• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2016

Үш күн ішіндегі үйлесім

241 рет
көрсетілді

Футболдан Еуропаның кезекті чемпионаты өтіп жатыр Өткен жұма, 10 маусым күні Париж түбіндегі Сен-Дени қаласының «Стад де Франс» стадионында Франция мен Румыния құрамалары арасындағы кездесумен өзінің шымылдығын түрген құрлықтың кезекті чемпионаты енді ғана еңселі жолға түсіп келеді. Содан бергі үш күннің ішінде үш топтағы командалар 7 ойын өткізіп үлгерді. Осы үш күн ішінде көзге түскен бір көрініс: әзірге бірде-бір сенсация орын алған жоқ, матчтар алдында кімдер фаворит саналса, солар басым түсіп жатты. Сонымен бірге, 6 ұтыспен өрнектелген ұшырасуларда бірде-бір ірі есеп тіркелмеді. Мұның бәрі жасақтардың әдепкіден арандап қалмау үшін барынша сақ ойнап жатқандарын байқатады. Енді осы 7 ойынның ішін­де футбол мамандары мен жан­күйерлерді мейлінше көбірек көңіл аударғызған екі матчқа тоқталып өтейік. Франция – Румыния 2:1. Ойын алдында алаң иелерінің фа­ворит екені айтылса да, француз­дар бұл авансты әрең-әрең ақтап шықты. Негізі, бұл шарпыласу тең аяқталғанда, алаң үстінде айқастың әділ бағасы берілгендей болар еді. Осының өзі-ақ құрлықтың бұл жолғы чемпионатында жеңіске жету кім-кім үшін де оңайға түспесін аңдатып берді. Тағы бір есептен, румындар да аса бір мықты ойын көрсете қойған жоқ. Олар тек әрбір таймның басталар кезінде ғана біршама белсенділікке басты. Бұдан кейінгі уақыттарда тас түйін қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Дегенмен, басында ұйқылы-ояу жүрген француздар командасын серпілтіп жіберген тап осы қонақтар болды. Олардың алғашқы тұтқиылдан жасаған өткір шабуылдары алаң иелерін еріксіз қозғауға түсірді. Сөйтіп, француздар бара-бара үздіксіз жорықтарға шығып тұруға көшті. Осы тұста оларда бұрынғы жұлдыздардың жоқ екені анық білінді. Лидер рөліне лайықты саналған Поль Погба мен Антуан Гризманн сол сенім қысымын көтере алмады. Бірақ жамағат жасқаншақтап тұра қалмады, олардың бұлайша абдыраушылығы алдыңғы лекке Димитри Пайені алып шықты. Команданың барлық креативі мен лап еткен дүлей күштерін өзінің бойына тартқан шабуылшы ұзамай бүкіл стадионның арқасүйер ардағына айналып кетті. Мұндай маңызды матчтың қай-қайсысында да старттық құрам­ның қандай болмағына қатты мән беріледі. Оның үстіне, оның ең басты үміткері саналып отырған Францияға бірден сол мәртебенің мәнзелінен көрінудің мәні жоғары. Ал румындар алдында мұндай биік белес тұрған жоқ. Сондығынан болар, олар матчтың басынан қарсыласынан ешбір тайсалмай, барынша еркін ойнады. Олар алаңға француздарға қатты қарсылық көрсетуді ғана көздеп шыққан сияқты. Ал чемпионатқа дайындық барысында Франция 4 жолдастық кездесу өткізіп, солардың әрбірінде 3 голдан салды, алайда, екі доптан өткізіп те алған еді. Аталмыш ойын кезінде алаң иелері сондықтан артқа қарап алаңдаушылығын да байқатпай тұра алмады. Осындай арбасу мен аңдысуы да болмай қалған матчтың бірінші таймы есеп ашылмастан аяқталды. Ал келесі таймның басында румындар тағы тізгінді алып кетті. Олар біршама уақыт қақпа айналасында шеңберлі шеп құрып, біраз қысым жасап көргеннен кейін француздар қайтадан ес жиды. Ойынның 57-минутында Пайе берген бірінші бұрыштама оншама сәтті шыға қоймады, бірақ Димитри қайтқан допты қайыра теуіп, қақпа алаңына жеткізді. Бұған ұмтылған қақпашы айдалаға кетті де, доп Оливье Жирудың басына дөп келді. Гол! Осыдан кейін француздар тайлы-таяғы қалмай атқа қонатындай көрінген. Бірақ олай болмады. Олардың сәл де болса серіппедей тартылып тұрған тізгінді сәл босатып алуы румындардың кезекті шапқыншылығына жол беріп қойды. Мұның ақыры 65-минутта Богдан Станкудың пенальти ұруымен аяқталды. Енді фавориттерге бәрін басынан бастауға тура келді. Таразы басы содан соңғы минуттарға дейін тең болып тұрды. Алаң иелерін абыройсыздықтан сақтап қалған жеңіс добын Пайе 89-минутта салды. Келесі, 11 маусым күні чемпионатта үш бірдей ойын ойналды. Олардың алғашқы екеуінде Швейцарияның Албанияны 1:0, Уэльстің Словакияны 2:1 етіп ұтқаны белгілі болды. Бұдан кейін түн жарымында алаңға Англия және Ресей құрамалары шықты. Англия – Ресей 1:1. Бұл ойында ағылшындардың бірінші нөмірмен ойнайтынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Тұманды Альбион жігіттері сол үмітке үзір байлап, матчтың басынан зіркілдеп алға ұмтылды. Олар қақпаға доп ұруды да тым кешеуілдете қоймады. Бір айтарлығы, қарсыластарының мұндай қуатты қарқынына ресей­ліктер оншалықты қыңбады. Бұған, сірә, кездесу басынан дарбазашы Игорь Акинфеевтің сенімді сейвтер жасауы әсер етсе керек. Ресей құрамасы ағылшындардың алғашқы аптықтары басылғасын, өздері де жорыққа жосыла шапты. Әйткенмен, бірінші ойындағы сияқты, мұнда да алаңдағы негізгі оқиғалар екінші таймда өтті. Негізінен кездесу барысында айтарлықтай басымдық танытқан Англия есепті тек 73-минутта ғана аша алды. Онда да гол стандартты жағдайдан соғылды. Төрешінің қақпа алаңы шебімен шектес жерде белгілеген айып добын Эрик Дайер қақпаның сол жақ бұрышына топ еткізді. Ағылшындар бұдан кейін есепті ұлғайтуға бірнеше мүмкіндік алды. Бірақ бәрі босқа кетті. Ал табанды ойын көрсеткен Ресей ақырғы сәттерде «ең соңғы қасиетті жорыққа» бір кісі­дей аттанды. Олар есепті теңес­тіргенше тыным таппады. Со­ның нәтижесінде 90+2-минутта Георгий Щенниковтің аяғынан жетіп, қақпа алдыннан өтіп бара жатқан допты команда капитаны Василий Березуцкий торға қарай бағыттап үлгерді. Фантастика! Есеп осылай теңесті. Маусымның 12-і күні Хор­ватия – Түркияны, Польша Сол­түстік Ирландияны 1:0, ал Германия Украинаны 2:0 етіп ұтты. Бұлардың соңғысында немістер екінші допты ең соңғы сәттерде ғана сала алды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар