• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2016

Шымбұлақтың Куршевельден несі кем?

655 рет
көрсетілді

Біз еліміздің аспанында ұшып жүрген торғайымызды мақтаса да, мәз болып қалатын халықпыз. Бұл көңілдің ақтығын, жүректің тазалығын білдіреді. Тегінде мақтанатын нәрсеге мақтана, қуанатын нәрсеге қуана білгенге не жетсін! Елімізге қатысты қуана жария етуге жарамды жақсы хабарлар әрдайым болып тұрады. Соның бірі – жақында әлемге әйгілі Forbes журналының ресейлік бөлімшесі Алматы түбіндегі Шымбұлақ шаңғы курортының әлемдегі ең таңдаулы топ-ондықты бастап тұрғандардың бірі екенін атап көрсетіпті. Шаңғы курорттары­ның рейтингілерін анықтауды RoomGuru.ru интернат-порталымен бірге жүргізген Forbes мамандары оларды бірнеше қырынан алып қарастырған екен. Бұған курорт­тың орналасқан аумағы, табиғаты­ның жанға жайлылығы, ауасының тазалығы, онда демалу құны мен жаса­латын сервистік қызметі түгел кіреді. Бір қызығы, жаһан жұрты бүгінде қысы-жазы жапа-тармағай барып демалып жататын Альпідегі Куршевель бұл ондықтың тізімінде жоқ. Ал Алматының Шымбұлағы топ тоғысында екінші болып тұр. Осындайда бұдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген ноғайлы-қазақ­тың ұлы жырауы Доспамбет баба­мыздың «Айнала бұлақ басы тең, Азаулының Ыстанбұлдан несі кем?» деп келетін толғамды тол­­ғауы еріксіз ойға оралады. Шынын­да да Шымбұлақтың өзге жақтан несі кем? Аспанмен таласқан тау­дың ұшар басында, теңіз дең­гейі­нен 2 270 метр биіктікте, Тал­ғар асуының қия бөктеріндегі Шым­­бұлақ шатқалының қой­науын­да жатқан атыраптың ауасы қандай саф, аумағы қандай көр­кем! Мұнда тау шаңғысы спорт кешені ашылғанына да 60 жылдан асып кетіпті. Дәлірегі, 1954 жылдың қысында келушілерге құшағын айқара ашқан шаңғы трассасы содан бері көпшілікке қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. Шатқалдағы ені 25 метрге толатын жарыс жолының шаңғышылар үшін барынша қолайлы екенін де мұнда келгендердің бәрі айтады. Мамандар трассаның тех­ни­калық сипаттамасы жағынан Еуро­паның жоғары деңгейдегі жарыс жолдарының ешбірінен кем емес екенін де алға тартады. Мұндағы сырғанақ қарының сапа­сы да жо­ғары. Осылардың нәти­жесін­де Шым­бұлақ шаңғы жолында ж­оғары жылдамдық көрсетуге мүм­кін­дік береді. Соңғы жылдары шатқалға демалу үшін келетін туристер саны да артып келеді. Айталық, 2010 жылы бұлардың қатары небәрі 12 мың адам болса, келесі жылы 33 мыңнан асып түскен. Қазір 50 мыңға жуықтайды. Осында келушілер арасында кезінде көрші елдердің президенттері де, әртүрлі ханзадалар да болды. Дегенмен, шаңғы курортына атбасын тіреушілердің басым бөлігін өз отандастарымыз құрап отыр. Олар шамамен 75 пайызға тұрақталса, шетелдерден келушілер 25 пайыздың маңынан қайырылады. Ал кешенде қысқы спорт түрлеріне қызығушылық білдіретін адамдардың бәріне жақсы жағдай жасалған. Мұнда тек тау шаңғы мектебінде ғана 40-қа жуық нұсқаушы жұмыс істейді. Олар бір мезгілде 40 адаммен дербес жұмыстар жүргізе алады. Сонымен қатар, топтық сабақтар түрінде жаттығулар жасалатын болса, бірден 200 адамды шаңғы тебуге үйретуге мүмкіндік туар еді. Айтулы курорттың тағы бір ерекшелігі ретінде Медеу-Шымбұлақ аспалы жолын айтуға болады. Тасымал қашықтығы жағынан ол әлемде осындай жолдардың арасындағы үшінші орынды алады. Оның арқанымен сырғып жүретін 6 адамдық 114 кабинасы 2 мыңнан астам жолаушыны 15 минутта діттеген қапталға жеткізіп береді. Аспалы жолдың қауіпсіздік деңгейі де жоғары. Ол халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сай жасалған. Бұдан бөлек, курорттың тау шаңғы баурайлары шаңғы спорты түрлерінің халықаралық федерациясының сертификатын алған. Енді Forbes журналының топ-ондығы көшін Ресейдің Сочи өңіріндегі Красная поляна курортының бастап тұрғанын да айта кетейік. Онда жеті күндік демалыс уақытының құны 101,4 мың рубльге түседі. Ал Шымбұлақ екі адамға бір апталық жазғы дем­алыс өткізу үшін бар-жоғы 39 мың рубль алады екен. Мәскеуден ұшып келіп-қайтатын билеттің пұлын қосқанда, бұл шығын 81 мың рубльге барады. Сол сияқты бұл сапта Шахдаг (Әзербайжан, 61 мың рубль), Шерегеш (Ресей, Кемерово облысы, 65,4 мың рубль), Бакуриани (Грузия, 55,6 мың рубль), Буковель (Украина, Львов, 55,3 мың рубль), Инсбрук (Австрия, 141,2 мың рубль), Ла Молина (Испания, Барселона, 94 мың рубль), Биарриц (Франция, 151,8 мың рубль), Энгадин-Санкт-Мориц (Швейцария, Цюрих, 137 мың рубль) секілді таулы курорттар бар. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді  түсірген Досжан Балабекұлы