, белсенді, абзал адамды қадірлеу дәстүрін қалыптастыруға, дамытуға барлық аймақтарда талпынсақ, онда елімізге демократияланудың жаңа бір лебінің қоғам болмысына келіп жеткеніне куә боламыз, келеңсіз әрекеттерге жол бермейміз. Cерік НҰРМҰРАТОВ, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар