80-нен астам ұшқышқа берілген
Ұшақ қызметкерлеріне қатысты тағы бір дау шықты. Мәліметтерге сәйкес, бүгінде 80-нен астам адамға жалған медициналық анықтама берілген. Алдағы уақытта мұндай заңсыз әрекеттерге қатысы бар дәрігерлерге 212 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Еліміздегі авиациядағы қауіпсіздікті қадағалау үшін осындай өзгерістер енгізілмек. Бұл жөнінде жаңа заң жобасы Мәжілісте таныстырылды. Құзырлы орындар қызметкерлер құрамымен қатар оларды тексеретін мамандарды да бақылауға алады. Жалпы, республикамыздағы экипаж мүшелерінің жұмысқа жарамдылығын Мәскеудегі халықаралық ұйым куәландырады.
Экипаж командирін ешкім жіті тексермейді. Ұшқыш тек жылына бір рет қан тапсырып, тыйым салынған препараттарға қарсы сараптама жасатса болғаны.
– Медицина қызметкерлері өз ісіне жауапкершілікпен қарамаса, ертеңгі күні істің анық-қанығы белгілі болғаннан кейін 100 айлық есеп көрсеткіш айыппұл салынады. Ал екі рет қайталанған жағдайда, оның көлемі екі есе артады, – деді Инвестициялар және даму министрлігі авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов.
Айта кетейік, осыған дейін Air Astana компаниясының Мәскеуден Алматыға қатынаған ұшағының қызметкерінен марихуана есірткісі табылған еді. Мәлім болғандай, оны бірнеше жылдан бері тұрақты пайдаланып келген. Осыдан кейін ол екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»