Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланды. Бұл туралы 2016 жылғы 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде мәлім болды.
Дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасы қолдады. Қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі – Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берді.
«Бүкіл Қазақстан үшін бұл тарихи күн, өйткені, біздің еліміз БҰҰ Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азияның мемлекеті болды. Бүгінгі нәтиже – Қазақстанның және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасының халықаралық деңгейдегі биік беделінің, оның жаһандық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын айғағы», – деп мәлімдеді осыған орай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
БҰҰ ҚК-ге сайлану, сондай-ақ, біздің мемлекетіміздің бейбітсүйгіш дәйекті сыртқы және ішкі саясатының халықаралық қоғамдастықта жоғары құрметтелетінін дәлелдеді.
Ал енді анықтама ретінде айта кететін болсақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 15 мемлекеттен құралған, олардың бесеуінің тұрақты мүшелік мәртебесі бар (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Франция), ал қалған онының әрқайсысы екі жылдық мерзімге 5 өңірлік топтардың атынан сайланады. Қазақстан 2017 жылдың басынан Азия мемлекеттері тобының өкілі ретінде Малайзияны алмастыратын болады.
«Егемен-ақпарат»