• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2011

Қайтсек құтыламыз?!

451 рет
көрсетілді

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақал бар. Мемлекеттің қақпағы жабулы болса да, кейбір көзі жылтыраған жемқорларға ұят ұя салмай тұр. Ащы да болса айтайық, бүгінде қолының сұғанағы барлар көп. Қазына қаржысын қалтасына басып, халықтың ақшасын ашкөздене опырып жеушілермен күрес үдеген сайын, олардың да араны ашылып бара жатқандай. Талай жемқор темір торға тоғытылғанмен, сыбайласқан қылмыстың құйрығын балта шаппай жатыр. Тап бір «бор­сық­ты ұрған сайын семіредінің» кері. Жылдың басталғаны кеше. Бірақ осы аз ғана уақыттың ішінде Қызыл­орда облысы бойынша 7 сыбайлас жем­қорлық қылмысы анықталған. Оның төртеуі парақорлық фактісімен қолға түсіп отыр. Ал бірі қызмет жағдайын пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті иелігіне алмақшы болған. Қалған екі жағдай қызметтік өкілеттігін теріс пи­ғылда пайдаланған. Қысқасы, жыл басталмай жатып жемқорлармен күрес қы­зу басталып кетті. Таяуда Қызылорда об­лысы бойынша экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес департаментінің өкілдері былтырғы жыл­дың қорытындысын шығарды. Өткен жылы облыс бойынша 436 қылмыс анықталыпты. Соның салда­рынан мемлекет пен жеке азаматтарға 5,7 миллиард теңге залал келген. Де­партаменттің нақты іс-шараларының арқасында аталған соманың 3,9 миллиард теңгесі жемқорлардың тісінің ара­сынан суырылып алынған. Қазына мен жеке адамдарға қайтарылған. Енді сөзі­мізді нақты фактілермен жалғайық. Осы мемлекеттің шеңберінде бизнеспен шұғылданып, кәсібі арқылы нәсібін тапқаннан кейін әрбір азамат са­лық төлеуге міндетті. Дегенмен «Энер­гетик және ДАС» ЖШС-ның құрыл­тайшысы А.Умриш салық төлемей қа­рық болуды ойласа керек. Ол 2009 жы­лы қазынаға 27,4 миллион салық тө­лемеген. Мұнша соманы мемлекетке бер­генше, өз қалтасына басқанды ың­ғайлы деп тапқан ол, қитұрқы әре­кетке барған. Не істеген деңіз? Тәп-тәуір табыс тауып тұрған кәсіпорынды төлем қабілетсіздігіне әкеліп, қасақана банкроттыққа соқтырған. Солайша, са­лық төлеуден жалтармақ болған. Бірақ оның бұл қылмысы әшкереленіп, ісі сотқа өтті. Қызылорда қалалық соты бар шығынды оның мойнына іліп, айып­пұл төлеуге соттады. Облыстық қаржы полициясы мұ­най-газ саласын да жіті назарда ұс­тайды. 2010 жылы мұнай және мұнай өнім­дерімен заңсыз айналысқан 49 қыл­мыс ашылып, 220 миллион тең­генің өнімі тәркіленген. Мысалы, Қы­зылорда қа­лалық сотының үкімімен «Идеал ТАБ» ЖШС-ның директоры Ж.Тұрманова, «Қор­­­қыт баба» ЖШС-ның құрыл­тай­шысы Ш.Исмаил 3 жыл­ға, «Үшқоңыр Қызылорда» ЖШС-ның директоры Б.Қой­­­­­шыбаев 5 жыл 6 айға бас бостан­ды­ғынан айрылды. Аталған азаматтар қан­дай қылмысқа барған? Олар қыл­мыстық жолмен табылған 14 цистерна, яғни 834,8 тонна шикі мұ­найды заңсыз сатумен және сатып алумен айналысқан. Қыс­қасы, алдын-ала сөз байласу ар­қы­лы сыбайлас қылмыс жасаған. Сот үкі­мімен 55 миллион тең­генің шикі мұ­на­йы мемлекет пай­да­сына өндірілген. Ал «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС-ның ди­ректоры М.Сағын­дықов 2007-2008 жыл­­дар аралығында 98 миллион теңгені құрайтын мұнай өнімдерінің қаржылық операцияларын заңсыз жүргізген. Оның да қылмысы ашы­лып, сот шешімімен 4 жылға абақтыға жабылды. Мемлекет қаржысын құлқынынан өткізіп жіберіп, қармаққа ілінгендер де бар тізімде. Жалпы, бұл іс бойынша 120 қылмыстық іс анықталған екен. Соның салдарынан 301,6 миллион теңге қолды болған. Қызылорда облыстық энерге­тика және коммуналдық шаруашылық бас­қармасының бұрынғы бастығы Е.Сұ­лан­гереев өзінің орынбасары В.Мұ­ха­ме­дияровпен бірлесіп «бармақ басты, көз қыстымен» айналысқан. Олар өз­дерінің өкілеттігін теріс пайдаланған. 2008 жылы облыстық медицина ор­талығы мен өкпе ауруына қарсы күрес диспансерінің жылу қазандықтарын ілес­пелі газға ауыстыру жұмыстары жүрген. Сол кезде аталған азаматтар белгіленген қаржыны өз мақ­саттарына пайдаланып, мол ақша та­мақтарынан өтіп кеткен. Нәтижесінде мемлекеттің бөлген 89 миллион теңгесі талан-та­ражға түскен. Парақорлықпен тұрақты түрде ай­на­лысып отырған адамдар да бар екен. Олар мемлекеттен айлық алғанымен қоймай, қарапайым азаматтардан да тұрақты түрде пара алып отырған. Қы­зылорда облыстық қаржы полициясы парақорлықты кәсіп еткен бірталай аза­маттарды  құрықтаған. Олар: Қы­зыл­орда облыстық орман және аңшылық инспекциясы бастығының орын­басары Д.Аринов, Сырдария ауданы Ін­кәрдария ауылдық округінің әкімі М.Райбеков, осы ауданның Шаған ауылдық окру­гі­нің әкімі Ж.Жансейітов, Қызылорда аумақ­тық инспекциясының бас маманы, мем­ле­кеттік-ветеринарлық инспектор Г. Жұ­ма­лиев, Қызылорда қалалық салық бас­қар­масының жетекші маманы Е.Тілеубердиев, Қызылорда облыстық соттар әкімшілігінің сот орындаушысы Т.А­ман­құловтар. Атал­ған азаматтардың бар­лығы қылмыс үстінде ұсталып, әртүрлі мерзімдерге бас бостан­дықтарынан айрылған. Ал Қармақшы аудандық әділет  бас­қармасының бас маманы Б.Баймаханов аудан тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысу үшін ашқан «Айлуна» ЖШС-ны тездетіп тіркеу ақысына 30 мың теңге боп­салаған. Әділет басқармасының бас маманы пара алу үстінде қолға түсіп, 1 жылға шартты түрде сотталды. Сондай-ақ, Арал ауданының Қосжар ауылдық округінің әкіміне қатысты да қыл­мыс­тық іс қозғалды. Ол мемлекеттік сатып алу бойынша ауылдық округте көгал­дандыру мен абаттандыру және автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары толық аяқталмағанына қарамастан, жұ­мысты қабылдап алған. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демеуші ме еді, әкім өзіне қатысты қылмыстық іс қозға­мауды өтініп, қаржы полициясының өкіліне 100 мың теңге пара берген. Сөйтіп, оның қылмысына қылмыс жа­малып жатыр. Қаржы полициясы облыс шеңбе­рін­де жасалатын сыбайлас жемқорлықтың мониторингін жасапты. Олар: мемлекеттік сатып алу, бөтен мүлікті иеленіп және ысырап ету, заңсыз жолмен та­былған қаржы мен басқа да мүліктерді заңдастыру, заңсыз кәсіпкерлікпен ай­на­лысу, қасақана және жалған бан­крот­тық, жалған кәсіп­керлікпен ай­налысу, салық төлеуден жалтару сияқты фактілер. Экономикалық қылмысқа және сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Теңізбай Шынтаев былтырдың өзінде облыстық дең­гейдегі 7 тұлғаның үс­тінен қылмыстық іс қозғалғанын ай­тады. «Елбасы сыбайлас жем­қорлықпен күресті тоқтаусыз жүргізуді талап етіп отыр. Сондықтан облыс шең­беріндегі қылмыстың ешқайсысы қаржы по­ли­ция­сының назарынан тыс қалмайды»,– дейді ол. Жұмыс осылай қарқынды жүретін болса, қоғамның да парақор мен жемқордан тазаратын күні туар... Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы.