• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2016

«Алтын Сұңқар» алғандар

489 рет
көрсетілді

Он жылдан бері Қарағандыда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін облыс әкімінің «Алтын Сұңқар» сыйлығымен марапаттау рәсімі дәстүрлі түрде өтіп келеді. Жалпы, бұл игі шара кезінде Қарағанды облысының әкімі болған, бүгінде Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің бастамасымен туындаған болатын. Өңірдің үздік журналистеріне арналған салтанат жылдағыдай Қарағандыдағы кеншілердің мәдениет сарайында өтті. Бұл күні байқаудың қатаң сүзгісінен өткен жергілікті журналис­тер мен репортерлер, операторлар мен фототілшілер және ре­дакциялардың техникалық қызметкерлері облыстағы таны­мал тұлғалардың қолынан «Ал­тын Сұңқардың» мүсіншесі мен 250 мың теңге мөлшеріндегі сыйақысын алып, қуанышты сәтті бастан кешті. Дәстүр бойынша конкурс жүлделері 10 аталым бойынша табыс етілді. Жеңімпаздар қа­тарында Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газеті редакторының орынбасары Сара Смағұл («Ең­бек адамы» тақырыбын үздік жариялағаны және насихаттағаны үшін»), Теміртау қалалық «Вечер­няя газета» басылымының тіл­шісі Лидия Фролова («Өндіріс тақырыбын үздік жариялау»),  «Қазақстан-Қарағанды» об­лыстық телевизиясының ре­дак­торы Свет­лана Шульц («Әлеуметтік та­қырыпты үздік жариялау»),  Қарқаралы аудандық «Қарқаралы» газеті редакторының орынбасары Аян Қызкин («Ауыл тақырыбын үздік жариялау»),  Саран қалалық «Саран газеті» басылымының тілшісі Нұрбану Баймұхамбетова («Белсенді өмір­лік ұстанымы үшін»), «Новый вестник» газетінің тілшісі Анас­тасия Машнина («Жылдың үздік шығармашылық жұмысы»),  Ақтоғай аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің корректоры Әлия Ибраева («Мәнер мен атқарымдылық үшін»),  Қарағанды қалалық «5 канал» арнасының үйлестірушісі және тілшісі Алина Ақбаева («Алғашқы табыстары үшін»), республикалық «Астана» телеарнасының операторы Мақ­сұт Сарабаев («Объектив шебері») болды. Біз үшін қуанышты жайт, көп жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетінің  Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет еткен, бүгінгі күнде құрметті еңбек демалысына шыққан қарымды қаламгер Айқын Несіпбай  да «Мамандыққа адалдығы үшін» аталымы бойынша жүлдеге ие болды. Ал «Алтын Сұңқар» байқауы­ның «Қарағанды журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін»  аталымы бойынша бас жүлдесіне Серік Ақсұңқарұлы лайық деп танылды. Ақынға жүлдені облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков табыс етті. Марапаттау рәсімі кезінде өңір басшысы БАҚ өкілдерін төл мерекемен құттықтады. «Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Сіздер билік пен қоғам арасында дәнекер болып, екі жаққа тиімді диалог үшін қолайлы жағдай тудырып жүресіздер. Адамдарды біріктіріп, кең ауқым­дағы ағарту және түсіндіру жұ­мыстарын атқарып та біздің қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер», деп БАҚ өкіл­дерінің еңбегіне жоғары баға берді облыс әкімі. Үздік журналистерді марапаттау кешінде осы салтанатқа арнайы шақырылған әнші Мәдина Сәдуақасова мен жергілікті өнер­паздар мерекелік көңіл-күйдің хо­шындағы журналистер мен кеш қонақтары алдында әсем ән­нен шашу шашты. Ал кеш жүр­гізушілерінің бірі белгілі теле­жүргізуші Айгүл Мүкей болды. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ