• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2016

Біріккенге береке бар

270 рет
көрсетілді

Жамбыл ауданындағы «Шай­қо­рық бағы» өндірістік коопе­ра­тиві бүгінде 50 гектар жерге қарқынды бау отырғызып, 70 адамды тұрақты жұмыспен қам­тып отыр. Кооператив төра­ғасы Альтаир Болсынбеков бұл тір­ліктің бәрі бірліктің арқасын­да жүзеге асқанын айтады. «Ал­дымен он отбасы бір коопера­тив болып бірігіп, үлкен жоба жаса­дық. Жобаның жалпы құны – 718,3 млн. теңге. Сөйтіп, Ауыл шаруа­шы­лы­ғын қолдау қорына бардық. Қар­қынды бақ отырғызудың бас­ты шарты – ең алдымен жер және бақтың күтіміне қажетті инфра­құ­рылымы болуы керек. Он от­басының жері осы талап үдесінен шыға білді. Осылайша қарқынды отбасылық бақ бағдарламасы бойынша несие алдық. Сондықтан бізге қазір тек бірігу қажет... Бірнеше ұсақ шаруашылықтар бірігіп, іріленсе, үлкен істерді қолға алар еді», дейді бұл жөнінде Альтаир Әлімбекұлы. Шынында, шаруашылық­тар­дың мидай шашылып, ұсақталып кетуі бұл саланың қарқынды дамуын тежеп, ірі жобаларды іске асыруға және озық агротехнологияларды тәжірибеде қолдануға, қомақты қаржылық инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, тұрғындар ара­сында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауылшаруашылық коо­перативтерін құру жұмыс­тарын жалғастыру назардан бір сәт те тыс қалмауы тиіс. Қазір баяғыдай бау-бақ­шамызға көшетті шанши салып, түбіне су құйып, не отырғызғанын өзі де түсінбей, зарығып барып түйін­деген кезде ғана қызыл алма, әлде сары алма екенін көріп, «е, мейлі» деп арқаны кеңге салатын заман емес. Қазір бәрі алақандағыдай анық болуы қажет. Алманың қандай сортын таңдау керек, оны қалай отырғызады, алғашқы өнімді қашан береді, қанша жылда мол өнімге қол жеткізеді, міне, осының бәрі алдын ала жоспарланады. Он отбасыдан құралған шаруашылық бұл мәселені ұзақ ақылдасып, ғаламтор ақтарып, ақырында польшалық маманға «құда» түседі. Польша – алма бағын дамы­ту мәселесінде жемісті еңбек етіп жүрген әлемдегі үш мемле­кет­тің бірі екен. – Жамбыл облысына өткен жылы келдім, – дейді бізбен әңгімесінде польшалық маман Казимир Походыло. – Шынын айту керек, алғашында бұл жер біз таңдаған алма сортын отырғызуға өте қолайсыз болып көрінді. Жазы өте ыстық. Дегенмен, топырағы өте құнарлы екен. Ағын су мәселесі де біраз қолды байлап еді. Кейінірек ол мәселе шешілді. Қазір осынау 50 гектарлық алқапта 4 түрлі алма сорттары отырғызылған. Мұның ерекшелігі, бұл алма ағаштары екінші жылы гектарына 6-7 тонна шамасында өнім береді. Төртінші жылға аяқ басқанда бұл көрсеткіш 60-70 тоннаға жетеді. Тамшылатып суару жүйесі енгізілгендіктен, су және минералды тыңайтқыш жағынан шығын өте аз. Әйтсе де күннің қызуы мол өнімді 10-15 пайызға азайтып жібереді. Сондықтан екінші жылы алма ағаштарының басын арнайы тормен көлегейлейміз. Бұл бір жағы бұршақтан да сақтайды. Мол өнімді көтере алмайтындықтан, алма бұтақтарын арнайы темірмен байлау қажет. Міне, бұл баудың отырғызу технологиясы барлық талапқа сай. Еуропада да дәл осылай отырғызылады. Өз басым осы алма егу мәселесімен 40 жылдан бері айналысып келемін. 25 гектар жекеменшік жерім бар. Міне, «Шайқорық бағы» өн­дірістік кооперативі бірігудің ар­қасында осындай ірі істерді қолға алып, көпке үлгі болып отыр. Жалпы алғанда, жеміс бақтары бүгінгі күні жоғары рентабельді, өнімдері сұранысқа ие, болашағы зор сала екені белгілі. Оның үстіне, бұл мәселеде оңтүстіктің өте қолайлы ауа райын тиімді пайдалану қажет. Сондықтан, тек алма бақтарымен ғана шектелмей, осы өңірде дәстүрлі түрде өсірілген жүзім алқаптарын да қайта қалпына келтіріп, оны тереңдетіп қайта өңдеуді ұйымдастырған да жөн сияқты. Дәл қазір елімізде таңқурай, құлпынай, шие, өрік сияқты жемістерге де сұраныс үлкен. Яғни, осы салаларды да дамытуға күш салу керек. Алынған өнімді жоғары бағаға өткеру және тұрғындарды жыл бойы қамтамасыз етіп отыру үшін заманауи жеміс қоймаларын салу да кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені, Жамбыл облысы осы өнімдерімен өз еліміздің ғана емес, көрші жатқан Ресей және Қытай елдерінің де алып нарығына кіру мүмкіндіктері бар. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры Қарқынды бақ бағдарламасы бойынша 2016-2017 жылдары 200 гектарға, 2020 жылы 500 гектарға дейін несие беру мәселесін қарастыруда. Қазір бұл бағдарлама бойынша Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында ұсақ шаруашылықтар бірігіп, біраз шаруалар атқарылуда. Расында, ауыл шаруашылығы саласы алға басуы үшін ғылыммен тығыз байланыс­та болуы керек. Еккен егін көп немесе аз өнім берсе де соның сырын зерттеп, соңғы технологияларды енгізіп отырмаса, бұл сала дамымайды. Тағы да мықты мамандар қажет. Ал ұсақ, әлеуеті аз шаруашылықтар мұндай жағдайға қол жеткізуді ойланбайды да, тіптен мүмкіндігі де жоқ. Әйтсе де шаруалар бірігудің тиімді екенін әлі де жақсы түсіне бермейді. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп, біріксе тиесілі жерінен айырылып қаламын ба деп қорқақтайтындары да көп. Шаруалардың осы түсінігін түбірімен өзгертетін уақыт жетті. Сондықтан, «Байлық байлық емес, бірлік байлық» екенін түсініп, жұмысты бірі­гуден, ұсақ қожалықтарды ірілендіруден бас­тау қажет. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы