[caption id="attachment_51827" align="aligncenter" width="560"] Фото: ulas.kz[/caption]
Бұл оқиға Астананың маңында болған. Оны 2000-шы жылдардың басында «Егемен Қазақстан» әлде «Астана ақшамы» газетінің біреуінен оқыған едім. Дәл қазір есімде жоқ. Авторының аты да есімде қалмапты. Есімде қалғаны, материалдың Астананың маңындағы Қабанбай батыр ауылының тұрғындары туралы жазылғаны. Осы мақаланың қай жылы газетке шыққанын іздеп таппадым. Бірақ, сол материал әлі еміс-еміс есімде. Автор оқиғаның Есіл әлде Нұра өзенінің жағасында болғанын, онда адам мен иттің достығы, иттің адамға деген адалдығы туралы жазған еді. Қысқасы, сол оқиға туралы автор былай жазған.
Сол кезде Қабанбай батыр ауылына көшіп келген ерлі-зайыптылар бірнеше жыл балалы болмай жүреді. Екеуі он жылға жуық уақыт бірге тұрса да баланың қызығын көре алмай, дәрігерлерге тексеріліп, емшілерге барып, әбден қиналады. Енді бармаған дәрігері, емшісі қалмаған соң, екеуі ажырасу туралы да ойлай бастайды. Бірақ, екеуінің махаббаты, бір-біріне деген ынтық сезімдері сонша, ерлі-зайыптылар бір-бірінен айрылғысы келмейді. Уақыт бір орында тұра ма. Осылай уақыт өтіп жатқанда бір күні екеуі көшеде өздеріне жақсы таныс адамды кездестіреді. Ол ерлі-зайыптылардың бұрыннан бала сүйе алмай жүргенін біледі екен. Сол адам оларға жаздыкүні өзеннің жағасына барып, киіз үй тігіп, Құдайдан бала тілеп, уақытты сонда өткізу туралы айтады. Ерлі-зайыптылар одан мұның себебін сұрап, тұщымды жауап алмаған соң үйлеріне қайтып кетеді. Екеуінің үйге бара жатқандағы ойлары сол өзен, сол киіз үй, бала. Ал үйге келген соң шай үстінде күйеуі манағы әңгімені еске салып, келесі жазда өзен жағасына барып, киіз үй тігуді айтады. Келіншегі оған бірден келіседі. Сөйтіп, олар жаз шыға өзеннің жағасына барып, киіз үй тігеді. Күнделікті тіршілікпен айналыса бастайды. Қастарына иттерін алады. Қазақ итті жеті қазынаның бірі дейді ғой. Сол иттері отағасы болмағанда киіз үйдің күзетшісіне айналып, бейтаныс адамдарды үйге жолатпайды. Осылай уақыт өтіп жатқанда келіншегі аяғының ауыр екенін айтып, күйеуін бір қуантып тастайды. Ал келесі жылы шекесі торсықтай сәбиді босанады. Осы күні ерлі-зайыптылардың басқа арманы жоқ еді. Көптен бері күткен бала дүниенің есігін ашып, екеуіне бақыт сыйлайды. Сәби бесікке бөленеді. Анасы оны күн сайын емізіп, бесікте тербетсе, баланың әкесі жұмысына барып, үйдің шаруашылығымен айналысып жүреді. Күйеуінің «Киіз үйге жақындай бергенде іңгәлаған сәбидің дауысының шыққаны қандай жақсы!», деп іштей жиі-жиі айта беретініні де осы кез еді. Сөйтіп жүргенде бір күні отағасы жаман түс көреді. Түсінде қара жылан киіз үйге кіріп, баланың жанына бара жатады екен. Осыдан шошып оянып, қара терге түседі. Жанында жатқан жары не болғанын сұраса оған ештеңе айтпайды. «Жай әншейін, бір түс көрдім», деп қоя салады. Келесі күні жауын жауады. Ерлі-зайыптылар жаңбыр астында сыртта қалған заттарды киіз үйге кіргізіп, біраз әбігерге түседі. Жауын басылып, күннің шуағы көрінген соң киіз үйдегі заттарды сыртқа шығарып жүргенде сәбидің жылаған дауысы естіледі. Сол кезде отағасының «Бұл не дауыс? Баламыз бұлай жыламайтын еді ғой. Үйге біреу кірді ме?» деп ойлап, ойына бірден ит түседі. Ол уақыт создырмай айбалтаны алып, киіз үйге жүгіреді. Әйелі де бір жамандықты сезіп, үйге қарай шалынып-сүрініп жетеді. Киіз үйге келсе тып-тыныш. Дыбыс жоқ. Бір кезде есіктен аузы қанға боялған, тілін жалақтаған иті атып шығады. Отағасы көп ойланбай, жеткен жерің осы екен деп итті айбалтасымен бір-ақ ұрады, ит қансырап кетеді. Қолындағы айбалтасын лақтырып, киіз үйге кірсе, бесіктегі сәби аман-есен. Екеуі нәрестені құшақтарына алып, көздеріне жас алады. Осы кезде ерлі-зайыптылар көз жастарын бір сүртіп, жерге қараса, бесіктің ар жағында кеше отағасы түсінде көрген қара жылан қан-қан болып жатыр екен.
Жалпы, мұндай оқиғалар ертеректе Астананың төңірегіндегі ауылдарда көп болған деседі. Астананың өзінде де адам сенгісіз оқиғалар болған. Мысалы, Алматыдан, басқа жақтардан Астанаға көшіп келген адамдар үйдегі елестер туралы көп айтады. Соның бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғимаратындағы, Сарыарқа мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында жаңадан салынған көп қабатты үйлердегі елестер. Былайғы жұрт бұл үйлерді «Свечи» деп атайды. Осы жердегі елестер туралы көп еститінбіз. ЕҰУ-де адамға көрінген елестер осы оқу орнының ректоры болған Мырзатай Жолдасбеков ірі қара мал сойдырғызып, аруақтарға құран бағыштағаннан кейін көрінбей кетті дейді. Бірақ өз көзіңмен көрмеген соң бір жағынан елеске де сену қиын. Ал Қабанбай батыр ауылының тұрғындары мен олардың иттері туралы оқиға расымен болған деседі. Осы шағын мақалаға бір ғана жетіспей тұрғаны сол кезде шыққан газеттің қиындысы. Оны газет қиындыларынан тапсам мақаланың астына саламын.
Дастан КЕНЖАЛИН