Астанада тұңғыш рет өткізілді
Кеше кешкісін Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала әуені» халықаралық этно-фольклор-джаз фестивалі ұйымдастырылды.
Аталған концертті Астана күніне арналған ерекше сый ретінде қабылдауымызға әбден болады. Өйткені, ауқымы кең бұл фестивальде Әзербайжан, Армения, Түркия, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген музыкалық ұжымдармен қоса, қазақстандық елорда қонақтары да өз өнерлерін ортаға салды. Осылайша әсем ән мен тәтті күй елорда аспанында қалықтады.
Бағдарлама шеңберінде шеберлік-сабақтарын өткізу, фестивальге қатысушы үздік өнерпаздар мен қонақтардың гала-концерті, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі сияқты бірқатар ережелер қамтылған.
Тоқтала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы мұндай этно-фольклор-джаз фестивалін тұңғыш рет өткізіп отыр. Ал этностиль – бүгінде халықтық бағыт ретінде танымалдығы артып келе жатқан стиль. Бұл – өмірдің барлық саласына, соның ішінде музыка бағытына да қатысты жайт. Заманауи музыка этно-фольклордың элементтерімен тамаша үйлесіп, қазіргі заманғы қазақстандық музыка мәдениетінің жеке бағыты ретіндегі ерекше этностық стильді құрайды.
Бүгінде Қазақстанда музыканың классикалық бағыттары, соның ішінде джаз бағыты қарқынды түрде дамуда. Джаз – еркін музыка, импровизация және адам ойын білдірудің үйлесімді синтезі болып табылатын қазіргі заманғы музыкалық бағыт. Осы ерекшелігімен де ол Азия халықтарына, соның ішінде Қазақстан халқына түсінікті әрі жандарына жақын.
Фестивальдің негізін этно, фольк вариацияларында орындалған джаз классикасы құрады. Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды сияқты ірі қалаларда джаз музыкасының әртүрлі конкурстары мен фестивальдері өткізіледі.
ҚХА аясында бірінші ашық этно-фольклор-джаз фестивалінің өткізілуі этномәдени бірлестіктердің қатысуымен музыкалық ортаның дамуындағы жаңа белес болып табылады.
Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА