Адамзатқа тәңірден берілген табиғат қоры қадіріне жетіп, қызғыштай қорығанда ғана баянды бақ болмақ. Қай кезеңде немесе қай тұрмыста болмасын үнемдеу, ысырап етпеу береке бастауы саналады. Бұл ретте ел байлығын еселейміз десек, бірінші кезекте мемлекетіміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланып, баламалы энергия көздеріне мән беруіміз қажет. Сондықтан да, Елбасының басты назарындағы ел экономикасын дамыту жолындағы игі шаралардың бір бағыты «жасыл» экономиканы жолға қою болып табылады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілген болатын. Осы леппен артынша осынау тұжырымдаманы жүзеге асыру кезеңдері айқын болды. Бүгінгі таңда оның алғашқы кезеңінде (2013-2020 жж) сатылап қадам басып келеміз. Бұл бастама Елбасының дүйім жұртқа жол тартқан кезекті «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында көрініс тапқан болатын. Елдің «жасыл» даму жолына көшуіне негізделген экономиканың орнықты әрі тиімді моделін құрудың нақты бағдарын белгілеп берген стратегияда «жасыл экономика» халықтың өмір сүру деңгейі жоғары болатын, қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесінде және елдің қабылдаған халықаралық экологиялық міндеттемелеріне, ХХІ ғасырға арналған күн тәртібіне сәйкес табиғи ресурстар ұқыпты әрі ұтымды пайдаланылатын экономика ретінде айқындалады. Жалпы алғанда, жасыл экономикаға ауысу аясында қорлардың тиімділігін арттыру, қазақстандық инфрақұрылымды жетілдіру, халықтың әл-ауқатын жақсарту болжанады. Аталған тұжырымдамада айтылғандай, есептеулер бойынша, 2050 жылға қарай «жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар ІЖӨ-ні 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, «жасыл экономикаға» көшу үшін қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын ІЖӨ-нің шамамен 1%-ын құрайды, бұл жылына 3-4 миллиард АҚШ долларына тең.
Шетел тәжірибесі не дейді?
Жалпы алғанда, осы бетбұрыс біздің елге қай жағынан және қалай пайда әкелетінін білу үшін, әрине, шетел тәжірибесіне үңіле көз жіберу маңызды. Бұл мәселеде түптеп келгенде ұтылудан ұтудың көп екендігін алғаш болып Оңтүстік Корея дәлелдеді десек, артық айтқандық болмас. Бұл елде 2011 жылдан бері экономиканың «жасыл» секторын дамытуға 60 миллиард АҚШ долларын бағыттау жоспарланған болатын, осы ретте 1,8 млн. жұмыс орны ашылды. Оңтүстік Корея бүгіннің өзінде жыл сайын «жасыл» секторға ІЖӨ-нің 2%-ын инвестициялайды. Ұлттық стратегия шеңберінде жасыл өсім тұжырымдамасын алға қойып отырған елде негізінен үш элементке басты назар аударылады. Олар: өнеркәсіп, инвестиция және энергетика, сонымен қатар, тұщы судың баламалы көздеріне, қалдықтарды өңдейтін технологиялар мен парктердің дамуына мән береді. Ал АҚШ-та «жасыл» экономиканы дамытудың басты бағыты ретінде баламалы энергетиканы дамыту жолға қойылған.
Кез келген әлемнің неғұрлым дамыған елдері «жасыл» экономика қағидаттарын ұстанады. Атап айтсақ, Моңғолия, Қытай сияқты елдер де басшылары жария еткен өршіл «жасыл экономика» жоспарларын жүзеге асыруда. Мысалы, Бразилияда топырақты күтіп ұстаудың, ауылшаруашылық өнімдерін жинаудың және жеткізу тізбегін басқарудың жетілдірілген жүйесі есебінен ауылшаруашылық жерлерін қалпына келтіру жүргізілді. Немістің Дортмунд қаласы көмір индустриясы орталығынан «Үшінші индустриялық төңкеріс» инфрақұрылымы бар жаңа «жасыл» сектор орталығына айналды.
Атқарылған ауқымды істер
Жоғарыда айтып өткеніміздей, дамудың «жасыл» жолына көшу барысында алға қойылған негізгі бағыттардың орындалу деңгейін білу үшін, Энергетика министрлігі, «Жасыл экономика» департаментінің басшысы Бекберген Дүйсенбайұлына сауалдар жолдағанымызда, ол кісі еліміздің «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, таяудағы 20 жыл ішінде елімізде инфрақұрылымды жаңарту және дамыту жүргізілуі тиіс екендігін қадап айтты. Осы бойынша, аталған активтердің жалпы көлемінен ғимараттардың 55%-ы мен электр стансаларының 40%-ы 2030 жылға қарай жаңадан салынады, деді. Сонымен қатар, автокөлік паркінің 80%-дан астамы 2030 жылға қарай жаңа болатынын атап айтты. Ел үшін ресурстарды тиімді пайдаланатын жаңа инфрақұрылым құрудың бірегей мүмкіндігі туындап отыр. Атап айтатын болсақ, 2015 жылдан бастап БҰҰ ДБ-мен бірлескен «Төмен көміртекті дамыту үшін орнықты қалалар» жобасы іске асырылып келеді. Және де өткен жылы Инвестициялар және даму министрлігі БҰҰ ДБ-мен бірлесіп, энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру және Қазақстан қалаларын көшелік жарықтандырудың техникалық жай-күйіне бағалау жүргізу мақсатында «Энергетикалық тиімді жарықтандыру» бағдарламасы шеңберінде Павлодар облысында 298 шамасында энергия үнемдейтін шамдар орнату бойынша екі қанатқақты жоба іске асырылғанын жеткізді.
Осылайша, көшелерді жарықтандыруды энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыру еліміздің барлық қалаларында жүргізіліп жатыр. «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдар бюджеттік энергоаудитін өткізуде. Бағдарламаның мақсаты энергия тұтынуды төмендету және отын-энергетикалық ресурстарды тиімсіз пайдалануды қысқарту арқылы елдің ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын төмендету және энергия тиімділігін арттыру үшін жағдай жасау болып табылады, дейді «Жасыл экономика» департаментінің басшысы Б.Дүйсенбайұлы.
Жекелеген жобаларға келетін болсақ, инвесторларды ынталандыру арқылы соңғы екі жылда Қазақстанда жаңартылған энергия көздерін пайдалану нарығына ЖЭК-тің 25 нысаны іске қосылған. «Жасыл» экономикаға көшу жолында Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Жасыл» экономикаға көшу жөнінде кеңес құрылғанын айта кеткен абзал. Сондай-ақ, еліміздің су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, ол лайықты деңгейде жүзеге асырылуда. Және де отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасы бекітілді.
Ағымдағы жылы 28 сәуірде Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойылды. Осы және басқа да іске асырылып жатқан шаралар елдің табиғи ресурстарын ұқыпты әрі ұтымды пайдалануға негіз болатыны хақ.
«Жасыл» экономиканы жолға қою мақсатындағы негізгі бағыттарға тоқталар болсақ, олар жаңғырмалы энергия көздерін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі, ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру, «таза» көлікті дамыту, ауаның ластануын азайту болып табылады. Осы бағыттар бойынша қазіргі таңда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2020 жылға дейін электр энергиясын өндірудегі газ электр стансаларының үлесін 20 пайызға дейін жеткізу жұмыстары бойынша алсақ, бүгінгі күннің өзінде бұл көрсеткіш 19,9 пайызды құрап отыр. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі мәселесінде энергия тұтыну тиімділігін 2020 жылға қарай 25 пайызға азайту жөніндегі міндет айқын. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес 2013 жылы энергия тиімділігі 18,6 пайызды құрады. Ал қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру жұмыстарында да алға басушылық байқалады. Мысалы, Энергетика министрлігінде 2020 жылы ҚТҚ шығаруды 90%-ға, қоқысты санитарлық сақтауды 50%-ға, қалдықтарды өңдеу үлесі 10%-ға жеткізу міндеті тұр. Өткен жылғы нәтиже бойынша халықты ҚТҚ шығарумен жабу – 59%, қоқысты санитарлық сақтау – 11%, өңделген қалдықтар үлесі 40%-ды құрады. Алдағы төрт жылда қалған пайыздық көрсеткіштердің орындалатыны даусыз.
Сарапшылардың айтуы бойынша, «жасыл» экономиканың осы заманғы экономикалық жүйелерді тұрақтандыруға, қорларды тиімді қолдану арқылы адамның және табиғаттың арақатынасын теңгеруге мүмкіндігі көп. Кедейшілік деңгейін төмендету, халықтың денсаулығы көрсеткішін арттыру, қоршаған ортаны жақсарту арқылы «жасыл» экономика адам капиталының сапасын көтеріп Қазақстанның XXI ғасырда экономикалық және әлеуметтік тиімділігін, табысын тұрақтандырады және әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»