• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2016

Сұранысқа ие әуежай

297 рет
көрсетілді

Петропавл халықаралық әуежайы төңірегінде әртүрлі әңгімелер тыйылмай тұр. Оның жұмысының тоқтатылуын бәзбіреулер жаңа қожайынның сатып алуымен байланыстырса, екінші біреулер қордаланып қалған берешектің өтелмеуімен түсіндіреді. Біз мәселенің мәнісін білмек болып Петропавл халықаралық әуежайының директоры Марат Хасеновпен хабарласқанымызда, ел ішін кезген алыпқашпа сөздерді теріске шығарды. – Бар жайт ауқымды күрделі жөндеу жұмыстарына келіп тіреледі. Ол жайлы біраздан бері айтылып кел­се де, қомақты қаражат табу оң­ай болған жоқ. Былтыр Үкіметтің резервінен 4 миллиард теңге бө­лін­се, биыл 3,2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Осыған орай жаз маусымын қолайлы пайдаланып, қалпына келтіру үшін уақытша жабылғаны рас. «К-Дорстрой» АҚ ұшу-қону жолақтарын жаңғырту жобасын жүзеге асыруға белсене кіріскен. Жобаның бірінші кезеңін аяқтау барысында Астана мен Ал­маты бағыттарына маусымаралық ұшу ретке келтірілді. Алда ұшу-қону жолақтарын кеңейту, ұзарту, жолаушылар терминалын заман ағымына лайықтау, жарық-сигнал құрал-жабдықтарын орнату міндеттері тұр, – деді бізге жан-жақты түсінік берген Марат Жұмажанұлы. Өкініштісі сол, жаңа акционердің уәделері де қағаз жүзінде қала берген. Кәсіпорынның бірнеше жыл бойы төленбей келген еңбекақы қа­рыздарының өтелуіне көлік про­куратурасының дүркін-дүркін араласуына тура келген. 2013 жылы берешек 23 миллион теңгені құраған. Заңдылықты қадағалаушы орган назар аудармаса негізгі акционер қаражат жоқ деп ауызды қу шөппен сүртіп отыра берері анық. 19 миллион теңге жалақының берілуіне қарағанда табыссыз деп айту қиын. Азаматтық авиация комитеті де көптеген олқы­лықтарды жіпке тізгендей етіп жалғанның жалпағына шығарған. Санитарлық, өрт, құрылыс нормалары өрескел бұрмаланған. Соңғы күрделі жөндеу 1974 жылы жүргізілсе, қандай әуе қауіпсіздігі жайлы сөз қозғауға болады, деп жұртшылықтың күйінетіні де сондықтан. Көбіне ағымдық жөндеулермен шектеліп отырған. Тығырықтан шығудың жолы ретінде ұшу-қону жолақтарының жарамды бөлігін ғана пайдалану ұсынылып, «Боинг», «Ту-154», «Ту-157» секілді алып лайнерлердің қатынауына тыйым салынған. Акционерлер тарапынан жол берілген осындай қырсыздықтар мен құнтсыздықтар бірнеше рет беттеріне басылып, оның соңы мамандандырылған экономикалық сотқа талап-арыз түсіруге жалғасқан. Солардың бірі «VIP AVIA» ААҚ пен «Altyn Estate» ЖШС арасындағы акцияларды сату-сатып алу келісімін заңсыз деп тануға қатысты. Ақыры сот шешімімен бақылау пакетінің акциялары алдымен коммуналдық, сосын мемлекеттік меншікке берілді. Енді, міне, меншік иесіне байланысты соңғы нүкте қойылғаннан кейін мемлекет тарапынан қомақты қаржылық қолдау көрсетіле бас­тауы көңілге қуаныш ұялатады. Бірнеше жыл бұрын Қытайдың жүк лайнерлерін де қабылдаған болатын. Экономикалық қиындықтар тұсында аптасына 56 рейске дейін ұшқан кездер болған. Бүгінде Астанаға аптасына 2 рет, Алматыға 1 рет қатынауды жиілету мүмкіндіктерімен қоса Мәскеуге, Германияға, Қытайға, Түркияға ұшу келісімшарттары жасалған.  Өмір ЕСҚАЛИ,  «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы