• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2016

Сан мен сапа

746 рет
көрсетілді

немесе шынайы экономикалық өсімнің басты көрсеткіші қандай? Бүгінде ішкі жалпы өнім деген сөздің өте жиі қолданылатыны сондай бұл сөздің мағынасын білмейтін адам өмірде кем де кем. Кез келген елдің экономикалық әлеуетін көрсетер кезде біздің бәрі­міз де ең алдымен осы сөзді қол­да­намыз. Осылайша, қысқартып айт­қанда, ІЖӨ ұғымы қазіргі уақыт­та экономикалық өсімнің бас­ты көр­сеткіші болып табылады. Енд­е­ше, бұл сөз қашан және қалай пай­да болды және ол шынайы өмір жағ­дайы­на қаншалықты сәйкес келе­ді деген сауалдың кім-кімді де қызық­тырары анық. Кейбір дереккөздерге жүгінер болсақ, ішкі жалпы өнім ұғымын 1934 жылы америкалық экономист Саймон Кузнец ұсынған көрінеді. Осы орайда, Ресей империясының Пинск деп аталатын қаласында туып-өскен С.Кузнецтің АҚШ-қа қо­ныс аударғанға дейін Харьков ком­­­мер­циялық институтында оқы­ға­­нын да айта кеткен жөн. Кейін бұл ғалым экономика бойын­ша Нобель сыйлығының лауреаты атан­ған. Міне, осы С.Кузнецтің енгізген жаңалығына дейін әлемде ешкім­нің де елдердің эконо­мика­лық қызметі туралы бұл сияқты түсінігі болмаса керек. Сондай-ақ, 1939 жылға дейін «макроэкономика» деген терминнің де мүлде қолданылмағанын ескерте кеткеннің еш артықтығы жоқ. Тек 1939 жылдан кейін ғана эко­но­микалық қоғамдастық осынау экономикалық категорияны бір­тін­деп қабылдай бастаған. Ал эко­номи­ка тақырыбына жазатын журналистер болса өз тараптарынан оның барынша кең танымал болуына үлестерін қосқан. Осындай себептерден де бүгінде біз қандай да бір мемлекеттің экономикалық күш-қуаты туралы білгіміз келсе, былай­ғы экономикалық көрсет­кіш­терді кейінге қалдыра тұрып, бірінші кезекте оның ішкі жалпы өніміне назар аударамыз. Бұл түсініктің санамызға берік енгені сондай, біз одан басқа да бір жол болуы мүмкін-ау дегенді мүлде ойымызға да алмаймыз. Дейтұрғанмен, С.Кузнец ІЖӨ өсімі мен экономикалық немесе әлеуметтік әл-ауқаттың артуы арасына теңдік белгісін қоюдың дұрыс еместігін айтып кезінде өз әріптестеріне ескерту де жасаған екен. Өйткені, ІЖӨ есебі тек сандық сипатқа ғана ие болып, өндіріске және тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты ақша операцияларын ғана есепке алған. Сондықтан да ол адам мен экономика қатар өмір сүретін әлеуметтік және табиғи жүйенің қағидатты түрдегі толық емес көрінісіне ғана негізделген. Оның сыртында, ІЖӨ-ні есептеу әдістемесі пайдалы қазбаларды өндіру табыс болып табылатындықтан, белгілі бір дәрежеде елдің табиғи ресурс­тарының сарқылуын да жоққа шығармайды екен. Сол арқылы оларды болашақта талдап, игеру арқылы табыс табу мүмкіндігіне нұқ­сан келіп, адамдардың өмір сүруі үшін қажетті экожүйе бүліну­ге ұшырайтын көрінеді. Егер осы бағытта елеулі еңбек сіңі­ріп жүрген Украина Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Богдан Данилишиннің келтірген пайымдауларына сүйенер болсақ, 1930-жылдары және одан кейін де адамзат бүтіндей алғанда белгілі бір дабырашылдық көңіл-күйге бой алдырып, қоршаған ортаның ластануы деген сияқты «ұсақ-түйекке» онша назар аудара қоймаған. Барлық жерлерде дерлік өндірістің бақылаусыздығы салдарынан туындаған парниктік әсерге байланысты планетамызда табиғаттың жылынуы анық байқала түскен қазіргі уақытта ғана Кузнецтің осыдан 80 жыл бұрын жасаған ескертуі еске түсе бастаған сыңайлы. Соның өзінде де бүкіл әлемде сая­саткерлер мен экономис­тер өздерінің еңбектері мен сөйле­ген сөз­дерінде әлі де болса бұрын­ғы­сынша ел ІЖӨ-сінің өсімін оның дамуының аса маңызды фак­торы деп санап, ІЖӨ-ні жаппай ұл­ғайту жөнінде шаралар қабыл­дау­ға шақыруда. Олардың айтулары­на қарағанда, елдің дамуы ІЖӨ өсіміне әркезде де пара-пар. Осындай себептен да Қытайда ІЖӨ-нің өсуі жақсы көрсеткіш ретінде бағаланып, 30 жылға жуық уақыттан бері ІЖӨ-сі өспей келе жатқан Жапониядағы стагнация (өнеркәсіп құлдырамайтын және өсім де болмайтын жағдай) қол­дауға ие бола алмай келеді. Деген­мен, Жапониядағы жағдай шыны­мен де нашар ма? Міне, жоғары­да өзіміз келтірген академик Б.Дани­ли­шин дәл осындай сауал қояды. Батыс елдеріндегі кумулятивтік, яғни жинақталған қауырт өсімнің Бірінші өнеркәсіптік революциядан кейін басталғанын біз экономика тарихынан жақсы біле­міз, дейді аты аталған ғалым. XIX ғасырдың басынан бастап бұл елдер ІЖӨ-нің өсу қарқыны бойынша әлемнің өзге елдерінен көш бойы ұзап шықты. Сол сияқты, дәл осы мемлекеттерде ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көрінісі де еселене түсті. Осылайша, XX ғасырдың басы­на таман ол елдер ІЖӨ бойын­ша бұрынғы көш бастаушылар Қытай мен Үндістанның тиісті көр­сет­кіштерінен айтарлықтай асып түскен. Осындай ойларын ортаға сала келіп, академик күтпеген түйін жасайды. Яғни, оның айтуын­ша, іс жүзінде ХХ ғасырға дейін ғылы­ми экономикалық ең­бек­терде экономикалық өсім­дегі тех­но­логиялардың рөлі еш ес­керіл­мей келген. Бәлкім сондықтан да болар, кейбір елдердің бірінші кезекте технологиялық даму деңгейі, экономиканың сапалық маз­мұны жағынан айырмашылықтары болғанымен, оларды өзара ІЖӨ-нің номиналды көрсеткіштері бо­йынша салыстыру әлі күнге дейін жалғасып келеді. ІЖӨ-нің бұл көрсеткіштері ақша мен сапа­лық сипатқа ие болғандықтан мұн­да теориялық тұрғыда қарама-қай­шылық жоқ дейді украиналық ғалым. Сондықтан да төмен маржалы астық өндіретін ел мен жоғары маржалы компьютер шығаратын ел бір бірімен ең алдымен өнімнің құны бойынша салыстырылады. Сондықтан да Кузнецті жете түсін­беген экономистердің ұғымдары бойынша молекулалық генетикада, робот техникалардың жаңа үлгі­лерін жасауда, «ұқыпты өндіріс­тің» тың тәжірибелерін енгізуде әлемде алдыңғы орындарда келе жат­қан жоғары технологиялы Жапония экономикасында стагнация орын алуда. Оның есесіне, дәл сол экономистердің пайымдауын­ша, өзінің табиғи ресурстарын адам денсаулығы үшін зиянды өнеркәсіптік өндіріс барысында аяусыз шығындап, өздерінде ора­сан зор экологиялық апат айм­а­ғын құрып үлгерген және еш­кім тұрмайтын «елес-қалалар» сал­ған Қытайда таңғаларлық эконо­ми­калық өсім бар. Осындай мысалдарды келтіре отырып Б.Данилишин осының бәрі бүгінгі таңдағы экономистер мен саясаткерлердің С.Кузнец сияқты экономикалық ойшылдардың идеяларын дұрыс түсінбеуінің салдары деген қорытынды жасайды. Бұл аз десеңіз, оның ойынша, сапалы эко­номикалық көрсеткіштерді елде өн­дірілген өнімнің сандық өсу көр­сеткіштерімен алмастыру шынайы ахуалға, соның ішінде ұлт денсаулығына да кері әсерін тигізуде. Бұған ғалым меди­ци­на­­дағы тамаша табыстарға қара­мастан АҚШ-та түптің-түбінде алуан түрлі ауруларға апарып соқтырып жатқан ар­тық сал­мақ проблемасының, қара­пайым тілмен айтқанда, шектен тыс семіз­діктен арылудың ше­шім таппай отырғандығын мысал ретінде келтіреді. Одан әрі ғалым ойын нақ­тылай түсу үшін өз еліндегі жағ­дайларға жүгінеді. Оның келтір­ген деректері бойынша, 2015 жылы ХВҚ мәліметтеріне сәйкес Украина ІЖӨ-сі 90,5 млрд доллар құрап, 86,6 млрд долларды көрсеткен Словакияның ІЖӨ-сінен 4 млрд долларға жуық артық болып шыққан. Осы көр­сет­кішке сенсек, біз шамамен алған­да Словакиямен бірдей өмір сүру­деміз, дейді ғалым. Осылай дей келіп ол технологиялық даму мен оның тиімділігі, гуманитарлық даму (ең алдымен білім беру мен ден­саулық сақтау) деңгейі жағынан Словакияның өз елінен әлдеқайда артық тұрғанын мойындайды. Ол аз десеңіз, Сло­вакияның Еуропада автомобиль шығарушы ең ірі елдердің бірі және Шығыс Еуропада техно­логиялық көшбасшы екенін, сонымен бірге, өмір сапасының үлестік көрсеткішін арттыруға қол жеткізіп жатқанын, ал Украинаның негізінен шикізат сатумен ғана шектелетінін де жасырмайды. Міне, осындай дәйектер мен дәлелдерді келтіре отырып, ғалым ІЖӨ көрсеткішін экономикалық өсімнің басты көрінісі ретінде алу тұйыққа апарып тірейтін жол деген өз пайымын білдіреді. Одан әрі ол жалпы адам өмірінің сапасы, соның ішінде украиндар да бар, тек қана сандық көрсеткіштермен айқындалмайды, дей келіп, бізге бүгінде экономикалық конформист болуды, яғни үнсіз бас шұл­ғи берушілікті қойып, ІЖӨ көр­сет­­кішіне маңыз беру сияқты ес­кір­ген экономикалық теорияны басшылыққа алудан бас тарту қажет. Сөйтіп, қазіргі таңда әлемде басталған Төртінші өнеркәсіптік революция шеңберінде украиналық ғылымның сапасын, ұлттық өн­діріс­­тің технологиялылығы мен тиім­­­ділігін арттыруға бағыт ұстану керек деген кесімді сөзін айтады. Әрине, бұл жерде ғалымның өз елі туралы сөз сабақтап отырғаны түсінікті. Дегенмен, экономикалық өсімнің шынайы көрсеткішіне лайықты баға беру ісінің әлемнің кез келген елі үшін өзекті мәселе екенін де мойындау жөн. Біле-білсек, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да бүгінгі таңда жүргізіп отырған экономикалық саясаты жоғары технологиялы өндірістер өрісін ұлғайтпайынша әлемдік рынокта бәсекеге қабілетті, уақыт талабына жауап беретін экономика құру мүм­кін емес дегенге келіп саяды. Олай болса, Елбасының ұс­танған бағы­ты мен алға қойған мақ­сат-мін­дет­терін басшылыққа ала кел­генде, украиналық ғалымның ой-пайым­дарынан көп нәрсені үйрену­ге болатын сияқты. Тек өндірістің құ­лағын ұстап, экономика саласын­да тер төгіп жүрген біздің лауазымды тұлғаларымыз соған ден қойса игі... Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»