Жаратқан адамға талант берсе, кейде оны үйіп-төгіп бере салады ғой. Кезінде Кеңес Одағы чемпионы атағын екі рет жеңіп алған, КСРО Кубогының иегері болған атақты боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қырғызстанның халық әртісі Әбдірашит Әбдірахманов мұны спортшылық мансабының соңғы жағын актерлік өнердің өзгеше өрнекті әлемімен әдемі ұштастыра біліп, керемет дәлелдеп көрсетті. Рингте 224 рет жекпе-жекке шығып, соның 210-ында жеңген саңлақ кейін 24 фильмде әртүрлі рөлдерде ойнады.
Қазір Әбдірашиттің осы екі саланың екеуінің қайсысына сіңірген еңбегінің басым екенін дөп басып, тура айтып беру қиын. Шын мәнінде, шаршы алаңның шарболат шандозы болған оның жұдырықтасу шеберлігі, өзін ұстауы ғажап еді. Сол кезде қандай қарсыласымен де қаймықпай шайқасатын шымыр жігітке сүйсіне қарамайтын жанкүйер кемде-кем болатын. Ал кино әлемінде бір жолы жас актердің аты аңызға айналған Микеле Плачидоның өзін сынақта жолда қалдырып кетуі оның мұнда да айбыны асқанын аңғартады. Бұл өзбек режиссері Әли Хамраевтың «Бо-Ба-Бу» картинасында бас қаһарманды сомдайтын актер іздестіріліп жатқанда орын алды. Рас, итальян жұлдызы байқау-сынаққа өз елінде қатысса, Рашит қабілетін Ташкентте безбенге салды. Сондықтан олар бір-бірімен қатар келіп, бақ жарыстырып көрген жоқ. Нәтижесінде көркемдік кеңес мүшелері бұл рөлге бірауыздан қазақстандық жігітті бекітуге ұйғарым жасады.
– Мұның мынадай да бір ілкі бастауы бар, – дейді Әбдірахманов қазір осы фильм туралы сөз болғанда. – Оны тіпті қызықты да тағдыршешті жағдай деп айтар едім. Мен картина түсірілерден аз ғана бұрын қазақстандық режиссер Мұрат Нұғманов жасаған бір жарнама ролигінде ойнағанмын. Оның түсірілімі Іле өзенінің жағасында өтті. Мен роликте алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі беліне лыпа байлап алып, қолына найза ұстап, шауып жүрген жабайы аңшы адамның кейпін бейнеледім. Сценарий бойынша күннің енді қызарып шығып келе жатқан кезін ұрандатып қарсы алуым керек-тін. Сол кезде, неге екенін өзім де білмеймін, аузымнан «Бо-ба-бу!» деген айғай шығып кеткен. Артынша тап осындай атаулы фильмге түсу сынағына шақырылдым. Ал Әли Хамраев үшін лента шынында да өмірлік мәні бар нағыз елеулі емтихан болды. Себебі, соның алдында ол он жыл бойы түсіріп келген «Темірлан» деген фильмін кейін келген студия басшылары бұдан алып қойып, басқа кинорежиссерге беріп жіберген екен. Осылайша бәрінен шеттеп қалған ол, міне, жаңа картинасы арқылы өзін қайта танытып, үлкен өнерге оралып еді.
Ал біздің кейіпкеріміздің кино әлемінің қайнаған қазанына топ етіп түсіп кетуінің мынадай алғышарты бар болатын. 1969 жылғы қазан айында алматылық екі боксшы – Жандос Көкімов пен Әбдірашит Әбдірахманов тарихта бірінші рет өткелі тұрған КСРО – АҚШ матчтық кездесуіне еліміздің құрамасы сапында қатысу үшін мұхиттың арғы бетіне ұшып бара жатты. Екеуі де кездесулердің біріншісінде ұтылып, келесісінде айқын басымдықпен жеңетін сапарға бастаған әуе лайнерінің бортында бұлар атақты кинорежиссер Шәкен Аймановпен қатарласа отырады. Ұшу барысында Әбдірашитпен біраз әңгімелескен Шәкен аға сөз арасында оны өзінің көптен бері сырттай бақылап жүргенін, бойында біраз қабілет бар екенін сезетінін білдіре келіп, енді өзін кино саласында да бір сынап көруді ұсынады. Бұл ұсыныс сол мезетінде лып етіп көтеріліп, қиялын біраз шарықтатып өткенімен, шаршы алаңдағы шайқасқа кіріскен соң ұмытылғандай болған. Бірақ Шәкен аға ұмытпапты. Бұлар Алматыға оралған соң, ұзамай соңынан шақыртушы жетті. Түсірілгелі жатқан «Ақ шаршы алаң» деп аталатын фильмнің сынақ-байқауына қатыстыру үшін іздеп келіпті. Сол кезде барып, Шәкен ағасының борттағы әңгімені бекер айтпағанын білді. Сосын шегінуге жер қалмағанын сезіп, келген жігітке ілесіп, киностудияға барды. Сөйтсе, лентаны түсіргелі жатқан басқа режиссер – Шәріп Бейсенбаев екен. Абырой болғанда, неше күнгі сынақтан сүрінбей өтті. Орталық телевидениенің тапсырысымен түсірілген сол фильм жарыққа шыққаннан кейін мамандар мен көрермендер тарапынан зор ықыласқа бөленді.
– Кәсіби актер болмаған соң маған түсірілім кезінде көптеген кедергілер кезікті, – дейді Әбдірахманов осы күні. – Соның ішіндегі ең қиыны алдына кәсіпқой боксшы болуды мақсат етіп қойған талапкердің бастапқыдағы қолапайсыз, икемсіз қимыл-қозғалыстарын келтіру болды. Бұл фильмнің кейін өзіме зияны тиіп те кете жаздаған. 1971 жылдың маусым айында Одақ құрамасы құрамында Еуропа чемпионатына қатысу үшін Мадридке ұшып келгенімде, спорт комиссиясы менің әуесқойлар сайысына қатысуыма наразылық білдірді. Бақсам, «Ақ шаршы алаңды» көріп алған олар мені кәсіпқой боксшы санап отыр екен. Осының салдарынан әртүрлі ойға беріліп, түнімен ұйықтай алмадым. Соңында бәрінің анық-қанығына көздері толық жеткен ұйымдастырушылар мені жарысқа жіберді.
Әбдірашит өзінің өмірінде алғаш және соңғы рет қатысқан құрлық біріншілігінде шаршы алаңға екі мәрте шықты. Екі жекпе-жегінің екеуін де өте жоғары қарқынмен өткізді. Нәтижесінде... елге ешбір жүлдесіз оралды. «Әбдірашит Әбдірахманов ең соңғы болып бокстасты, – деп жазды «Советский спорт» өзінің сол жылғы 15 маусымдағы нөмірінде. – Ринг түбінде ұрысқа даярланып тұрып, кенет билеп кеткенінде, аға жаттықтырушы Анатолий Степанов оған: «Асықпа, екі раунд жұмыс жаса, рингті сезін...», деген кеңес берді. Алайда, оның бірінші соққысының өзі-ақ швейцариялық Карл Гшвиндті сұлатып түсіре жаздады. Әбдірашит сол жақ ұстанымында ұрыс сала жүріп, қарсыласына екі бірдей «зеңбірекпен» тарпа бас салды. Біріншісі ұдайы атқылап тұрады, ал екіншісі сирек соғады, бірақ баудай түсіреді. Швейцариялық алғашқы «бомбалаудан» кейін-ақ қорқып қалды. Оған шайқастың аяғына дейін жету азап болды да, екінші раундта жекпе-жек тоқтатылды». Осылайша бірінші жекпе-жегін мерзімінен бұрын бітірген Әбдірашит ширек финалда итальян Дамиано Лассандроға қарсы шықты.
Бұл ұрыс та біздің боксшымыз үшін сәтті басталды. Өзінен қарадай үркіп, қашып жүрген қарсыласына сол қолымен алыстан қатты соққылар беріп қойып жүрген ол керекті ұпайды жақсы жинап жатты. Жерлесіміздің жойқын жұдырығының сырылын естіп отырған испан көрермендері оған дем бере түсті. Ал итальян боксшысы нокдаун алып қалудан сақтанып, қайта-қайта мұның иығына асылып қала берді. Біздің саңлақ екінші раундта оны қарша жауған соққының астына алып, қарқынды үдетіп жіберді. Енді болмаса, қарсыласы сыр беріп, ұшып түсетіндей көрінген. Кенет раунд соңына қарай алаңдағы рефери ұрысты тоқтата қойды. Сол кезде Рашиттің қабағынан қан саулап тұр екен. Сонымен, ақырына бармай аяқталғалы тұрған тағы бір шайқастың тағдыры мүлдем басқаша шешіліп кетті.
«Неге сонша жақын қашықтыққа бара қойдым екен?» – деп күйінді Әбдірашит дәрігер Станислав Куров жарасын қарап жатқанда. Бірақ енді бәрі кеш еді. Сөйте тұра, қазақстандық бағлан турнирдің «басты жаңалығы» саналды. «Біздің боксшылар көп жеңіліске ұшырап жатқанымен, олар туралы жаман жазылып жатқан жоқ, – деп атап көрсетті «Советский спорт» 18 маусымдағы есебінде. – Мәселен, Әбдірашит Әбдірахманов «чемпионат жаңалығы» аталды, онымен ұрысқан итальянның «жолы қатты болып кетті» десіп жатыр. Иә, Әбдірашитке Еуропа чемпионы атанудың әбден-ақ реті келіп тұрды. Тіпті, жарасы жазылмаған жарылған қабақпен де ол бұған жете алатын еді». Бұдан артық қандай баға керек!
...Кез келген жолдың өз бастауы, сол бастаудың да өз себебі болады. Сол сияқты біз сөз етіп отырған Әбдірахмановты киноға әкелген бокс болса, оның боксқа келуіне себепшілік еткен бозбала кезінде көрші тұрған бір сүйкімді қыз еді. Болашақ белгілі боксшы-актер 1946 жылдың 20 маусымы күні Алматы қаласында көп балалы ұйғыр отағасы Хакимнің шаңырағында дүниеге келді. Ол үйемелі-сүйемелі балалар ортасынан шыққанымен, кішкентай күнінен көше тентегі болып өсіп келе жатты. Күндердің күнінде жасы 15-ке келіп қалған Әбдірашит үйінің жанына Алматы облысының Ұйғыр ауданынан бір орыс отбасы көшіп келді. Сол үйдегі кейін өзіне өмірлік серік болатын Люда есімді 14 жасар қыз келгеннен біздің кейіпкерге ұнайды. Сондықтан ол әр нәрсені сылтау етіп, көршінің қызы жанынан табыла береді. Бірде Люда «Юность» журналынан атақты литван боксшысы Ричардас Тамулис туралы мақала оқып отырғанда, Әбдірахманов тағы келе қалады. Қарап тұрмай, қыздан не оқып отырғанын сұрайды. «Бір тамаша жігіт туралы», дейді қыз әдейі. «Менен де тамаша ма?», деп қырсыға қалады сосын бозбала. «Иә, сенен де артық, – дейді қыз мұны ызаландырғысы келіп. – Оның артықшылығы – ішпейді, темекі шекпейді, сосын бокспен айналысады». Заматында өңі қуарып кеткен бозбала сәлден соң өңін сәл жұмсартып, қыздан журналды сұрап алып кетеді.
Сол күннен бастап Людмила көшеден Әбдірашитті сирек көреді. Бір күні кездейсоқ кездесіп қалғанында қыз одан: «Күнде кешке дорбаңды асынып, қайда барып жүрсің?» деп сұрайды. Бұған ол: «Балалайка үйренуге барып жүрмін», деп қырсыға жауап береді. Бірақ арада бірнеше ай өткенде, жігіт бокстан қала біріншілігінде жеңіп алған алтын медалін бойжеткенге көрсетіп, құпиясының сырын өзі ашады. Ал арада 5 жыл өткенде, баяғы Тамулистің өзімен шаршы алаңның төрінде ұшырасады. Бұл тарланның қайраты қайтып қалған кезі еді, жас бағланның тегеурініне шыдай алмай, екінші раундта құлап түсті. Сол-ақ екен, Әбдірашит оны қолынан сүйемелдеп тұрғызды. Соңынан неге бұлай еткенін сұраған журналистерге біздің боксшы өзінің кезінде Ричардастың арқасында спорттың осы түріне келгенін, сондықтан өз отбасы үшін оның маңызды тұлға болып табылатынын айтып, ағынан жарылған. Сол Тамулисті құрметтегенінен шығар, кейінірек Одақ құрамасы сапына алынып, талай халықаралық жарыстарға барып жүргенінде, ол Литва елінің өзі секілді КСРО-ның екі дүркін чемпионы атанатын былғары қолғап шебері Юозас Юоцавичуспен керемет дос болып кетті. Екеуінің отельдерде бір нөмірге орналасатындарынан бөлек, көшеде де ылғи жұптары жазылмай жүруші еді.
Біз шамамен осы жылдары Әбдірашиттің рингтегі қайталанбас өнеріне тәнті бола бастағанбыз. Соның ішінде 1969 жылдың наурызында Саратов қаласында өткен Одақ біріншілігі арқылы рингтегі ұрыстарына алғаш рет көгілдір экран арқылы куә болдық. Сол чемпионатта Әбдірашит Әбдірахманов жерлесі Жандос Көкімов екеуі финалда жеңіліп, тұңғыш рет күміс медальді мойындарына ілді. Ақтық сынақта 48 килоға дейінгі салмақтағы Жандос саратовтық тәжірибелі боксшы Анатолий Семеновке есе жіберсе, 67 кило салмақтағы Әбдірашит киевтік Владимир Мусалимовтен ұтылды.
Бұл ретте айта кететін бір жайт, Қарағанды қаласында туып-өскен Мусалимов содан біраз жыл бұрын өз жаттықтырушысы Николай Лимен бірге Украина астанасына қоныс аударып, 1967 және 1968 жылдары Одақ чемпионы болып үлгерген еді. Міне, осы жекпе-жек Әбдірашиттің намысын қатты қайрап кетті. Олай болатыны, доңыз еті бар тамақты аузына алмайтын мұсылман баласы Еділ бойында неше күн бойы ашқұрсақ болып, ұрысқа әлсіреп шыққан еді. Сондықтан Алматыға келісімен, келесі кездескенде Мусалимовтен қалайда есе қайтарудың жолдарын іздестірді. Сыртқа шыққанда, өзіне керекті ауқатты өзі дайындап алатын болып шешті. Бұған Саратовтағы ұрысын теледидардан көріп, сын айтқан анасы ақыл қосты. Бірақ қырсық шалғанда, сол жылы бозбала кезінен жеке жаттықтырушысы болып келе жатқан ұстазы Мингерей Хайрутдинов жергілікті басшылықпен келісе алмай, Ленинградқа кетіп қалды. Бұған қапа болған ол енді ешкімнің саясына бармай, өзін өзі жаттықтырғанды дұрыс санады. Арасында құраманың жаттықтырушылары Искандер Хасанов пен Әбдісалан Нұрмаханов мұны көбіне салмақтары ауыр өзге боксшылармен спаррингтік ұрыстарға қосып, біраз айлар жон арқасы жосадай болғанша «шықпыртып» алатын.
Сол уақытта «Ақ шаршы алаңға» түсу барысында тау-тасты кезген кездері де аз болған жоқ. Түптеп келгенде, мұның бәрі боксшының қуатын арттырып, табандылығын шыңдай түсіпті. Бұған Әбдірашит 1970 жылдың қараша айында Каунаста өткен чемпионатқа барғанында анық көз жеткізді. Турнирді өте күшті бастады. Алғашқы 1/8 финалдық іріктеу сынында Телищевті бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберсе, 1/4 финалда Валуевті айқын басымдылықпен ұтты. Ал жартылай финалда қарсы алдынан Одақтың үш дүркін чемпионы, Олимпиада мен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Владимир Мусалимов шыға келді. Бірақ айызы қанғанша шайқасатын болғанына қуанып шыққан Әбдірашиттің дегені болмады. Мұның ұрыс басынан толассыз жаудырған соққыларынан қаймықса керек, Владимир екінші раундтың басында жекпе-жектен бас тартты. Осыдан кейін ол бокстағы мансабын да біржола аяқтады. Ал біздің бағлан финалда харьковтік Владимир Новиковті емін-еркін жеңіп, алғаш рет Одақ чемпионатының алтын медаліне қол жеткізді.
1971 жылғы наурыз айының ортасынан Қазан қаласында келесі чемпионаттың жалауы желбіреді. Әбдірахманов бұған Одақта енді өзіне тең келетін қарсылас жоқ екенін анық сезініп, үлкен сеніммен келді. Ойлағаны жөн екен, мұндағы 4 жекпе-жегінің бәрін де ол айқын басымдықпен аяқтады. Алдымен 1/8 финалда өткен жылғы Валуевті бірінші раундта-ақ іске алғысыз етті. Ширек финалда Ягудаевты үшінші раундта нокаутқа түсірді. Жартылай финалда Каунастың ақтық айқасында кездескен Новиковті 5:0 есебімен ұтты. Бұдан соң финалда мәскеулік Анатолий Хохловты бірінші раундта талдырып түсірді. Өкінішке қарай, Әбдірашит осы жігітпен арада небәрі 4 ай уақыттан кейін тағы кездесіп, екінші раундта иектен тиген соққыдан нокаут алып қалды. Бұл шілде айында Мәскеуде керуен керген КСРО халықтары Спартакиадасының жартылай финалында орын алды. Бірақ бұған сол күні таңертең бұлар – жаттықтырушылар Искандер Хасанов пен Станислав Болдырев үшеуі мінген автобусқа троллейбустың арт жағынан келіп соғуынан Әбдірашиттің ұшып кетіп, шытырлап сынған әйнек сынықтары арасына ес-түссіз құлап қалуының әсері болғанын ешкім білген жоқ еді.
Осыдан кейін біздің боксшының қайта қатарға қосылуы қиынға түсті. Соның салдарынан сол жылы Красноярскіде болған КСРО Кубогы үшін жарыста жергілікті Павлов деген боксшыдан екінші раундта нокаутпен ұтылды. Күзге қарай Мәскеудегі ЦСКА спорт залында 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасына баратындарды іріктеу спаррингілік ұрыстары ұйымдастырылды. Сонда кандидаттар қатарында болған Әбдірашит өзінің екінші ұрысында минскілік жас боксшы Анатолий Березюкпен күш сынасты. Оның уылжып тұрған түрін көріп, өзінің айтулы соққысын жұмсауды жөн көрмеген ол артынша мұнысы үшін өкініштің өрмегіне шырмалып қалды Себебі, оның бұл әрекетінің өзін тәртіп бұзушылық деп есептеген төрешілер ақырында таласа-тартыса келіп, жеңісті 3:2 есебімен Әбдірашиттің жас бәсекелесіне беріп жіберді. Сөйтіп, оның олимпиялық жолы кесілді. Ал Ойындарға кейін Мюнхендегі бірінші шайқасында-ақ ұшып кететін Анатолий Хохлов баратын болып шешілді. Осыдан кейін тағы екі жыл рингтегі жолын жалғастырған, жаңа 71 килоға дейінгі салмаққа ауысып, екі халықаралық турнирде жеңіске жеткен тарлан талант 1974 жылы 28 жасында бокс өнерін доғаруға шешім қабылдады.
Әбдірашит боксшы қолғабын шегеге ілгеннен кейін Орта Азия әскери округінің құрама командасын жаттықтыруды қолға алды. Ол өзі қабылдаған кезде әскерилер құрамалары арасында 16-орында тұрған ұжымнан келесі жылы 6 боксшының Одақ құрамасына алынуына қол жеткізді. Солардың арасындағы Орзубек Назаров пен Андрей Курнявка кейін КСРО мен әлемнің аламанында топ жарса, бұлардан бөлек, тағы 4 шәкірті Одақ чемпионы атанды. Бірақ ол кезде елде жаттықтырушылық пен актерлікті қатар алып жүруге рұқсат етілмейтін еді. Сондықтан Әбдірахмановқа бапкерлікті біржола қоюға тура келді. Дегенмен, оның алғашқы кинолентасы мен келесі картинасы арасын 8 жылдық уақыт бөліп тұрды. Ал 1979 жылы екі бірдей фильмге түсті. Оның біріншісі «Өзбекфильм» киностудиясында түсірілген Эдуард Хачатуровтың «Рингке шақырылады» фильмі болса, екіншісі «Чемпион» деп аталатын картина еді. Мұның екеуінде де ол эпизодтық рөлдерде көрінді. Соның ішінде бірінші лентада прототип етіп боксшы Руфат Рискиев алынған.
Негізі, Рашитке кинодағы атағын шындап шығарған Ләйла Аранышеваның «Қабыланның» үш секірісі» фильмін түсуді тағы 7 жыл күтуге тура келді. Онда актер кеңес жеріне ұшақпен келетін неміс диверсанттарын тауып, жойып жіберу тапсырмасын алған капитан Қадыровты сомдады. Ал келесі, 1987 жылы Әбдірахманов КСРО Мемлекеттік радиокомитет тапсырысымен «Қазақфильм» түсірген әке мен бала арасындағы драмаға арналған «Қар жолбарысы» картинасында бұрынғы белгілі боксшы Аханның тұлғасын шығарды. Бұдан әрі «Балкон» (1988 жыл), «Бірге» (1988), «Бейбарыс» (1989), «Бейбарыс сұлтан» (1989), «Кене» (1990), «Азиялық» (1991), «Отырардың күйреуі» (1991), «Боранды бекет» (1995), «Ермак» (1996), «Бо-Ба-Бу» (1998), «Голгофқа әркім кіреді» (2003) секілді фильмдер бірінен соң бірі жалғасып кете барды. Актердің «Боранды бекеттегі» рөлі 1996 жылы әлем кино өнеріне қосқан «Алтын камера» жүлдесімен марапатталды.
Қазақ боксы мен киносының дамуына өлшеусіз үлес қосқан талантты тарланның өмір жолдарындағы белесті кезеңдер осындай.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»