Леонид Слуцкий футболдан Ресей құрамасының бас жаттықтырушылығы қызметінен бүгін ресми түрде кетті. Ресей футбол одағының (РФС) сайтында 30 маусым күні осындай ақпар жарияланды.
«РФС Леонид Викторович Слуцкийге кәсіби қызметі үшін алғыс айтып, оған жаттықтырушылық жолында табыс тілейді. Ресей ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабы жөніндегі ақпарды оның түскен кезінде жариялайды», - делінген РФС сайтында.
25 маусымда Слуцкийдің ұлттық құрама ұстаздығы қызметінен кетіп, бар күш-жігерін ЦСКА командасы төңірегіне топтастыратыны хабарланған болатын.
Леонид Слуцкий құрама тізгінін 2015 жылғы тамыз айында қолға алып, оны Еуро-2016-ның финалдық кезеңіне шығарған болатын. Францияда өткен чемпионатта бұл команда үш ойынна небәрі 1 ұпай алып, топтық турнир кестесінде ең соңғы орында қалып қойды.
Талғат РАЙЫМБЕК.