• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2016

Қайта түлеген «Қазпоштаның» ауылдағы қызметтері

229 рет
көрсетілді

Кеше Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Қазпошта» АҚ ақпараттық баспасөз туры аясында Ақмола облысының Шортанды ауылындағы аудандық пошталық байланыс торабында болды. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, аудандық әкімдік, БАҚ өкілдері және блогерлер қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа түрлі қызмет көрсетуде қала мен ауыл арасын жақындатып, ауыл тұрғындарына мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. Шортандыға сапармен барған баспасөз турында көргеніміз сол игіліктердің бастамасы болып шықты. Осы жөнінде әңгімелеген Д.Абаев, ауыл тұрғындарына қа­зіргі заманғы коммуникациялық қызметтерді ұсыну жаңа министр­лік жұмысындағы маңызды бағыт­тардың бірі екенін атап айтты. «ХХІ ғасырдағы мемле­кеттердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын белгілердің бірі – азаматтардың күнделікті өміріне жоғары технологиялардың ену деңгейі болып табылады. Біздің еліміз осы салада едәуір жетістіктерге жетті деуге негіз бар. Алайда, бағындырар шыңымыз әлі алда екені аян. Әрине, ең алдымен технологиялық прогресс жетістіктерін ауылдық жерлерге енгізу туралы сөз қозғалады. Бүгін таныстырылып отырған әлеуметтік жобалар – соның жарқын көрінісі. Мұндай игі жұмыстар өз нәтижелерін көп күттірмейді. Оның жемісін таяу уақытта көреміз деген үміттемін», деді министр. Кездесу барысында «Қаз­пош­та» АҚ басқарма төрағасы Бағ­дат Мусин пошта саласындағы жаңалықтар туралы айта келе, қа­ты­сушыларға пошталық және қаржылық қызметтерді – электрон­ды кезек, «сәлемдемелер супер­маркеті», postmarket.kz (e-commerce) сауда алаңы, есеп­тік-кассалық қызмет көрсету, темір­жол билеттерін сату, заңды тұлға­ларға қызмет көрсету және тағы басқа шаралармен таныс­тырды. Шараға келгендердің назарына «Salem, Mobile» деп аталатын тауарлар мен қызметтерге төлем жасау жөніндегі жаңа қыз­мет таныстырылды. Оның қа­ра­пайымдылығы мен қолжетімділігі – сатушыға төлем жүргізу үшін қымбат тұратын жабдықтар (терминал) сатып алу және интер­нетке қосылудың қажеті жоқ. Тұтынушының төлемі кез келген үлгідегі ұялы телефон құра­лымен USSD пәрменін, яғни қысқа ха­барламалар қызметі болып сана­латын *499# нөміріне жіберу арқылы жүзеге асырылады. Сатып алушыға тауарлар мен қызметтерге төлем жасау үшін интернет керек болмайды, сондай-ақ, төлем картасын өзімен бірге алып жүру де шарт емес. Төлемдер жүргізу үшін өз картаңызды бір рет қана www.post.kz тіркеу жеткілікті. – Елімізде қолданысқа алғаш еніп отырған бұл теxнологияның артықшылығы – жол қатынасы мен банк қызметі және интернет жүйесі қолайсыз шалғай аудандар мен елді мекендердегі xалықтың дүкен, супермаркеттерде сауда жасауы мен төлем жұмыстарының ауыртпалығы бұрынғыға қарағанда осы технология арқылы жеңілдетіледі. Бұл жүйе Африка елдерінде әлдеқашан қолданысқа еніп, өзінің оң нәтижесін берген екен. Аталған терминал орнатылған дүкеннен керегіңізді алу үшін қолыңызда қарапайым телефон ғана болса жетіп жатыр. Сіз зат сатып алатын кез келген дүкенде сол жердегі поштаның және дүкеннің саудаға арналған коды болады. Соны теріп, алатын затыңыздың бағасын sms арқылы жіберіп, өз қажетіңізге жарата аласыз, – деді басқарма төрағасы. «Қазпошта» әлеуметтік бағдарлы компания ретінде ауыл тұрғындарына арналған жұмыс орындарын құрған. Бүгінде ауылдық пошта таратушыларын арнайы киімдермен, смартфондармен және велосипедтермен қамтамасыз етеді. Бұған қоса, «Қазпоштаның» шалғайда орналасқан 50 бөлімшесінде ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін «Интернетке қолжетімділік орындары» орналастырылыпты. Мұндай орындар тұрғындардың интернетті тегін пайдалануына, саудалық интернет-алаңдарда операциялар жүргізуге, бұлармен бірге алыста орналасқан ауылды жерлердегі туысқандарымен Skype арқылы байланысқа шығуына мүмкіндік береді екен. Бұл игіліктің жақсы бір мысалын сол жердің өзінде көрдік. Қол өнерімен шұғылданатын Аман Тоқтаұлы атты шебер өзінің ұлттық бұйымдар жасаумен айналысатынын айтып, дәл осы «Интернетке қолжетімділік орнының» өз кәсібіне пайдасы тиіп отырғанын әңгімелеп берді. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін жасаған бұйымдарын тек шағын ауыл тұрғындары ғана сатып алып келсе, енді аталған орындағы қызметтің арқасында ұлттық бұйымдары интернетке шығып, тегін жарнамаға ие болған. Нәтижесінде, еліміздің өзге өңірлерінен де тапсырыс­тар түсе бастапты. Тапсырысты пош­та арқылы қабылдап алатын шебер, дайындалған бұйымды тұтынушыға жеткізіп беру үшін де пошта қызметіне жүгінеді. Сөйтіп, «Қазпошта» ауылдағы шағын кәсіпкерлердің интернет-сауда алаңдарына шығып, тауарларын бүкіл республика көлеміне таныс­тыруына мүмкіндік тудырып, өнімін кез келген жерге жеткізуге өз қызметін ұсынып отыр. Басқарма төрағасының айтуына қарағанда, таяу болашақта ауыл адамдары авиабилеттерді де өз пошталарынан ала беретін болады. Есесіне, теміржол мен авиабилеттерді сатқан пошта операторлары әрбір билет үшін жалақысына 100 теңге қосып алады екен. Бұл шара пошта қызметкерлерін ынталандыра түсіпті. Бүгінгі күнге дейін ауыл пошталары арқылы 30 мыңнан астам теміржол билеттері сатылып үлгеріпті. Бұл – жаңа қызметтердің жұртқа тиімді екенін көрсетсе керек. Өйткені, енді олар ұшақ пен пойызға билет алу үшін қалаға барып, кассаларға кезекке тұрып әуре болып жатпайды және осыған кететін уақыт пен жол шығындарын үнемдеп қалады. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы