Реттеушіге хат
Ұлттық Банк қаржылық қызметтерді тұтынушылар өтініштерінің мазмұнына талдау жасады
Қазақстан қаржы жүйесінің қалыптасуына, қаржылық қызметтер түрлерінің кеңеюіне және қиындауына қарай азаматтардың реттеушіге жазатын өтініштерінің мазмұны да өзгерді. Егер 2004-2005 жылдары тұтынушыларды қаржылық қызметтердің талаптары, кеңестік кезеңдегі салымдардың өтемақысы көбірек толғандырса, 2007 жылдан бастап қаржы ұйымдарының әрекетіне шағымдар көбейе түсті. Бұл – өтініштердің көлемді мұрағатын зерделеу қорытындысы бойынша Ұлттық Банк мамандары жасаған қорытындылардың бірі. Бұл жайында толығырақ ҚР ҰБ Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Александр ТЕРЕНТЬЕВПЕН әңгімелессек.
– Қаржы нарығын реттеушінің негізгі функцияларының бірі – қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүддесін қорғау. Александр Леонидович, азаматтарымыз мұндай мүмкіндікті қаншалықты жиі және қандай жағдайларда қолданады?
– Заңдылық айтпаса да түсінікті: қаржылық қызметтерді тұтынудың өсуіне қарай Ұлттық Банкке келіп түсетін өтініштердің ағыны да арта түсті. Реттеушіге келіп түскен өтініштердің көпшілігі заңнаманың бұзылуы ма немесе шарт талаптарының бұзылуы ма, ол анықталмағанын атап өтемін.
Соған қарамастан өтініштердің көпшілігі, бір жағынан, азаматтардың алатын қаржылық қызметтердің салдарлары мен тәуекелдерін жете түсінбейтінін көрсетсе, екінші жағынан, қаржы ұйымдарының өздерінің түсіндіру жұмысын жеткілікті түрде жүргізбейтінін білдіреді, сондай-ақ заңнаманың жекелеген нормаларының жетілдірілмегенін көрсетеді.
– Бұл фактіге реттеуші, ең бастысы, заң шығарушылар көз жұма қарамағанын біз білеміз. Заңнамадағы негізгі олқылықтар қай жерде анықталды?
– Жүйелі сипаттағы өтініштердің себептеріне жасалған талдау қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы негізгі қағидаттар мен тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік берді. Мәселен, 2007 жылға дейін сақтандыру секторы бойынша өтініштердің өсуі байқалды. Олардың үлесі өтініштердің жалпы санының 35%-на дейін жетті. Олар көбіне сақтандыру ұйымдары мен бағалаушылардың жосықсыз қызметіне ықпал еткен көлік құралдары иелерінің АҚЖ міндетті сақтандыру мәселелеріне қатысты болды.
Тиісті түзетулер мен өзгерістер де енгізілді. 2007 жылғы 7 мамырдағы заңмен осы олқылықтарды жоятын нормалар да енгізілді. Олардың кейбірін еске түсіре кетейін. Сақтандыру компанияларының 3 күндік мерзімде өтініш берушілерге сақтандыру төлемі туралы мәселені қарау үшін жеткіліксіз құжаттар туралы хабарлау міндеті көзделген. Бағалауды ұйымдастыру тәртібі жетілдірілді, мәселені тікелей реттеудің тәртібі мен талаптары белгіленді. Сонымен қатар, сақтандыру омбудсманы институты құрылды. Осы шараларды қабылдау нәтижесінде сақтандыру секторының атына келіп түсетін өтініштер саны қысқарды және бұл көрсеткіш өтініштердің жалпы санының 4%-нан аспайды. Ал шағымдардың көпшілігі ерікті сақтандыру түрлерімен байланысты болды.
– Ғаламдық қаржы дағдарысының басталуымен шағымдардың көпшілігінің «фигуранттары» банктер болғаны біздің бәріміздің есімізде. Тұрмыстық деңгейде бұл түсінікті де: бұрын берілген кредиттерге қарыз алушылардың шамасы жетпейді. Оның себебі де әртүрлі. Ал талдаушылар бұл жайында не дейді?
– 2008 жылдан бері, расында да, банк секторы бойынша өтініштер санының өсуі байқалды. Қазір банктерге қатысты шағымдар өтініштердің жалпы көлемінің 68%-ын құрайды. Бұл 2015 жылғы 6480 өтініштің 4 407-сі! ҚР ҰБ мамандары банк қарызы шарттары тараптарының құқықтары мен мүдделерінің арасындағы анық теңгерімсіздікті анықтады. Атап айтқанда, шарттардың талаптары қарыз алушылардың міндеттері мен банктердің шектеусіз құқықтарына қатысты болды.
Шарттардың талаптарын, оның ішінде сыйақы мөлшерлемелерінің көлемін банктердің біржақты өзгерту, қосымша комиссияларды енгізу және/немесе қолданыстағы комиссияларды ұлғайту, шетел валюталарының бағамдарына қатысты төлемдерді индекстеуді банктер үшін тиімді жағдайларда ғана қолдау мүмкіндігін қоса алғанда қатысты болды.
Кредит дүрбелеңі кезінде кредиттерге қолжетімділік те сондай-ақ берешекті уақтылы өтеуге мүмкіндіктің болмауы туралы өтініш беруге себеп болды. Банктер сол кезде қарыз алушылардың төлем жасау қабілетіне қойылатын талаптардың шегін төмендету есебінен қаржылық мүмкіндіктері міндеттемелерге қызмет көрсетуге мүмкіндік бермеген азаматтарға қарызды барынша көбірек беруге тырыса отырып, шетелден барынша арзан ресурстарды қарызға алғаны белгілі. Сонымен қатар, банктердің кредиттердің талаптары мен олардың құнын ашып көрсетуінің тиісті деңгейі болмады.
Қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің ұлғаюына сондай-ақ: банктердің проблемалық қарыз бойынша шараларды уақтылы қабылдамауы; қарыздың негізгі борышына қатысты сыйақыны, айыппұл мен өсімпұлды өтеудің басымдығы себепші болды. Яғни, мерзімі өтіп кеткен кезде бірінші кезекте өсімпұл, одан кейін сыйақы және соңғы кезекте негізгі борыш бойынша берешек өтелді. Ұлттық валютаның бағамын түзету де тиісті рөл атқарды.
– Осы өткір мәселелер жүйелі және маңызды түрде шешілді. Сондай-ақ, нарықтың барлық қатысушыларының өкілдерін тарта отырып. Нәтижесінде заңнама қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тұрғысынан алғанда қаншалықты өзгерді?
– Айтарлықтай өзгерді деп айтуға болады. Анықталған кемшіліктер мен теңгерімсіздікті түзету үшін 2006 жылдан бастап банктер клиенттерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін арттыру жөнінде бірқатар нормалардың қабылданғанын еске саламын. Мәселен, есептеу әдістемесі қабылданды және банктердің қарыздар мен салымдардың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі деп аталатын нақты құнын ашып көрсету туралы талаптар белгіленді. Одан кейін қарыздар/салымдар шарттарында ЖТСМ көрсету міндеті енгізілді. Бұл клиенттерге барлық ықтимал шығысты есептей отырып, кредиттер мен депозиттердің нақты құнын бағалауға, бірнеше банктің осындай өнімдерінің құны мен талаптарын салыстыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ 2008 жылы қазанда заңнамалық деңгейде банктердің жеке тұлғалармен жасалған қарыз шарттарына қызмет көрсету бойынша сыйақылар мөлшерлемелердің мөлшерін, тарифтердің, комиссиялардың және басқа да төлемдердің мөлшері мен есептеу тәртібін біржақты өзгертуіне тыйым салынды. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шартында сыйақының белгіленген немесе өзгермелі мөлшерлемесін белгілеу туралы талап енгізілді; мөлшерлемені есептеу тәртібі айқындалды, мұнда базалық көрсеткіш ретінде ҚР ҰБ қайта қаржыландыру мөлшерлемесі айқындалды. Қабылдаған нормалармен тартылатын ресурстар қымбаттаған кезде банктердің тәуекелдерін қарыз алушыларға аударып тастау, сондай-ақ қарыз алушыларға қатысты емес себептер бойынша борыштық жүктеменің ұлғаю тәуекелі алып тасталды.
2011 жылы ипотекалық кредиттерді құқықтық реттеу және кепілге салынған мүлікті соттан тыс өткізу кезінде анықталған олқылықтар реттелді. Бірқатар маңызды нормалар қабылданды. Атап айтқанда, кепіл беруші жеке тұлғадан жазбаша бас тарту болған кезде кепілге салынған мүлікті соттан тыс өткізуге тыйым салу, сондай-ақ МҚҰ мен кредиттік серіктестіктердің кепілге салынған тұрғын үйді соттан тыс өткізуге тыйым салу енгізілді. Банктік салым шарттары бойынша жаңа комиссияларды енгізуге тыйым салынды. Банктердің бірқатар міндеттері де көзделді. Оның ішінде – кепілдің қалған объектілерінің құны жеткілікті болған кезде қарыздың өтелуіне қарай кепіл объектілерін босату. Банктік салым шарттарын ресімдеуге және мазмұнына, шарт алдындағы негізде толық консультациялар беруге қойылатын талаптар айқындалды.
Бұл тізбе ауқымды және әлеуетті ипотека алушы осы ережелермен таныса алады. Барлық құжаттар ҚР ҰБ сайтында кеңінен қолжетімді.
– Заң шығарушылардың түзетулердің үлкен блогын қабылдау жұмысы практикада қалай орын алды, шағым-талаптар, келіспеушіліктер, даулар азайды ма?
– Өкінішке қарай. 2011 жылдан кейін, түзетулер күшіне енген кезде, өтініштерді жүйелі түрде талдау қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша жүйелі шаралардың қосымша кешенін қажет ететін мәселелердің болуын растады.
Сондықтан 2015 жылдың аяғында заңнамаға теңдессіз түзетулердің үлкен блогы қабылданды. Олар қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендетуге, сол сияқты болашақта қарыз алушылардың міндеттемелерінің сыртқы факторларға тәуелділігін алып тастауға бағытталды. Қабылданған заң – оны қысқаша айтқанда Жұмыс істемейтін кредиттер туралы заң деп атайды – ағымдағы жылдың басында күшіне енген бірқатар шараларды көздейді. Атап айтқанда, заңда шетел валютасымен кірістері жоқ жеке тұлғаға шетел валютасымен ипотекалық қарыздар беруге тыйым салу көзделген.
Ипотекалық тұрғын үй шарты бойынша міндеттемелердің мерзімі өткен соң 180 күннен кейін есептелген сыйақы мен тұрақсыздық айыбын талап етуге тыйым салу; сондай-ақ осындай қарыз бойынша негізгі борышқа сыйақы мен тұрақсыздық айыбын капиталдандыруға тыйым салу енгізілді.
– Жаңа түзетулер толығымен күшіне енді ме?
– Кейбір нормалар ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап қолданыла бастайды. Мысалы, 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз бойынша жоғары тұрақсыздық айыбын (өсімпұл мен айыппұл) есептеуге тыйым салу ретіндегі норма. Норманың кері күші бар. Жоғарыда көрсетілген күннен кейін төленбеген өсімпұл болған кезде ол жаңа талаптарға сәйкес қайта есептеледі. Бұл нақты түрде қарыз алушының тұрақсыздық айыбы бойынша күнделікті төлемін 10 еседен астам төмендетеді.
Сонымен қатар, қарыз алушының ақша жеткіліксіз болған кезде мерзімі өткен негізгі борышты және сыйақыны бірінші кезекте өтеу құқығы көзделген және оның төлем қабілеттілігі ұзақ болғанда – тұрақсыздық айыбы мен айыппұлдарды соңғы кезекте өтеу құқығы көзделген. Түзетулердің бұл блогы барынша үлкен және олармен ашық түрде танысуға болады.
2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушылар үшін тағы бір маңызды норма күшіне енеді – қарыз алушы жеке тұлғаның шотынан шотта тұрған және/немесе түсетін сомадан 50%-дан аспайтын ақшаны өндіріп алуға шектеу қою.
Заң бірқатар заң аясындағы актілермен нығайтылады. Олар мәселенің практикалық жағына қатысты. Мысалы, банктік қарыздар және микрокредиттер бойынша жүйелі төлемдерді есептеу әдістемесі. Комиссиялар мен төлемдердің толық тізбесі айқындалды, банктер және ХҚҰ оларды қарыздар беру және қызмет көрсету кезінде қарыз алушылардан өндіріп алуға құқылы. Егер бұрын банктерге кредиттердің құнын айтарлықтай қымбаттататын түрлі комиссиялар мен төлемдерді белгілеуге шектеу қойылмайтын болса, енді олар 11-ден астам комиссия және өзге төлемдер ала алмайды. Бұдан басқа, жасырын түрде қосымша сыйақы мөлшерлемесі болып табылатын қарыздарға қызмет көрсетуге комиссия алу құқығы толық алып тасталды.
Сонымен қатар, нарыққа шығарылған өнімдерге талдау жүргізу мақсатында қаржы ұйымдарының және ХҚҰ-ның осындай өнімдердің белгіленген тізбесіне сәйкес жаңа өнімдерді нарыққа шығару туралы реттеушіге хабарлау міндеті белгіленген. Бұл қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзушылықтардың ықтималдылығын біршама қысқартуға мүмкіндік береді.
Осылайша, қазіргі кезде клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелеріндегі банк қызметі көбінесе халықаралық құзыретті органдардың ұсынымдарына сәйкес келеді және қаржы секторының барынша үстеме реттелген бөлігі болып табылады.
Ағымдағы жылдан бастап басқарма қызметі сақтандыру қызметі нарығында клиенттерді қорғау жүйесін күшейтуге жұмылдырылады. Атап айтқанда, сақтандыру өнімдерінің талаптарын зерттеу, реттеудегі кемшіліктерді анықтау, сондай-ақ нарыққа қатысушылармен бірлесе отырып өнімдерге талаптарды әзірлеу мақсаты болып табылатын ерікті сақтандыру саласында үлкен талдау жұмысын жүргізу талап етіледі. Қоғамдық бірлестіктермен қарыздары жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген қарыз алушыларға қолдау көрсету үшін ұсыныстар мен тетіктерді әзірлеу бойынша жұмыс та жалғастырылады.
– Қарыз алушылардың мәселелері өзектігін жоғалтты, алайда толық шешілген жоқ. Бүгінгі күні ипотекалық күн тәртібінде не тұр?
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында, ҚР ҰБ ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешуге 130 млрд. теңге бөлгенін еске саламыз және «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасын іске асыруда. Оның мақсаты – жалғыз тұрғын үйді сақтап қалу, 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде қарыз алған қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің деңгейін төмендету. Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша тұрғын үй жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген жеке тұлғалардың 355 911 ипотекалық қарызы болды. Олардың ішінде 1 279 млрд. теңге (76,8 %) сомаға 333 511 теңгемен қарыз және 386,2 млрд. теңге (23,2%) сомаға 22 400 валюталық қарыз. 405,8 млрд. теңге сомасындағы 41 424 қарыз бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен төлем тіркелген. Бағдарлама шегінде 25 000 шартты қайта қаржыландыру жоспарланып отыр. Олардың ішінде 92 млрд. теңге сомасындағы 16 000 – валюталық қарыз және 38 млрд. теңгеге жуық сомадағы 9000 теңгемен қарыз.
Қаражатты игерудің револьверлік сипатын ескере отырып, қайта қаржыландырылған қарыздардың сомасы шамамен 47 000 болуы мүмкін. 15 маусымдағы жағдай бойынша банктерге 22 000 астам өтінім берілді, олардың ішінде 97 млрд. теңгеден астам сомаға 16 121 өтінім мақұлданды.
Қоғамдық бірлестіктердің, банктердің және ҚР ҰБ-тың бірлескен іс әрекеттері арқасында 2014 және 2015 жылдары 9800-ден астам қарыз алушыларға көмек көрсетілді. Міндеттемелерді орындау талаптарын өзгертуге қатысты, оның салдарынан қарыз алушылардың көбі өздерінің төлем тәртіптерін жақсартты, кейбіреуі кредиттерін жапты, проблеманы шешу жолдарын іздестіру үшін уақыт алды. ҚР ҰБ-тың бастамасы бойынша 2014 жылы бірқатар банктермен және қоғамдық бірлестіктермен азаматтарды жалғыз баспанасынан жылыту беретін маусымда шығаруға тыйымды көздейтін меморандумға да қол қойылды.
– Біздің азаматтарымыздың Ұлттық Банктің мамандарынан жеке консультация алу мүмкіндігі бар ма? Заңды оқитын және түсінетін адам аз екені ешкімге құпия емес...
– ҚР ҰБ-да Алматы қаласы, Әйтеке би көшесі, 67 (тел. 727 2 619-213) мекенжайы бойынша 2014 жылдан бастап Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істеп жатыр, онда біздің мамандар күн сайын азаматтарға консультациялар береді және қаржы ұйымдарының қызметті көрсетуімен байланысты мәселелер бойынша құқықтық көмекті көрсетеді. Мысалы, 2015 жылы Қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтініш берген 1 067 азаматқа консультация берілді. Олардың 80%-ын ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша консультациялар құрады. Өңірлерде тұратын азаматтар да консультация алу үшін Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарына өтініш берулеріне болады.
– Ипотекалық қарыз алушылар бойынша барлық әлеуетті проблемалар жойылды деп айтуға сенімді емеспін. Ұлттық Банк бұл салада жұмысын жалғастыра ма?
– Қазіргі кезде біздің мамандар жұмыс істеп жатқан мәселелер тұрғын үйін кепілге қойған қарыз алушыларды одан әрі қолдауға бағытталған.
Бағдарламаға қатысушы банктермен өзара қарым-қатынас жасау және ынтымақтастық туралы меморандумды жасау көзделді. Меморандумның өзекті мәселесі – қарыз алушыларға қолдау көрсетудің қосымша құралдарын әзірлеу мақсатында қарыз алушыларды жалғыз баспанасынан шығаруды бір жылға тоқтата тұру. Қазіргі уақытта әрбір банкпен меморандум талаптары пысықталуда.
Сонымен қатар, біз салықтық жеңілдіктер мәселесінің жүйелі шешімін тапқымыз келеді. Бірқатар жағдайларда банктер, қарыз алушылардың борыштық жүктемелерін жеңілдету мақсатында, негізгі борыш сомасының және қарыз бойынша өзге берешек сомасының бір бөлігін не барлығын есептен шығаруға дайын. Қолданыстағы салық заңнамасында қарыз алушылардың жекелеген топтарының қарыздары бойынша берешекті есептен шығару кезіндегі төленетін ақылардан банктерді босату көзделген. Алайда, бұл норма жеткіліксіз. Сондықтан қазіргі таңда Ұлттық Банк Салық кодексіне қарыз алушыларды, сондай-ақ банктерді және бағдарламаны іске асыруға уәкілетті ұйымдарды қарыз алушылардың берешегін кешіру кезінде туындайтын салықтарды төлеуден босатуды көздейтін бірқатар түзетулер әзірледі. Оның ішінде, қарызды 2015 жылғы 18 тамыздағы бағам бойынша конвертациялау нәтижесінде қарыз алушыға қойылатын талаптардың мөлшерін азайту кезінде. Бірақ ол үшін мүдделі органдардың келісімі талап етіледі.
Валюталық қарыз алушылардың және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылардың проблемалары да шешімін таппай тұр. Халықты әлеуметтік қорғау мемлекет саясатының бір бағыты болып табылатындығын ескере отырып, Ұлттық Банк қазіргі таңда ахуалды жан-жақты талдауда әрі осындай қарыз алушыларға қолдау көрсетудің шетелдік тәжірибесін зерделеуде.
– Тағы бір өзекті мәселе – көптеген адамдарға ауыртпалық салған валюталық бағамды түзету. Оның ішінде, банк салымшылары үшін де. Мемлекет шығындарды барынша азайтуға уәде берді. Бұл жағдай қалай болуда?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, депозиторлардың құқықтарын қорғау, ұлттық валютаға сенім білдіру мақсатында, ҚР ҰБ басқармасы Жеке тұлғалардың ұлттық валютамен ашылған депозиттері бойынша өтемақы төлеу тәртібін бекітті. Ол жеке тұлғалардың 2015 жылғы 1 тамызда 1 000 000 теңгеден аспайтын сомада теңгемен ашылған мерзімді салымдары бойынша ҚР ҰБ қаражатының есебінен өтемақы төлеуді көздейді.
Банктер ұсынған ақпарат бойынша, 2016 жылғы мамырдың соңында жеке тұлғалардың арнайы шоттарындағы сомалардың қалдығы 69,2 млрд. теңге болады. Болжамды өтемақы сомасы 60,2 млрд. теңге.
Бұл, ҚР ҰБ-тың қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі көп жылдық жұмысы туралы қысқаша мәлімет. Қаржылық қызметтер нарығындағы ахуалды, оған сыртқы факторлардың ықпалын, тұтынушылар өтініштерінің мазмұнын әрі себебін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылын тереңінен талдау заңнама нормаларының олқылықтарын анықтауға және оны қайта қарауға мүмкіндік береді.
Қысқа мерзімді перспективада тұтынушыларды қорғаудың ең тиімді нысандарының бірі ретінде халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейін арттыруға баса назар аудару жоспарланып отыр. Азаматтарда дербес қаржы саласындағы қажетті білім мен дағдының болмауы, ойланбай шешімдер қабылдауы көбінесе көпшілігіміз үшін аянышты жағдайларға әкеп соғады. Бірінші кезекте – өзімізге біршама борыштық ауыртпалық қабылдау. Үкімет пен Ұлттық Банктің 2016-2018 жылдарға арналған экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары шеңберінде, қазіргі таңда Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасының жобасы дайындалуда, біз оны екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп іске асыратын боламыз.
Әңгімелескен
Алевтина ДОНСКИХ
Қоғамдық қабылдау бөлмесі
Қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғау мақсатында Алматы қаласында Әйтеке би к-сі, 67 мекенжайы бойынша ҚР ҰБ Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылған.
Мұнда күн сайын сағат 10.00-ден бастап сағат 17.00-ге дейін (сағат 13.00-ден бастап сағат 14.00-ге дейін үзіліс) Ұлттық Банктің мамандары қаржылық қызметтерге байланысты азаматтарды, заңды тұлғалардың өкілдерін, дара кәсіпкерлерді қабылдауды жүргізеді.
Атап айтқанда, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша консультациялар беріледі, банктік, сақтандыру, зейнетақы салаларындағы, сол сияқты бағалы қағаздар нарығы саласындағы қолданыстағы заңнамалардың нормалары түсіндіріледі. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен бірлесіп проблемалық қарыз алушылардың екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың өкілдерімен кездесулері ұйымдастырылуы мүмкін. Өтініштерді қабылдау және оларды мәні бойынша одан әрі қарауды қамтамасыз ету «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қару тәртібі туралы» ҚР Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқа аймақтардың тұрғындары – қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқықтық көмек және консультациялар алу үшін Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарының қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімдеріне өтініш жасай алады.
Бөлімдердің, сондай-ақ ҚР ҰБ Қоғамдық қабылдау бөлмесінің міндеті мыналар: қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісінше деңгейін қамтамасыз ету; қаржылық және микроқаржылық қызметтер көрсету/тұтыну мәселелері, осы қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізу. Сондай-ақ қызметтерді көрсету және жеке және заңды тұлғалардың келіп түскен өтініштері бойынша ақпаратты жария ету кезінде заңнамалық түрде белгіленген талаптарды сақтау бойынша қаржы нарығы субъектілерінің және микроқаржы ұйымдарының қызметін жоспардан тыс және құжаттамалық тексерулерді жүргізу олардың құзыретіне кіреді.
Қоғамдық қабылдау бөлмесіне және аумақтық филиалдарға өтініш жасау үшін алдын ала жазылу талап етілмейді.
Анықтама үшін телефон (727) 2 619-213.
Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарының байланыс деректері:
Филиал
Аты-жөні
Телефоны
E-Mail
Мекенжайы
Орталық филиал
Айтқожина Клара Орынбайқызы
+7 (7172)
70 33 33
ast_80@nationalbank.kz
010000, Астана қ., Бейбітшілік к-сі, 21
Ақмола филиалы
Бесембаев Дархан Наурызбайұлы
+7 (7162)
25 07 25
kokch_80@nationalbank.kz
020000, Көкшетау қ., Әуезов к-сі, 214
Алматы қалалық филиалы
Башанов
Серікбай Құрманбайұлы
+7 (7272)
44 36 78
Af_80@nationalbank.kz
050000, Алматы қ., Панфилов к-сі, 98
Алматы облыстық филиалы
Диханчинов Бағлан Мұраталдыұлы
+7 (7282)
24 00 50
tald_80@nationalbank.kz
040008, Талдықор-ған қ., М.Төлебаев к-сі, 58/64
Атырау филиалы
Қабесов Асланбек Шеркешбайұлы
+7 (7122)
32 23 10
Atyur_80@nationalbank.kz
060002, Атырау қ., Уәлиханов к-сі, 2а
Ақтөбе
филиалы
Оспанов Нұрлан Тұрсынғалиұлы
+7 (7132)
21 14 59
akt_80@nationalbank.kz
030006, Ақтөбе қ., Асау Барақ к-сі, 45
Шығыс Қазақстан филиалы
Сертаев Мұрат Маратұлы
+7 (7232) 25 49 13
vko_80@nationalbank.kz
070019, Өскемен қ., Қазақстан к-сі, 3
Жамбыл филиалы
Әзімханов Ерлан Жандосұлы
+7 (7262)
45 85 82
zhumb_80@nationalbank.kz
080000, Тараз қ., Қазыбек би к-сі, 137
Батыс Қазақстан филиалы
Хайрлиева Валентина Сергеевна
+7 (7112)
50 93 28
ura_80@nationalbank.kz
090000, Орал қ., Досмұхамедов к-сі, 16
Қызылорда филиалы
Әбенова Забира Әбділатипқызы
+7 (7242)
27 70 20
kyz_80@ nationalbank.kz
120019, Қызылорда қ., Жақаев к-сі, 20
Қостанай филиалы
Қуанышбаев Әсет Ахмеджанұлы
+7 (7142)
53 27 89
kost_80@nationalbank.kz
110000, Қостанай қ., Баймағам-бетов к-сі, 195
Қарағанды филиалы
Худякова Анна Васильевна
+7 (7212)
41 93 71
kar_80@nationalbank.kz
100000, Қарағанды қ., Бұқар жырау д-лы, 19
Маңғыстау филиалы
Машанов Нұртас Бағдаұлы
+7 (7292)
43 54 59
Mang_80@nationalbank.kz
130000, Ақтау қ.,
23- шағын аудан
Павлодар филиалы
Жүсіпова Светлана Мұратбекқызы
+7 (7182)
32 39 10
Pavl_80@nationalbank.kz
140000, Павлодар қ., академик Сәтбаев к-сі, 44
Солтүстік Қазақстан филиалы
Дәуренбекова Алма Манайдарқызы
+7 (7152)
46 06 09
petro_80@nationalbank.kz
150000, Петропавл қ., Қазақстан Конституциясы к-сі , 6
Оңтүстік Қазақстан филиалы
Оспанова Мәрияш Баянқызы
+7 (7252)
21 26 37
chimk_80@nationalbank.kz
160012, Шымкент қ., Төреқұлов к-сі, 2
Мөлшерлеменің бәрі бірдей емес
Базалық мөлшерлеме дегеніміз не және ол ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінен қалай ерекшеленеді? Бұлардың қайсысына көңіл бөлген жөн?
Майра Д., студент, Алматы
Сұраққа ҚР ҰБ Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий ТУТУШКИН жауап береді:
– Базалық мөлшерлеме ақша нарығындағы номиналдық пайыздық мөлшерлемелерді реттеуге мүмкіндік беретін Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының негізгі құралы болып табылады. Базалық мөлшерлеменің деңгейін белгілей отырып, реттеуші орта мерзімді кезеңде бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі мақсатқа қол жеткізу үшін ақша нарығының таргеттелетін (нысаналы) қысқамерзімді мөлшерлемесінің нысаналы мәнін айқындайды.
Ұлттық Банк, өзінің бағалауы бойынша, орта мерзімді кезеңде инфляцияның нысаналы бағдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін деңгейде базалық мөлшерлемені белгілейді. Ақша нарығының таргеттелетін қысқа мерзімді мөлшерлемесі TONIA индикаторы, яғни Қазақстанның қор биржасындағы автоматты репо секторында бір жұмыс күні мерзімімен жасалған репо ашу мәмілелері бойынша орташа сараланған пайыздық мөлшерлеме болып табылады. Базалық мөлшерлеменің өзгеруі жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының бағытын айқындайды. Базалық мөлшерлеменің азаюы теңгедегі қаражат құнының төмендеуіне, ал артуы керісінше жоғарылауына ықпал етеді. Осылайша, базалық мөлшерлеменің деңгейін өзгерте отырып, ҚР ҰБ экономикадағы теңгедегі қаражат құнын басқарады.
Бұл ретте, базалық мөлшерлеме мен қайта қаржыландыру мөлшерлемесі әртүрлі құралдар болып табылатындығын атап өту қажет. 5,5%-ға тең қайта қаржыландыру мөлшерлемесі фискалдық қызметті орындайды және зиянды өтеу, алынбаған пайданы есеу үшін өсімпұлдар, айыппұлдар есептеу кезінде пайдаланылады. Қазіргі уақытта қайта қаржыландыру мөлшерлемесі ақша-кредит саясатының операциялары үшін пайдаланылмайды. Осылайша, Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының бағытталуын көрсететін нақты экономикалық индикатор ретінде базалық мөлшерлемеге көңіл бөлу қажет, өйткені базалық мөлшерлеме ғана ақша нарығындағы мөлшерлемені қалыптастырады, олар өз кезегінде, екінші деңгейдегі банктердегі кредиттік ресурстардың құнын қалыптастырады.