• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Шілде, 2016

Ветеринария саласы салдыр-салақтықты көтермейді

950 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың 21 маусымы күні «Егемен Қазақстан» газеті­нің 117-санында жарияланған «Ауы­лы­ңызда мал дәрігері бар ма?» деген мақалада ветеринария саласының ардагері, әріп­тесім Базарбай Сатай қозғаған мәсе­лелер өте өзекті. Бұл жөнінде ал­дағы уақытта оң қозғалыс жасала­тын шығар деген ойдамыз. Жасы­ратыны жоқ, қазір бір-біріне бағын­байтын ветеринарлық мекемелер көбейіп, жұмыс сапасы күрт төмендеді. Ауданымызда ауыл шаруашылығы бөлімінде ветеринар маман, ветеринарлық бөлім, ветеринарлық станса, ветери­нарлық учаске, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті­нің аудан­дық аумақтық инспекция­сы, вете­ринар­лық зертхана бар. Бұрын ветеринарлық стансамен бірге ветзертхана ғана болды. Облыстағы ветеринарлық бақылау және қада­ғалау комитетінің инс­пек­циясын­да, облыстық ветери­нар­лық басқар­ма­да қаншама адам бөлмеден бөл­меге қағаз тасып бостан-босқа жүр. Бұдан мал басы айтарлықтай көбейіп, малдарда болатын аурулар аза­йып кеткен жоқ. Бұл жөнінде Базар­бай Сатай өте дұрыс айтқан. Қағаз жазудан, малдан алын­ған сынамаларды зертханаға өткізу­ден көрген ветмамандардың қиындығы мен машақаты малмен алысқанынан да көп. Ветстанса мамандары малға сырға тағып, оларды компьютерлік базаға тіркеуге міндетті. Жалпы, ветеринария саласына жетекші тағайындаған кезде оның біліктілігі мен іскерлігіне, өз маманды­ғын ұна­та білу қасиеті­не баса мән бері­луі қажет. Бұған қоса, сала ма­ман­­­­­дарын аудан және облыс дең­­гейін­де жыл жарым, екі жылда ат­тес­­та­циядан өткізіп отырған жөн. Сонымен қатар, Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті­нің облыстар мен аудандардағы аумақ­­­тық инспекция басшылары «Вете­ри­нария туралы» заң талап­тарын қатаң талап ете алатын қыз­мет­керлер болуы қажет. Атал­ған заңға құлақ аспай, өздері қожа, өз­дері би болып жүрген кейбір кәсіп­­к­ерлер мал-жануарларына еш­бір ветеринарлық құжаттар алмас­тан облыстан облысқа, тасымалдаумен айналысып жұқпалы аурулар таратуда. Оған ветеринарлық саланы басқарып отырған басшылар байқамаған сыңай көрсетіп, ешбір шара алмай отыр. Ауру малды кәсіпкер, тасымалдаушы, қайдан тиеді, автокөлікке тиелген мал қасапханадан болсын, басқа жерден болсын, қозғалған кезде сол мекеменің, аумақтың ветеринар маманы неге қарамайды? Жұқпалы ауру шыққан уақытта, оған тиісті әкімшілік шешімдер алынса, Үкімет мемлекеттік қор­дан мал иелеріне тегін вакцина бер­­гіз­дірер еді. Осындайдың кесірі қарапайым тұрғындарға тиіп, малдары шығынға ұшырап, ауру жануар­ларын емдетуге, алдын ала екпелеуге вакцина, дәрі-дәр­мектерді қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Өлген малдарының құны мал иелеріне төленбейді. Соңғы уақытта мал иелері бруцеллезге қан алдырудан бас тарт­қан­дықтан, «Ветеринария туралы» заңның 25-ші бабы талаптарын бұзу әрекеттері көбейіп кетті. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Мәселен, «Ертең малым бруцеллез болып шықса, маған құнын өтейтін қаражат бермейсіңдер, шарбағымда сойып алайын десем тағы рұқсат жоқ, қасапханаға апарып сойып алып келуіме 100 шақырым жерге көлік жалдауым керек. Малды алып кетем деп, мен бағасына келісіп, келіп тұрған мал дайындаушыға тағы бергіздірмейсіңдер, айыппұл саламыз деп, 2014 жылы ауру малдарын қасапханаға тапсырған мал иелері жануарының тек елу пайыз құндық ақысын алды да, калған ақша әлі берілмеуде», деп наразылық біл­ді­руін орынсыз дей алмасақ керек. Осы себепті бруцеллез ауруымен ауыратын малдар жойылмай қалады да, ауру жалғасын таба береді. Оның үстіне ауру ірі қара аналығы міндетті түрде бұзауымен бірге жойылуға тиіс. Ал кей уақыт­тарда мал иелері бұзауларын жасырып алып қалып, ауру малдың орнына болашақта сөзсіз бруцеллезбен ауыратын тұқым ұстап отырады. Оған қосымша ауру шыққан қожалық пен серіктестіктің, мал үйірінің, мал қорасының ауру малдары жойылғаннан кейін, қалған малдарды соңғы екі дүркін зерттеу­де теріс (отрицательный) нәтижеге жеткізу, мал орны залалсыздандырудан өткізілуі міндетті екенін мамандар ескере бермейді. Жалпы, бруцеллез ауруын ауыз­дықтау бағытында аудан, ауылдық округтер әкімдері, олардың орынбасарлары, мекеме, кәсіпорын, серіктестік, қожалық басшылары, қарамағындағы жұмысшы-қыз­меткерлерінен күнделікті ветеринар мамандардың қызметтік талаптарына атсалысып отыруларын талап етпейінше, бұл ауруды азайту екіталай. Осы жұмысқа ветеринар мамандар, әсіресе, медицина мамандары, СЭС қызметкерлері, ветеринарлық-фитосанитарлық полиция саласымен бірлесіп кіріскені тиісті нәтижелер әкелер еді. Ал енді, шығысқазақстандық ветеринария саласының ардагері Базарбай Сатайдың қазіргі кездегі аудандық ветеринарлық станса мамандарының айлық жалақы­лары жөнінде көрсеткен мөлшерлері шын­дық. Таңғалдыратыны, бас­тық­тың жалақысы 120 000 теңге бол­са, малмен алысып жүрген ветеринар 38 000 теңге ғана алады. Бұл жерде дұрыстық жоқ. Малдың мүйі­зін ұстап жұмыс жасаған маман­ның жалақысы кем дегенде 75 000 теңгедей болуы қажет. Сол уақытта ғана одан жұмыс сапасын талап етіп, жұмыс сұрауға болады. Қазір олар тек істеп келсем болды, түбі осы жұмыстан кетем ау деумен жүріп жатыр. Осыған қоса айтарым, мамандардың қыз­меттік сапасы төмендеп кеткен, себебі, қолынан басқа жұмыс келетін мамандар ақысы жоғары қызмет­тер­ге, кәсіпкерлікке ауысып, өз шаруа­шы­лықтарын құрып, кетіп қалған. Ал олардың орындарына үйде жұмыс таба алмай отырған қыз-келін­шектер келген. Олар біраз уақыттан соң бала тауып, бала күтімі демалыстарында отырады. Нәтижесінде жос­пар­лы ветеринарлық шаралар­дың толығымен орындалмай қалу қаупі көп. Жоғарыдан аудандарға берілетін ветеринарлық жоспарлар да қате жасалады. Төменнен жобасы берілгенімен, ол өзгертіледі. Мәселен, қыстақтағы 150 бас ірі қа­ра­сының тек аналықтарын жұқпалы ауруларға зерттеуге береді. Ал қалған бойдақтарды зерттеуді кейінге қояды. Қазіргі уақытта мал бастары аналығы да, бойдағы да, жылқысы да жазғы орындарда бірге бағылып, жайылатыны белгілі. Аналық малдарынан қан алып зерт­теп келгенде, бойдақтардың ар­а­сын­дағы ауру қоздырғышын тасымалдаушы мал ауруын тарата береді емес пе? Сол себептен табындағы малды үлкенді-кішісін, барлығын бірге зерттеу керек. Тағы да еске салайын дегенім, сол табын малдарын бруцеллезге соңғы екі қан алуда, теріс нәтижелік сараптама алу, мал қорасын дезинфекциялау міндетті. Жасыратыны жоқ, кейбір мамандар сау малдың дене қызуы мөл­шерін, антибиотиктердің егу өлшем­дерін, ветеринария саласын­дағы заңдылықтар, ережелер, нұс­қа­малар талаптарын білмейді. Осы­ған орай аудандар, облыс орталық­тарын­­да сала бойынша болып жат­қан жаңалықтармен таныс­ты­рып, аса қауіпті жұқпалы аурулар­мен күресу шаралары жөнінде 2-3 күн­дік болса да, пысықтау курстары ұйымдастырылғаны жөн болар еді. Білімді ветеринар маман ха­лық­тың алдында беделі болып, сала жұмы­сының абыройын арттырар еді. Болат ДОСМАҒАМБЕТОВ, ветеринар-дәрігер Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы