• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2016

Ерке Есілдің Есләмі

536 рет
көрсетілді

Есләм Зікібаев киелі де қасиетті поэзия әлеміне кештеу келсе де, өзегін жарып шыққан өміршең өлеңдерімен әдеби қауым ортасын бірден елең еткізді. Түбіт балақ балапанның қыран боларын ұясынан жазбай танитын абыз ақсақалдарымыздың бірі Әбділда Тәжібаев «Ақ қайнар» жинағы жайлы: «Мен Есләмнің шабыт, көңіл, арман, үміт туралы жазылған жырларын нағыз ақындық өнері деп тамсандым» десе, замандасы Тұманбай Мол­дағалиев: «Есләм жырлары – елдікті, еркіндікті, парасатты марапаттайтын терең мазмұнды, текті жырлар», деген баға береді. Әлжаппар Әбішев, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Қадыр Мырзалиев, тағы басқалары оның шалқар шабытпен шынайы жазылған туындылары жайлы жылы лебіздер білдіреді. Түкпірдегі оймақтай ғана Өрнек ауы­лынан аялы Алматыға арман қуып келген Есләм әкесінен ағаштан түйін түйген шеберлік, зергерлік, жыршылық қасиеттерін емес, ақындық қарым-қабілетін бойына сіңіруді мақсат етіп, ҚазМУ-дың журналистика фа­культетіне оқуға түседі. Соңғы курста оқып жүргенде «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетіне жұмысқа орналасады. Кейін «Қазақстан әйелдері» журналында, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде жұмыс істеп, журналистика саласында жарқырай көрінеді. Орда бұзар жасында «Ақ қайыңдар» деген атпен алғашқы жыр жи­нағы жарияланады. Оның елге, жерге деген сағынышы мен сезімі «Ақ айдын», «Ақ сағым», «Құс ғұмыр», «Дүние жал­ған», «Арна» жинақтарында сыршылдықпен өріліп, әдемі үйлесім табады. Поэзия көгіндегі қысқа ғұмырында 20-ға жуық жыр жинағын артына өлмес мұра, қымбат қазына ретінде қал­дырады.Танымал шайырдың, белгілі публицистің 80 жылдық мерейтойына орай «Ерке Есіл­дің ақ толқын Есләмі» деген тақы­рыппен өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өзге­лерге ой саларлық тағылымды кешке айналды. Облыстық әкімдік қолдау көрсеткен мәдени шараға марқұмның жан жары Рауза тәтей мен ұл-қыздары құр қол келмепті.Әр жылдардағы әдеби мұраларын жинастырып, «Армандай ғұмыр», «Ақ қайыңдар», «Аққу арман» атты сүбелі жыр жинақтарын құрастырыпты. Мерейтой туған жері – Өрнектен басталып, Есіл ауданында қаламгердің өмір, шығармашылық жолынан сыр шертетін тақырыптық шараларға жалғасып, Петропавл қаласында түйінделді. С.Мұқанов атындағы облыс­тық сазды-драма театрына Алма­тыдан, Астанадан, жергілікті жер­ден жиналған зиялы қауым алдында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова ақынның есімін ерекше құрметпен атап, сүйіспеншілік сезімге, азаматтық пафосқа толы жырлары жайлы тебірене жеткізді. Алматыдағы С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кеше­нінің жетекшісі, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков уақыт тынысын тамыршыдай тап басқан ақынның жанайқайға, шерге толы туындыларына талдау жасай келіп, кешегі айтқан сөзінің салмағы бүгін ауырлап барады деген тұжырым түйді. Ақын Болат Шарахымбай, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Қазақстан Жазушылар одағының жергілікті филиалының төрағасы Жарасбай Сүлейменов, досы Семетай Жу­санбаев шығармашылық, аза­маттық қырларына тоқталды. Рауза Бәкірқызы шараны ұй­ым­дастырушыларға ризашы­лығын білдіріп, Өрнектегі Есләм­нің есімімен аталатын мектепке сый-сияпат жасады. – Есағаң қайтыс болғаннан кейін күнделігін тауып алдым, – деді өткен күндерді қимастықпен еске алған Рауза тәтей. – Әр баласына деген көңіл күйін түсіріп, есімдері аталмай жүрген ақын-жазушылар туралы көп жазыпты. Ой-толғамдары мен эсселерден құралған «Жыр – тағдырым» жинағын құрастырдық. Үш­томдық таңдамалы жинағы оқыр­мандар қолына тиді. Ақын аудармамен де айналысты. Оның халық арасына кең тараған бірқатар әндердің сөзін жазғанын біреу білер, бі­реу білмес. 1966 жылдың жай­ма­шуақ көктемінде Әшір Мол­дағайынов бір әннің әуенін шығарып, соған мәтін іздейді. Композитордың болашақ жары Гүл­жаухар Есағаңның зайыбы Раузаға бұл жайлы айтады. Содан «Аяулым арманымдай асылым ең» әні дүниеге келеді. Ғажап ән Роза Бағланованың орындауында алғаш рет Мәскеудің Кремль сарайында шырқалады. Қазақ радиосының алтын қо­рына Е.Зікі­баевтың өлеңіне жа­зылған Н.Тілендиевтің «Ән­ші сыры», Ә.Бей­сеуовтің «Же­ңеше», Б.Бай­кенжиевтің «Жыл құсы», Т.Исалиевтің «Кез­деспей кеткен бейнем ең», М.Са­дықовтың «Қызыма», тағы басқа әндер енген. Оларды күміс көмей әншілер З.Қойшыбаева, С.Нұр­ма­ғамбетова, В.Қармысова, С.Ағы­баева орындайды. «Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын», деп жырлап өткен Есләм Зікібаевтың қазақ поэзиясына қосқан зор үлесін жерлестері әркез мақтан тұтады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы  
Соңғы жаңалықтар