• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2016

Жауапкершілік жүгі ауыр

470 рет
көрсетілді

Қазақ билері қандай да дауды ушықтырмай ізгілендіру тәсілімен шешуде әділдікті берік ұстанып, тараптарды мейлінше татуластыруды мақсат еткені белгілі. Осыған орай азаматтарды бас бостандығынан шектеу және бүгінгі билердің әлеуметтік жағдайы секілді өзекті мәселелер турасында Алматы облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Советхан Сәкеновпен арада болған әңгімені ұсынамыз. – Советхан Сәкенұлы, әуел­гі әңгімені азаматтардың құ­­қықтық мәдениетінен бас­та­саңыз? – Осыдан ширек ғасыр бұрын еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғанын төрткүл дүниеге паш еткенде ел көңілін пәсейтіп тұрған бір жайт түрмелер толып тұрған. Статистикалық мәліметке сай сол кезде жазасын темір тордың арғы жағында өтеушілер саны бойынша еліміз әлемде алғашқы үштікке ілінгенін көрсетті. Ал қазір түрмеде отыр­ғандар азайды. Бұл егемен елімізде жылдар бойы жүйелі түрде дұрыс жұмыс істелінгендігін көрсетеді. Оған дәлел жетіп-артылады. Түрлі деңгейде қандай да бір қылмыс жасалып, ол бұлтартпас дәлелдерімен сотқа түсті ме, заңнама шеңберінде кінәлі тұлғаға айыппұл салынып, қоғамдық жұмысқа тартылып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалуда. Ол қылмыстық заңды ізгілендіру болып саналады. Мақсат – түрмедегілерді азай­ту. Жасаған қылмысына сай айыппұл салуды кеңінен қолдану Конституция нормаларында көр­­сетілген. Елбасы: «Судья – ха­лықтың ары. Сондықтан елдің ары таза әрі кіршіксіз болуы тиіс. Ешқандай дүниеге сатылмайтын азаматтар ғана судья болып қызмет істеуі тиіс», деп салиқалы ой айтты. Бұл сөз біздің жүрегіміздің бір бұрышынан орын алып, санамызға сіңіп қалды. Қандай да бір шешім қабылдап, үкім оқитын сәтте ол санада сан мәрте жаңғырады. Себебі, судья да ет пен сүйектен жа­ра­тылған жұмыр басты пенде ғой. – «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары аясында сіз басқарып отырған алқада қандай жұмыс­тар атқарылуда? – Ұлт Жоспарының 11 қада­мында сот саласын өркен­детудің нақты жолдары айтылған. Істеліп жат­қан сол игілікті істерге, жақ­сылықтарға зор үлесін қосып отыр­ған Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми: «Соңғы жылдары апелляциялық сот төрелігі сот жүйесінде негізгі рөлін жоғалтып алды. Дегенмен, нақты осы саты, барлық әлемдегідей неғұрлым беделді және шешуші рөл атқаруы тиіс», – деген еді. Заңды, әділ сот үкімін, шешімін шығаруда апел­ляциялық алқаға да үлкен талап, зор жауапкершілік жүктеліп отыр. «Өмірдің өзі қамшының сабындай-ақ қысқа», дейді қазақ. Онсыз да қысқа өмірде даудың тез арада шешім тапқаны қай жағынан болсын дұрыс емес пе? Бұрынғы бес сатылы сот жүйесі  үш сатыға қысқарды. Әрине, өте жақсы. Медиация да, яғни тараптарды бітімге келтіру, татуластыру жағы да өзінің оңды нәтижелерін беріп жатыр. «Бітімшілікке тоқта­мағаннан береке іздеме», «Дау мұраты – біту...» деп қазақ бекер айтпаған. Бабаларымыздың ұла­ғатқа толы терең ойлы сөздерін жады­мызда ұстап, тәжірибеде қол­дансақ нұр үстіне нұр болар еді. – Мерзімдік басылымдарда өзекті мәселе ретінде көте­ріле бастаған судьялардың әлеу­меттік жағдайы жайлы нақты мәліметтерді келтіре отырсаңыз... – Бұл ретте айтарым, еліміз­дегі бас басылым «Егемен Қазақ­стан» газетінде осы жылдың 22 сәуірінде жарияланған Алек­сандр Тасболатовтың «Жария­ланбаған жайдың жай-жап­сары» атты мақаласында сот жүйе­­сіндегі қордаланып қалған біршама мәселелер жақсы айтылды. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхан: «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің бетінің жақсы жағына қарамайтындай жағдайға қою шарт» деген екен. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Бір рет әділ билік шығару алпыс тоғыз рет қажылық парызды орындап келуден ауыр, әрі абзал болуы мүмкін». «Елге бай құт емес, би – құт». Ғұламалардың осы айтқандарынан судьялардың қоғамдағы, мемлекеттік билікте алатын орны мен әлеуметтік жағдайының қандай дәрежеде болуы керектігін айқын көреміз. Егер судьяның жалақысы мол болып, тұрмыстық қажеттілігіне толық жетіп тұрса, парақорлыққа қай судья барады. Бәрі жеткілікті болса судьялардың 90-95 пайызы арына кір шалдыратын пара­қорлықтан, жемқорлықтан үзілді-кесілді бас тартады. Дәл осы тұста айта кетерім, бізде антқа деген адалдық бар. Сол адалдығымен судья беделі таразыланады. Сон­дықтан судьяға парақорлық деген сөзді телу түсінігінен ада болған ләзім. Рас, бес саусақ бірдей емес екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Дегенмен, айтылып та, жазылып та жатқан келеңсіздіктердің барлығына жетіспеушілік итермелеуде. Жұмыр басты пенде болған соң тең-тұсынан қалмай ел қатарлы өмір сүру үшін ұсынылған параның заңға қайшы екендігін біле тұра, сол бір жетіспеушілікті жабамын деген желеумен қолын былғайды. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, бір былғанғаннан соң, оны тоқтату қиын. Әрине, ол антқа адалдық емес. Қанша тарықса да қолын былғаған судьяны ақтамақ түгілі онымен тілдескің де келмейді. Дегенмен, айтарым, заңды түрде расталмаған мәселені заңсыздық, парақорлық деп дүрсе қоя берудің алдында аптықпай, сабырлылықпен судьяның сол әрекетке не үшін барғанын да бір сәт екшеп, сараласақ арты әлеу­меттік жетіспеушілікке тірейді. Сондықтан материалдық тұрғыда тәуелділікке ұрынып әрі қаражатты көргенде шыдай алмағандар қолын былғайды. Міне, арты жақсылыққа апармайтын парақорлықтың бір кінәраты – осы. – Судьяға жүктелген жауап­кершілікпен бірге түсетін салмақ күні-түні жұмыс істейтіндігі де бір мәселе деген ойыңызды тарата айтып берсеңіз? – Бүгінде сот жүйесінде әйел судьялар көп. Әрине, бұл жерде жынысқа бөлу түгілі ол туралы айтудан аулақпын. Қозғап отырған ойым, дүниеге нәресте әкелген ана заң бойынша үш жылға дейін бала күтімін жасау үшін демалысқа шығады. Ал оның орнына өзге судьяны жұмысқа ала алмайды. Бұл заңмен қорғалған. Демек, босанған судья әйелдер балаға күтім жасау үшін демалысқа шыққанда, оның орнына басқа судьяның тағайындалмауы, соның салдарынан, әсіресе, екі не үш құрамды соттардағы жүктемелер басқа судьялардың жұмысын көбейтіп салмақ түсіретіндігінде. Ол үшін судьяларға қосымша ақы да төленбейді. – Тіл мәселесіне деген пікі­ріңіз қандай? «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» немесе «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды» деп Ахмет Байтұрсынұлы, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтып кеткендей, қазақ ұлты жоғалмауы үшін, біріншіден, жаным да, қаным да қазақ деген әрбір азамат өз ана тілінде сайрап тұруы қажет. «Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің» – деп Ғұмар Қараштың айтып кеткені тағы бар. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құр­меттеу отаншылдық рухты оя­туға қызмет етеді, әрі ата-баба ал­дын­дағы ұлы парызымыз да» – деген сөздерін әрдайым есімізде ұстағанымыз жөн. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы