• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2016

Дәстүрге адалдың діңгегі берік

935 рет
көрсетілді

Адамзаттың ортағы – Жер жарықтықтың бір бұрышында болған жақсылық я жамандық оның басқа қияндарына да жетпей қоймайды екен. Бейбітсүйгіш біздей елге соның жақсылығы ғана керек еді... Ислам атын жамылып, күллі дүниеге лаң салғандар Алланың адал мұсылмандарын әлемдік қоғамдастық алдында ақталуға мәжбүрлеп жүр. Әр жерде бір бұрқ етіп, жазықсыз жандарды ұлардай шулатқан террорлық әрекеттердің себептері қандай, олардың алдын алуға бола ма? Осы төңіректегі сауалдармен біз «Нұрлы білім» теріс діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің дін мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы РАНТ мүшесі Р.М.СЫЗДЫҚОВҚА жолығып, сұхбат құрған едік. – Рүстем Мәлікұлы, осыдан біраз бұрын Ақтөбеде болған жантүршігерлік оқиғалар қо­ғам­ды тағы да қобалжытты. Бұл ис­ламофобияны біздің елде де кү­шейтпей ме? – Кейінгі оқиғалар Ислам дініне көлеңке түсіргені анық. Әлемдік ауқымдағы тұжырымдарға талдау жасап көрсек, дүниежүзінің, оның ішінде отандық та бұқа­ралық ақпарат құралдары «Ис­лам – террордың діні» деген сыңай­­дағы біржақты пікірге бейім тұрады. Шындығында, Ис­лам – бейбітшілікке, татулыққа шақы­ратын дін. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайдың өзі сол: дін мәселелерінен хабары жоқ кей адамдар әлгіндей жантүршігерлік істерге барып, өздерін таза исламдамыз деп жариялаған азғантай топтардың әрекетінен дәстүрлі мұсылман қауымы сондай екен деп жатады. Шын мәнінде, олар дәстүрден алшақ салафия-ваххабия ағымының өкілдері. Көпке топырақ шашуға болмайды. Кей азаматтар Ислам дінінің сақал қою, хиджаб кию тәрізді сырт келбеттік сипаттарын құптамайды. Бірақ, дұрыс түсініңіздер, оның бәрі дәстүрлі дін туралы білімнің аздығынан жасалатын тұжырымдар. – Сіздердікіндей ұйымдар бүкіл Қазақстан бойынша жұ­мыс істеуде. Жер-жер­дегі имам­дар да алдын алу жұмыс­тарын жүргізуде. Қоғам­ды бүлді­ру­шілермен күреске не жетіс­пейді? – Біріншіден, елдегі халықтың басым бөлігі діннен хабарсыз, діни сауатын ашуға деген құлқы да жоқ. Дәстүрлі діндердің негізгі тұжырымдарын және олардың теріс ағымдардан айырмасы неде екенін әрбір азамат білуі тиіс. Сонымен қатар, жұмыс істеп жүрген дін қайраткерлерінің көпшілігінде сонша бір терең діни білім жоқ. Халықтың дін туралы сауатын көтере білсек, біз теріс ағымдардың әпербақан идеология­сына қарсы тұра алар иммунитет қалыптастыра алар едік. Екіншіден, кейбір елдердің оң тәжірибесінен үлгі алып, аталмыш теріс ағымға заң жүзінде тыйым салу қажет. Айталық, сонау 1999 жылдың өзінде Ресей Федерациясының Дағыстан Рес­пуб­ликасында «Дағыстан Рес­пуб­ликасының аумағында вах­хабиттік және өзге де экстремистік қызметтерге тыйым салу тура­лы» заң күшіне енді. 2009 жыл­дың басында Тәжікстанның Жоғарғы соты да «Салафия» діни-фун­даменталистік ағымының қызметін заңсыз деп тауып, оның ел аумағында әрекет жасауы­на тыйым салу туралы шешім шығарды. Осындай заң актілері РФ Чешенстан Республикасында, Өз­бек­стан мен Ингушетияда да бар. – Экстремистер өзгелерді өз қатарына қандай әдістермен тартады және болашақ ради­калдардың жасына шек қойыла ма? Олар көбінесе Ислам­ның қандай аяттары мен қағи­да­ларына иек артады? – Идеологиялық өңдеуге алынатын құрбандардың әлеуметтік портреті қанша уақыт өтсе де өзгерген емес – олардың бәрі дұрыс діни сауаты жоқ жастар (17-30 жас). Теріс ағымның жетек­­шілері радикалды идеологияны олардың санасына айдай анық ақиқат ретінде құя біледі, сендіре білетіндері сонша, олармен ешкім таласпайды да. Бұл Құранның кейбір аяттарын бұрмалап түсін­діру жолымен жүзеге асырылады. Діни терминологияны бұр­малап түсіндіру діндар адамды ақида мәселелерінде әбден шатас­тырып, таухид, иман, күпірлік, мазһаб, масих және ширк ұғым­дары туралы түсінігін тас-талқан етеді. Сонымен қатар, орта­ғасырлық мұсылмандықты қайта жаңғыртуға бағытталған уто­пиялық ұмтылысқа бейім тұрады. – Балалары радикалдар шыр­мауына түсіп қалмауы үшін ата-аналар неге көңіл бөл­гені жөн? – Баланың мінез-құлқының ғана емес, сырт келбетінің де өзгере бастауына көңіл аударып отыру қажет. Діни мағынадағы жаңа сөздер айта бастаса назар аударған жөн. Негізі, мағынасы жаман болмаса да, бір сөздерді жиі қайталаса, аса жақсы емес. Сақал өсіріп, шалбарының балағын шолтитып, қара киім киюге әуестене бастауы мүмкін. Дәстүрлі Ис­лам діні мен қазақтың ұлттық дағдысына сай, мінәжаттан соң немесе ас қайырғанда бет сипамай қояды. «Теледидар көру – һарам іс, яғни күнә, қазіргі оқу орындарында оқуға болмайды, олар кәпірдің оқуы» деген сияқты әңгімелер айта бастайды. Мұның бәрі баланың жақындары үшін белгі болуы керек. Бұл оның «мен радикал болып барамын, ұлттық, моральдық, діни дәстүрлер енді маған жат!» деген жаңа көзқарасының айғақтары. Ал осының бәріне себеп – оның жақындары да дәстүрлі діннің негіздерінен бейхабар болуында. Радикалды экстремистік ағымдарға керегі де осы. Абайдың мұрасын білмеу, қазақ­тың алғашқы ұстазы Ыбы­рай Алтынсаринді, діни се­нім мәселесінде Мәшһүр Жүсіп Кө­пеевті, Шәкәрім Құдайбер­діұлын, тағы да сол секілді ұлты­мыздың ұлы тұлғаларын танымау, өз халқының ұлттық діни-мәдени құндылықтарын білмеудің ақыры осындай қасіретке апарып ұрындырады. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деген сол. Басқа жол жоқ. Қазақтың маңдайалды зиялылары білген негізгі діни қағидаларды білуіміз керек, олай болмайды екен, балаларымыз ертең діни мәңгүртке айналады. Сондықтан ата-аналар өз балаларының қандай діни ақпаратты қайдан және кімнен алып жүргенін байқауы керек. Олар ақпаратты ғаламтордан немесе баспа өнімі түрінде алуы мүмкін. – Ақтөбе оқиғасынан кейін салафит қозғалысына тыйым салу мәселесі қызу талқылана бастады. Кей дінтанушылар сала­физмді бірнеше деңгейге бөледі де, солардың бірі орта­ша, яки ұстамды салафизм деседі. Салафизмге тыйым салу мә­селесіне сіз қалай қарайсыз, ол өзі оңай ма? Жалпы, ұстам­ды сала­физм деген бола ма? Сала­физм мен ваххабизм дегеніміз не өзі? – Алдымен «Дәстүрлі ислам» және «Исламдық радикализм» деген ұғымдарды анық­тап алғанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. Қазақстандық мұ­сылмандар үшін дәстүрлі ислам – осы елдің байырғы халқы ықылым замандарда қабылдаған, оның ұлттық салт-санасымен, мәдениетімен, дүниеге көзқа­расымен етене қабысып кеткен, өз іші түгіл, өзге ұлт өкілдерімен де бейбіт, өзара тату өмір сүру­ді дәріптейтін, Отан­ға адал, қан­дай да бір саяси мақсатқа ұм­тылмайтын байсалды дін. Исламдық радикализм – бұр­маланған діни іліммен бүркеніп, сонымен ғана ақталған болатын ұшқары діни көзқарастар мен қарама-қайшы әрекеттердің жиынтығы. Қазіргі мемлекеттік құрылысты өзгертуге ұмтылып, сол мақсатқа қарапайым мұсыл­мандардың діни наным-сенімін опа­сыздықпен пайдаланатын, өздерін «кәпірлермен» күрес­керміз деп тантитын радикалдар – исламдық радикализм өкілдері. Айта кету керек, сананы ради­­калдау екі кезеңде жүргі­зі­леді. Біріншісі – маргиналдау кезеңі – өз ізбасарларын идео­логия тұрғысынан діни-мәдени мәңгүртке айналдыру, құн­дылықтар жайлы түсінігін өзгерту, оларды салафия-вахха­бия ағымының экстремистік са­рындағы радикал ғалымдарына табындыру. Онда да Парсы шығанағы елдерінің (Сауд Арабиясы, Мысыр және т.б.) идеологиялық орталықтарында әрекет етуші ғалымдарды қол­дан әспеттеп, қазақстандық жас­тардың діни санасына сіңіреді. Бұл діни көшбасшылар теріс ағым өкілдерін мәңгүрттендіріп, кейін радикалға айналдырады. Бұған қоса, осы мәңгүрттендіру кезеңі жиһад пен радикализмнің негізгі алғышарты саналады. 2000-2010 жылдары «ұстамды» уағыз айтушылардың тәрбиесін көрген қазақстандық жастар естеріңізде ме? Міне, тап солар зорлық-зомбылық пен небір сұмдық тәуекелге бейім болып шықты. Радикалдандырудың екінші кезеңі – бұл тікелей зорлық-зом­былыққа, террорлық әрекет­ке шақыру. Осындай аса қауіп­ті радикалдық идеология Қазақ­станда етек жайып кет­пеуі үшін салафия-ваххабия ағымына ғана емес, республика аумағындағы барлық дәстүрден тыс күмәнді діни ілімдерге заң жү­зінде тыйым салу қажет деп есептейміз. Салафизм-ваххабизм деге­німіз не? Беделді әлемдік са­рап­шылардың тұжырымына сүйенсек, бұл кәдімгі, зорлық-зомбылық, адамдарды топастандыру, олардың санасына қасиетті мәтіндерден үзіп-жұлып алып, әдейі қате түсіндіру жолымен билік жүргізу айла-шарғысы. Осы торға қарапайым халықтың оңай түсуін қамтамасыз ететіндер салафизм-ваххабизм өкілдері. Әлемдік сарапшылардың анық­­тауынша, ваххабизм мен салафизм – «нацизм» және «гитлеризм» деген сияқты синоним сөздер. Нацизм – идеология болса, гитлеризм – дәл сол идеологияның оны жүзеге асырған адамның атымен аталған түрі ғана. Біз айтып отырған жағдайда да «салафизм» идеология да, ал «ваххабизм» – сол идеологияны жүзеге асырған Мұхам­мад Абд әл-Ваххабтың тегі. Халықаралық, яғни әртүрлі мемлекеттерде әрекет ететін бол­ғандықтан, ол бірде таза діни (ді­ни-мәдени-идеологиялық) бол­­ғансып, дін бостандығы мен сөз бостандығын жамыла­ды. Мәселен, Қазақстанда қата­рына адамдар тартып, оларға идео­логиялық уағыздар жүргізіп, араб тілінің сабақтарын, қайы­рымдылық акцияларын өткізеді. Одан соң жасырын топтар («спящие ячейки») құрады немесе, тіпті «жасырын моджахедтер» болады. Тиісінше заңнама болмағандықтан, оларға билік те ешқандай айып таға алмайды. Белгілі бір уақыты келгенде әлгі дайын отырғандар «жаһандық жиһадтың» ана жерден бір, мына жерден бір бұрқ ете қалатын ұрыс қимылдарына немесе бір реттік террорлық әрекетіне пайдаланылады. Осы жерде айта кету керек, 2011-2012 жылдары болған оқи­ғалардан кейін мүфтият зиялылары діни терроризм мен экс­тремизмнің алдын алуға жауапты орындарға салафит-ваххабиттерді ұстамды және радикал деп бөлу қате екенін, бұлай қателесудің салдары қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті болуы мүмкін екенін бірнеше рет ескертті. – Радикалға айналатындар дәстүрлі ислами әдебиетті оқымайды, имамдардың айт­қанын тыңдамайды, керек десеңіз, оларды елемейді де. Дұрыс кітаптар мен кітап­шалар жеткілікті шамада шыға­рылып жатыр, жалған діни ағымдардың қауіптілігі туралы уағыздар да айтылуда. Теріс ағымға кіргендер өзде­рін теріс жолға түстік деп есеп­темейді. Мәселе, сонда. Олар өздерінікін жөн, әділ санайды. Солардың көкірек көзін қалай ашуға болады? Олар шетелдерден қаңғып келген әлдекімдерге емес, өзіміздің имамдарға құлақ асуы үшін не істеу керек? – Радикалдық теріс ағымдардың әлемдік көшбасшылары өз ізбасар­ларының алдында қалыптасқан ресми дінбасыларды, олардың ілімін, әдебиетін, тағы басқасын қаралауға үлкен күш салады. Ресми дін өкілдеріне қатыстының бәріне – уағыздарына, кітап­тарына, сабақтарына, жиындарына, т.б. оларда қатаң түрде тыйым салынған. Радикалдық ағымдардың жетекшілері өз шә­кірттеріне оларды адасқандар, күнәһарлар, тіпті сайтанның құлдары деп түсіндіреді. Яғни, ақиқат жолымен келе жатқан тек біз, радикалды ағымдардың көшбасшылары деседі. Бұл жерде тосылып қалмау үшін дін саласы өкілдері діни, құқықтық, тарихи білімін терең­дете түсуі қажет. Өйткені, теріс ағым көшбасшылары дәстүрлі Ислам дінінің қағидаттарына күмән келтіріп, дау шығарған кез келген жағдайда оған тізгінді беріп қоймайтындай болу керек. Қазақстан мұсылмандарына шетелдерден жасалатын кез келген ықпал қауіпті болатынын естен шығармаған абзал. Өйткені, қазақстандықтар шетелдік уағыз айтушының діни-саяси сарындағы сөздеріне ереді, шетелдік діни орталықтарға қарап бой түзейді. Бұл мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Бас бостандығынан айыру орындарында экстремистік және террористік әрекеттері үшін отырған азаматтар, сондай-ақ, ұрыс қимылдары жүріп жатқан жақтарға кеткендер салафизм-ваххабизм идеологиясын ұстану­шылар екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Солардың ішінде дәстүрлі исламның бірде-бір өкілі жоқ. Елбасы да өз сөзінде: «Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш хал­қымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақ­станның мұсылмандары ұст­анатын ханафи мазһабына қарама-қайшы», – деген болатын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ