Менің атам Хамит Көшербаев 1943 жылы 17 жасында өз еркімен Отанды қорғауға аттанған. Осы жылдардың қайғы-қасіреті мен жеңістің тәтті дәмін қазіргі ұрпақ тек кинодан, әдеби кітаптардан оқып қана біледі. Мен, сонымен қатар, өз атамның аузынан да естіген едім.
Атам 1926 жылы 1 желтоқсанда Орал облысының Тайпақ ауданындағы Сарытоғай ауылында дүниеге келген. Әкесі Таудай, ағалары Көбдік, Тәкен, Шабай, Салахадин 1941 жылы соғыс басталысымен әскерге шақыртылады. 1943 жылы 17 жастағы атам Хамит те өз еркімен Отанды қорғауға аттанады.
1943 жылы күзде атасы Көшербай сүйікті немересін соғысқа аттандырып тұрып: «Айналайын, Хамитжан, сені сәби күніңнен бауырыма басып өсіріп едім. Садағаң кетейін, аман орал», деп Ескіесім ауылының сыртында ат үстіндегі немересін үш рет айналып шығып, ақ батасын беріп, шығарып салады. Соңғы рет атасын көруі сол екен, атам соғыстан оралғанда ол кісі қайтыс болыпты. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген осы екен ғой деп отыратын.
Атам соғысқа 1943 жылы күзде Тайпақ аудандық әскери комиссариатынан аттанып, №52311 Тоцк әскери училищесінде командирлік курста оқиды. Сол кезде Чкалов атындағы әскери училищеде ұшқыштар дайындауға арналған іріктеу сынағы өткізіледі. Соңғы сынақта креслоға шыркөбелек айналдырыпты. Креслодан түсісімен атам құламай, есіктен тура дәлізге шығыпты. Барлық сынақтан мүдірмей өтеді, әйтсе де, неге екені белгісіз, келесі күні оны ұшқыштар тобына жібермей, командирлік топқа ауыстырады. Командирлік оқуын бітірісімен Калинин майданында, соңынан 130-атқыштар дивизиясының 528-полкінде, яғни ІІІ Беларусь майданының қолбасшысы, армия генералы И.Д.Черняховскийдің қарамағында болады.
ІІІ Беларусь майданында неміс-фашист басқыншыларына қарсы жан аямай соғысып, Балтық бойындағы Вильнюс, Каунас, Гумбинин, Инстенбург, т.б. қалаларды азат етуге қатысады. Шығыс Пруссиядағы стратегиялық маңызы зор ежелгі Кенигсберг қамал-қаласында күшті қаруланған неміс әскерлеріне қарсы жойқын соққы беруге атсалысады.
Кенигсберг қамал-қаласына шабуыл жасағанда жаудың борап тұрған оғының астында жауынгерлер көп шығынға ұшырайды. Атамның алдындағы Т-34 танкі өртеніп, ондағы бір қазақ, бір орыс танкисін өрттен құтқарып алады. Қарсы шабуыл кезінде жаудың траншеясына граната лақтырып, бірнеше фашисті жер жастандырады. Сөйтіп, кеңес жауынгерлері сапында Кенигсберг қаласына басып кіреді. Әйтсе де, осы кескілескен шайқаста аяғына оқ тиіп, госпитальға түседі. Қазан қаласындағы №5868 госпитальда сол жақ аяғына операция сәтті жасалып, аман қалады. Емделіп жатып, бухгалтерлік курсты бітіреді.
Отан үшін болған шайқаста атамның қарулас жолдастары көпұлтты болғанымен, бәрінің мақсаты біреу – жауды талқандап жеңіспен елге қайту еді. Ал соғыста көрсеткен ерлігі үшін атам І дәрежелі «Отан соғысы», ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», т.б. 17 медальмен марапатталады. Жалпы, Көшербай әулетінен 6 адам соғысқа қатысқан. Таудай атам Ростов жерінде қаза тапқан. Көбдік ағамыздан қара қағаз келген. Тәкен көкеміз соғыста алған жарақатының салдарынан елге оралған соң қайтқан. Шабай мен Салахадин жараланса да елге аман-есен келген.
Ал атам мүгедек болып 1946 жылы елге оралғаннан кейін Базартөбе совхозында 35 жылдан астам бухгалтер болып істеп, ІІ-топтағы ҰОС мүгедектігімен құрметті еңбек демалысына шығады. Өмір жолында өз жерлестерінің лайықты сый-құрметіне бөленген Хамит Көшербаевтың атына Базартөбе ауылындағы көрікті көшелердің бірі берілген. Зайыбы Кәлима Құсанқызы екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген. Артында қалған ұрпақтары оның ерлігі мен есімін ешқашан ұмытпаймыз.
Ринат КӨШЕРБАЕВ,
немересі
ОРАЛ