• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2011

Сын түзелді...

427 рет
көрсетілді

Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет және өнер саласындағы ой­сы­рап кеткен олқылық­тарды «Егемен Қа­зақ­стан» газеті біраз-біраз шым­шып-шы­м­шып жа­зың­қыраған. Дәстүрлі ән өнерінің өгейсіп, дәс­түрлі ән­шілердің кө­рінбей қал­ғанын. Бұл жө­нінде Жамбыл мен Қызылорда облыстарының озып кеткенін. Жұмат Шанин атындағы облыс­тық қазақ драма театры мен опера және балет театрындағы кә­сіби-көркемдік деңгейдің құлды­рағанын... Жақында облыстық мәде­ниет басқармасының жылдық есе­бі алқалы жиын ретінде, жа­риялы түрде өтті. Оған барлық аудандар мен қалалардың тиісті басшылары, зиялы қауымның, мәдениет және өнер салалары­ның, жалпы жұртшылықтың өкіл­дері көптеп қатысты. Бас­қарма бастығы Күлия Айдарбе­кованың баяндамасы бастан-аяқ өткір сынға құрылды. Жарыс­сөзге шыққандар да нақты-нақты ұсыныстар білдіріп, құнды-құнды ой-пікірлер өрістетті. Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев облыстық филармонияны, облыс­тық қазақ драма театрын, әзіл-сықақ театрын, Жетісай драма театрын, тағы басқа да бірталай мекемелерді Оңтүстіктің өнер ордалары деудің өзі кей реттерде ұят сияқты сезілетінін айтып, қат­ты қынжылыс білдірді. Соны­мен қатар, облыстық мәдениет бас­қар­масы мен әкімдіктердің, өзге де тиісті орындардың жергілікті ақын-жазушылармен бірлесе жұ­мыс істеуді, қамқорлық жа­сауды мүлде ұмыт қалдырғанын да еске салды. Бұдан біразырақ бұрын ғана облыстық филармонияға дәстүрлі әнші Мейірбек Бекбаевтың директор, об­лыс­тық драмтеатрға да­рынды режиссер Ер­ғали Оразымбетовтің көр­кемдік жетекші, сали­қалы кадрлар са­на­тын­дағы Бастарбек Пі­рім­бетовтің директор, опе­ра және балет театрына танымал талант иелері Әбдіхан Нұрма­ғамбетов пен Иманәлі Сапаров­тың басшы боп та­ғайын­дал­ғанын, жалпы биыл мә­дениет басқармасы бюд­же­тінің 2 миллиард теңгені құрап отыр­ғанын ескерсек, Оңтүстік өнеріндегі қи­салаңдаған көштің тездетіп түзе­леріне сенгіңіз келеді-ақ. Ең бастысы, сын түзелді. «Сын түзелмей, мін түзел­мейдіні» қайран қазақ бекер айтпаған шығар. Мархабат БАЙҒҰТ.