• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2016

ДҮБІР

318 рет
көрсетілді

Олимпиаданың басталуына 1 күн қалды Әлем көз тіккен аламан Ертең Рио-де-Жанейродағы XXXI жазғы Олимпиялық ойындар тарихтың төріне шығады. Осынау ордалы қаладағы атақты алып стадион – «Мараканада» айтулы жарыстың жалауы желбіреп, алауы тұтанады.  Салтанатты сәт Астана уақытымен сенбі, 6 тамызға қараған түні сағат 04:00-де басталады. Он алты күннің өріміндегі жан алып, жан берісетін сайыста қазақ спортшыларының алатын өз еншісі мен сыбағасы тұр. Біз сол жүлделер жүлгесінде сойы түгел сом алтыннан құйылған медальдің көп болуын қалап отырмыз. Мұнымыз және бекерден-бекер тілеген пәруайы қалау емес. Біздің саңлақтардың үй мен түзде жүріп, өздеріне үздіксіз көз қадап отырған жанкүйерлерінің сол үміттерін ақтап шығуға толық мүмкіндігі бар. Сонымен, төрт жылдық циклдың басталатын шағына тәуліктен сәл ғана асатын уақыт қалды. Дүбір тым жақын. Осыған орай «Егемен Қазақстанның» осынау бәсірелі бәсекеге аттандырған арнаулы тілшісі Бақтияр Тайжан да іске бекем кірісті. Біз бүгін оның Бразилия жерінен жолдаған алғашқы жолжазбасына да кезек беріп отырмыз. Осының өзі спорттың ұлан тойы басталып қалғанын көрсетеді. Сан емес, сапа керек Қызғалдақтар мекені сана­латын Голландия арқылы Брази­лияға келіп жеттік. Бізбен бірге грек-рим, дзюдо шеберлері мен ауыр атлеттер ұшып келді. Қазақтың бас балуаны Нұрмұхан Тінәлиевтің көңіл-күйі жақсы сияқты. «Жауапкершілікті сезі­неміз. Бірақ, алдын ала бәрін кесіп-пішіп айтуға болмайды. Жеңілу үшін емес, жеңу үшін келдік. Алланың басқа салғанын көреміз», дейді сайыпқыран. Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы, Әлем чемпионы Бақтияр Байсейітов те жігіттерге сенімді. «Барлық оқу-жаттығу жиындарын тыңғылықты өткіздік. Рас, біз Риоға үш балуан ғана әкелдік, бірақ үшеуі де әлемдік санаттағы мықты спортшылар. Жеребе жолдас болса, үшеуі де жүлдеге ие болады», дейді. Қазақстанның грек-рим кү­ресінен бас жаттықтырушысы Таңат Сағындықов та сан емес, сапаға жұмыс жасағандарын айтып қалды. Қазақ жастарынан алғаш рет самбодан әлем чемпионы болған Қанат Байшолақовтың туған інісі Талғат Байшолақов – Максим Раковтың бапкері. Максимнің өз салмағындағы барлық бал­уандарды әртүрлі жарыстарда жеңгенін дәтке қуат етіп ол отыр. Әрине, соңғы жылдары Қазақстан құрамасы серкесінің анау айтқандай жо­лы болмады. Ас­танада өткен әлем чемпионатында Максимнің көңілі қатты құлазығанын байқағанбыз. Қо­лынан келгенін аянған жоқ, бірақ күресі мандымады. Үнемі бабында болу мүмкін емес, әйтпесе осы Максим Гуанжоуда өткен Азия ойындарында моңғол халқына ғана емес, дүние жүзіне әйгілі балуан Найданның шаңын тулақтай қағып алғанын өзіміз де көрген­біз. Сол Найданға бұ­йырған бақ са­ры алтындай бауырымызға да бұйырса екен деген тілек үстіндеміз. – Олимпиялық ойындарға осал балуан бармайды, – дейді Таңат Сағындықов. – Бәрі бір-бірімен қарайлас, бір-бірінің мықты, осал тұстарын осыған дейін зерттеп, қарсы айлаға дайындалып келді. Қай-қайсының да чемпион болуға жағдайлары жетеді. Олардың қатарында біздің балуандар да бар. Бақ пен бап қатар шапса, бәрі де мүмкін. Бас жаттықтырушы уәжіне қосып-аларымыз жоқ. Сан-Паулуда Алексей Ни бастаған ауыр атлеттер Риоға бөлек рейс­пен ұшып кетті. Лондонда қазақ Әнұранын хитке айналдырған бапкерде баяғы жайраңдаған көңіл-күй жоқ. Сондықтан, ма­заламадық. Бірақ, Қазақстан ауыр атлеттері тағдыр сынағына қос қолын көтеріп берілді дегенді әсте айтуға болмайды. Ресей құрамасының жарыс жолынан алынғаны өзгелер секілді, Қазақстан құрамасына да жақ­сы мүмкіндіктер сыйлайтынын іші құрғыр сезеді. Жігіттерді айтпағанның өзінде, Жазира Жаппарқұлдың чемпиондар ауылына ат ойнатып кіруіне толық мүмкіндігі бар. Лайым солай болғай. Ал грек-рим және дзюдошылар бізбен бірге Сан-Паулуға ұшып келді. Георгий Цурцумия мен Нұрмахан Тінәлиевтің орын­дықтары қатар түсіп қалған екен, екеуі де алып атанға жүк болатындай атпал азаматтар. Біреуіне бір орындықтың өзі аздық етеді. Бір күліп алған екеуі басқаларымен орын ауысып отырды. Сам жамыраған шақта Сан-Паулудан Рио-де-Жанейроға ұштық. «Ассалаумағалейкүм, Бразилияны» осы жерде айттық. Қазақстан – арман-мақсаты үл­кен ел, әлеуеті мықты мемлекет. Спорт ойындарының падишасы Олимпиялық ойындардан әуелден аузының салымы жақсы болатын. Атақты Пеленің құт мекені Қазақстан халқына сыйлар қуанышы көп болғай. Жаратқаннан Бразилия топырағын басқанда осыны тіледік. Аспаннан шұға емес, алтын жауса... Бразилияның екі түні артта қалды. Ауа райы қоңыр салқын. Мұнда жылдың бұл мезгілі қысқа саналады екен. Күндіз қою бұлт тұтқан. Халықаралық олимпиа­да комитетінің бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатқан Руслан Меделбек: «Аға, мен келгелі он бір күн болды. Осылай түйіліп тұрады. Бірақ, жаумайды», – деген еді. Кеше Бразилия аспаны Русланның сөзін теріске шығарып, ағыл-тегіл ақтарылды. Осы күні баспасөз орталығында болдық. Расын айтсақ, спорттың дүниежүзілік аламанына әлем көз тігіп отырса да, Рио-де-Жанейро оншалықты асықпайтын сияқты. Журналистер ауылында да, баспасөз орталығында да әлі жөн­деу жұмыстары жүріп жатыр. Байқағанымыз, күзет күшті. Автомат ұстаған әскерилердің қолы шүріппеден босамайтындай көрінеді. Атты сарбаздар да көп. Олимпиада алауын алып қашу, тіпті, сөндіру әрекеті болған соң Уақытша үкімет сақтық шараларын күшейткен сыңайы бар. Олимпиадашылар қала­шы­ғында болдық. Дүние жүзінің барлық мықты спортшылары жиналған қалашықта Қазақстан байрағы көзге ерекше ыстық көрінеді. Бразилия – байлығымен мақтана алмайтын ел. Мұнда да ысырапшылықты байқай алмайсыз. Қалашықтағы көз тартар дүниелердің ішінен дөңге­лек орындықтар көзге ерекше түседі. Бажайлап қарасаңыз, кәдімгі жанармай құйылатын бөшкелерді ортасынан қақ бөліп, үстін шарбақ ағашпен қаптаған. Сырт көзге әдейі осылай жасағандай көрінгенімен, қалтаның жұтаңдығы білінеді. Шіркін, біздің Қазақстан екен ғой, халықаралық жарыс өткізсе, айды аспаннан бір-ақ шығарып, аста-төк етіп тастайтын. Қысқы Азия ойындарында молшылықтың көкесін көрсеткені естен кетпейді. Мұнда бәрі қарапайым. Бірақ оған қарап жатқан спортшылар да, журналистер де жоқ. Бәрі мәз-мейрам. Бокстан бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановты көрдік. Бері шыға алмағанымен, қазақы жігіт қолын кеудесіне қойып, бәрімен амандасып жатыр. Он екі қабат тұтас бір үйді Қытай мем­лекеті жалғыз иемденіп, жағалай туын іліп тастапты. Олимпиада қалашығынан Ұлт­тық олимпиада комитеті президентінің орынбасары Серік Қасқабасов, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсабеков және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов шығып, біраз жайтқа құлағдар етті. Күнде жиын, бас жат­тықтырушылардың міндеті, спортшылардың дайындығы пысықталып жатыр. Құрамадағы 104 спортшыға 11 адамнан құ­ралған дәрігерлер мен психолог, массажистер қызмет етуде. Елсияр Қанағатов – спорт­тың майын ішкен адам, бәрін бес саусақтай біледі. Осы Олим­пиададан қанша алтын медаль алатынымызды білгіміз келеді. – Оны Бақтияр Тайжан біледі, – деп күледі ол. – Біз білгенді сен­дер де білесіңдер ғой. Талдау жасап жүресіңдер. Барлық спорт­шылардың мүмкіндіктері белгілі. Біз де шамалағанымызбен, бәрі бір Алланың қолында. Жазушы Сейдахмет Бер­ді­құлов­тың «Аспаннан шұға жау­ған күн» деп аталатын шығармасы бар еді. Бізге салса, шұға емес, алтын жаудырып қояр едік, шіркін... Әзірге Риода жаңбыр жауып тұр. Қазы мен қымыз – қуат қайнары Олимпиадашылар қала­шығында боксшы Берік Әбдірахмановпен жүздестік. Құрама таңертеңгілік жеңіл жаттығу жасап, ас ішкеннен кейін сағат 11-де жаттығуға барады екен. Түстен кейін тағы да жаттығу қайталанады. Бокс залы қозықайырым жерде. Кейбір мемлекеттердің спортшылары Риодағы тағам сапасына разы емес. Біздің қазақ қанағатшыл ғой. Шағым жоқ. Боксшылар өздерімен бірге қазы-қарта, қымыз, қымыран әкеліпті. Әрине, олар ет жеп, қымыз ішуге келген жоқ, бірақ халқымыздың ұлттық тағамы күш береді, нағыз қорек. Жатын жайлары да жақсы. Бір бөлмеде екі адам жатады. Екі алып – Василий Левит пен Иван Дычкоға ғана жеке бөлме тиіпті. – Бәрі бір Алланың қолын­да, – дейді Берік Әбдірахманов. – Өзіміз үшін де, мемлекетіміз үшін де барымызды саламыз. Халқымыздың мерейі тасығаны – біз үшін үлкен мәртебе. Олимпиада қалашығынан соң Қазақстанның осындағы ашылған баспасөз орталығына бардық. Бұрын Бразилияда Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі болған Бақытжан Ордабаев де­легациямыздың кеңесшісі қыз­метіне кірісіпті. ҰОК жауапты қыз­меткері Жігер Әзберген екеуі соңғы әзірлік жұмыстарын тиянақтап жатыр. Баспасөз ор­талығында жеңімпаз және жүл­дегер спортшылармен кездесу өткізіледі. Қалың қазақтан Құс жолымен сүйінші сұрайтын жер осы. Орталықтың бір бұрышынан «Қазақстан – Қазспорт» мүйісі ашылды. Қазақ спортының бар жақсылықтарын насихаттайтын жаңа арнамыз осы жерден тікелей хабар жүргізеді. Ертең Олимпиада қала­шы­ғында Қазақстанның туы көтерілу рәсімі өтеді. «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН, Рио-де-Жанейродан хабарлайды Көгілдір экранға назар салыңыздар Бұдан бұрын хабарланғанындай, Рио-де-Жанейродағы XXXI жазғы Олимпиялық ойындарды «Хабар», «Қазақстан» және «KazSport» телеарналары көрсететін болады. Соның ішінде «Хабар» мен «Қазақстан» өздерінің бірінші трансляциясын 6 тамызға қараған түні бастайды. Эфир сағат 03:55-те ашылады. Төменде біз жарыстың алғашқы 3 күні ішінде республика телеарналары жүргізетін хабарлар кестесін жариялап отырмыз. Ал толық кестемен сіздер «Егемен Қазақстанның» интернет-нұсқасына (egemen.kz) 2 тамыз күні жарияланған «Олимпиялық ойындар көрсетілімі» деп аталатын хабар арқылы таныса аласыздар. Ол сайттың «Спорт» блогы аясынан орын алған. 6 тамыз 03.55 – Рио-де-Жанейродағы XXXI жазғы Олимпиялық ойындардың ашылу салтанаты. Тікелей эфир («Хабар», «Қазақстан») 17.25 – Велоспорт. Ерлер. Финал. Тікелей эфир («Хабар») 18.55 – Бокс. Тікелей эфир («Қазақстан») 23.25 – Дзюдо. Финал. Тікелей эфир («Қазақстан») 20.55 – Жүзу. Тікелей эфир (KazSport) 23.25 – Мылтық ату (пневматикалық тапанша). Финал. Тікелей эфир (KazSport) 7 тамыз 00.55 – Бокс. Ерлер. Тікелей эфир («Хабар») 02.55 – Ауыр атлетика. Әйелдер. Финал. Тікелей эфир («Қазақстан») 04.50 – Академиялық есу. Іріктеу (KazSport) 05.55 – Жүзу. Ерлер 100 метр. Брасс. Жартылай финал. Тікелей эфир («Қазақстан») 06.20 – Волейбол. Әйелдер. Сербия - Италия. Тікелей эфир (KazSport) 09.35 – Үстел теннисі. Ерлер. (KazSport) 10.55 – Теннис. Жекелей жарыс (KazSport) 13.25 – Дзюдо. Финал (KazSport) 15.25 – Ауыр атлетика. Әйелдер. Финал. Жазба («Хабар») 17.50 – Дзюдо. Ерлер. Тікелей эфир (KazSport) 18.55 – Бокс. Ерлер. Іріктеу раунды. Тікелей эфир («Қазақстан») 20.55 – Жүзу. Іріктеу раунды. Тікелей эфир (KazSport) 23.40 – Волейбол. Ерлер. Франция-Италия. Жазба (KazSport) 8 тамыз 00.55 – Бокс. Ерлер. Тікелей эфир («Хабар») 02.55 – Ауыр атлетика. Ерлер. Тікелей эфир («Қазақстан») 01.45 – Академиялық  есу (жекелей). (KazSport) 02.50 – Баскетбол. Ерлер. Хорватия - Испания. Тікелей эфир (KazSport) Бұдан бөлек, аталған телеарналардың күндізгі эфирлерінде «Олим­пиада күн­делігі» беріліп тұрады. Ұшақ сүйреп, ұран тастады Қазіргі таңда бүкіл ел болып Рио-2016 Олимпиадасына аттанған спортшыларымыздың тілеуін тілеп отырмыз. Біреу сөзбен, біреу іспен, әйтеуір қолдаудан аянып жатқан жоқпыз. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» деген осы ғой! Бұл үрдістен қарағандылықтар да қалыс қалмады. Жергілікті полиция қызметіне қарасты жол-патрульдік полициясы полкінің басшылығы облыстық ММА, бокс және ауыр атлетика федерацияларымен тізе қосып, Бразилиядағы дүбірлі додаға аттанған спортшыларымызды қолдау мақсатында елде жоқ флешмоб ұйымдастырды. Әу баста ұйымдастырушылар спортшыларға 50 тонналық Ту-154 ұшағын сүйретпек болған. Алайда, шараға қатысушыларды аяған болу керек, ауырдың орнын жеңілдеуімен – 15 тонналық Ан-26 ұшағымен алмастырды... Содан не керек, Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, Афина-2004 Олим­­пиадасының қола жүл­дегерлері: жеңіл атлет Дми­трий Карпов пен боксшы Серік Елеуов сынды саңлақтар бастаған спортшылар әлгі ұшақты тура Илья Репиннің «Волгадағы бурлактар» картинасындағыдай бәрі жабыла сүйреп, ондаған метр жерге дейін апарды. Флешмобтан соң Серік Сә­пиев журналистерге өзінің осы Олимпиадада бокстан Ұлттық құрама команда сапында 64 кило салмақта өнер көрсететін Абылайхан Жүсіповке жанкүйер болатынын айтты. – Меніңше, оның жүлде алуға барлық мүмкіндігі бар. Тек сәттілік пен дайындық серік болсын деңіз. Мен екі мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан адаммын. Сондағы түсінгенім – ешқашанда саспау керек, – деді Серік Сәпиев. Ең соңында игі шараға қатысқан 120-ға жуық спортшы «Сарыарқа» әуежайын жаңғыртып, «Алға, Қазақстан!», деп ұран тастады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ