Бүгінгі күні медиаторлардың келістіруімен және татуластыруымен біткен істің мысалдарын көп кездестіре бермейтініміз жасырын емес. Ал төмендегі жәйт осының оң мысалы бола алады.
Мәселенің мәнісі мынада. Өңірдегі ЖШС-ның біріне екінші бір серіктестік 15 миллион тенгеге жуық көлемде берешек болып қалады. Нақтырақ айтқанда, олардың бірі әріптесінен жалға алынған техника үшін ақы төлеу туралы уәдесі мен міндеттемесін орындамаған. Осыған байланысты алғашқы ЖШС жетекшісі оны көршілес әріптесінен өндіріп алу жөнінде мамандандырылған экономикалық сотқа талап-арыз жолдайды. Істің барысымен танысу кезінде дауды медиациялық келісім жолымен реттеуге болатыны жөнінде ортақ ұйғарым жасалады. Тараптар бұған келісім береді.
Өңірдегі «Татулас» медиаторлар тобының қатуысымен өткізілген келісім кезінде жауапкер он бес миллион тенгеге жуық берешек соманы өз еркімен мойындап, оны төлеуге әзір екенін мәлімдеді. Содан соң талапкер өзі жазған талап арыздан толықтай бас тартты. Тараптардың мұндай медиациялық келісімге келуі заңға қайшы келмейді. Әрі екінші жақтың құқықтары мен бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайды. Соған сәйкес сот оны бекітіп, іс жүргізуді қысқартты.
Темір ҚҰСАЙЫН