• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2016

Аузы берік Анадолы

539 рет
көрсетілді

Күллі түрік жұрты қасиетті Рамазан айын ұлықтауда Мұсылмандардың ең ұлық айы – Рамазан да ортасынан ау­ды. Халқының 98 пайызы мұсыл­мандарды құрайтын Түркияда ора­заның келуімен бірге бүкіл тұр­мыс-тіршілік түбегейлі өзгереді. Анадолының өз жұрты ауыз бе­кітіп, мұсылмандық міндетін орын­дауға кіріседі. Сондықтан әдетте мейрамханаларда жаппай тамақ ішіп отыратын түріктердің қатары оразаның кезінде едәуір сирейді. Бес парыздың бірін орындауға асыққан жергілікті халық бұл айда игі істерді бұрынғыдан да көбірек атқаруға тырысады. Барлық сауда орындарында қасиетті мерекеге орай жеңілдіктер жасалып, азық-түлік дүкендерінде «рамазан дорбасы» сатылады. Оның ішіне нан, күріш, сүт-май, тәтті тағамдар сын­ды ең қажетті азық-түлік тауар­лары салынады. Мұқтаж адам­дар­ға қол ұшын бергісі келгендер «ра­мазан дорбасын» сатып ала алады. Жалпы, Түркияда ораза айын­да тұрмысы төмен адамдарға көп көмек көрсетіледі. Барлық қала­лардағы мешіттердің басым бөлігі қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындар үшін шатырлар құрылып, 30 күн бойы ауызашар беріледі. Мешіт де­мекші, мұнда құл­шы­лық етуге келетіндердің саны күрт көбейеді. Түркияда мешіттің көп­тігіне қарамастан оның қай-қайсысы да әрдайым адамға лық толады. Рамазанның рухын бойға сі­ңі­ріп, Алла тағаланың сауабын алу үшін Анадолы жұрты отыз күн ойыннан бас тартады. Қасиетті ай ке­зінде халық мейрамханаға емес, мешітке жиірек барады. Түнгі ойын-сауық мекемелерінде уақыт­қа шектеу қойылса, дәмханаларда «ауызашар мәзірі» пайда болады. Ифтар үшін арнайы дайындалған ас-тағам арзан бағаға беріледі. Сондықтан көпшілік ауызашарды дәмханаларда өткізеді. Ал өз үйінде дастарқан жай­ған әрбір түрік шаңырағының ауыз­ашардағы басты асы – «рамазан пидесі». Тек оразада ғана пісірілетін бұл тоқаш ыстық буы бұрқыраған, жұпар иісі аңқыған күйі дүкеннен алы­нады. Ифтар дастарқанына сондай-ақ, құрма, көкөніс пен жеміс-жидек, ыстық тағамдар қойылады. Тама­ғы тойған халық ауызашардан соң мәдени тұрғыдан азықтануға асығады. Әр аудан әкімшілігі тұрғындар үшін жәрмеңке, театр қойылымдары мен шағын концерттер ұйымдастырады. Рамазан айында түн ортасында көшеден дүңк-дүңк еткен дауылпаз үнін естісеңіз, таңғалмаңыз. «Мұнысы не болды екен?» деп терезеден сығалап қарасаңыз, машинаның үстінде соқпалы аспапты құлаштап тұрып ұрып бара жатқан түрік жігітін көресіз. Бұл – қалың ұйқыдағы ел-жұртты оя­тып, сәресі ішуге шақырған бел­гі. Оған ешкім «мазамды алдың» деп кейістік білдірмейді. Қай­та бәрінің де ұйқысы шайдай ашылып, жаппай ауыз бекітуге кіріседі. Ал дауылпазшы болса, сенің көшеңнің тұрғындарының ұйқысын серпілткен соң, келесі көшені бетке алады. Түн ішінде дауылпаздың дабылы жаңғырып естіледі. Бір ғана адам емес, жүздеген дауылпазшы сап түзеп келе жатқандай әсер қалдырады. Әдепкіде мұның сырын біліңкіремейтін адамға тым тосындау көрінеді. Бірақ бір-екі күннен соң бұған да бойың үйренеді. Кей қалаларда дабылшылар әр үйдің маңына келіп, тұрғындар пәтерлерінен шығып, дәм таттырғанша әндетіп тұрады. Бұл ерекше дәстүрдің рамазан айымен біте-қайнасып кеткені соншалық, бүгіндері осы дабыл қағушылар халық арасында үлкен беделге ие. Түркияны мекендейтін қазақ­стандықтар да ораза ұстауда. Олар бір-бірін ауызашарға шақы­рып, шынайы көңілмен бас қосады. Ауызашарда имандылық сабағын алып қана қоймай, елдің жаңалықтарын сұрасып, емен-жарқын әңгімелеседі. Солардың арасында имандылық жолға бет бұрған студенттер де жеткілікті. Айлардың сұлтаны – Рама­занды Анадолы жұрты үлкен думанмен аяқтайды. 10 күн ресми демалыс ретінде жарияланып, Ораза айт тойланады. Бұл күндері тү­ріктер мерекелік дастарқан жайып, қонақ күтеді. Алыс-жақын ауыл-қалалардағы ағайынын аралап, «құтты болсын» айтады. Әзірге, Анадолының аузы бе­рік. Күллі түрік қастерлі рамазанда дұғасын оқып, елдің тыныштығын тілеп отыр. «Оразаң қабыл болсын, қымбатты бауырлар!» дейміз біз оларға. Мен осы мақаланы жазып болған кезде беймезгіл қонақ – беймаза барабаншы дауылпазын дамылсыз соққылай жөнелді. Анадолының жүрегі – Анкара шырт ұйқысынан оянып, ауызашардың қамына кірісті... Альбина ӘШІМ, «Егемен Қазақстан» – Анкарадан