«Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияның Астанада өтуі – әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның алар орнын бұрынғыдан да айшықтай түсті. Ғаламдық маңызды мәслихатқа жиналғандар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіз әлем құру идеясын жыл сайын міндетті түрде 29 тамызда атап өтілетіндігіне ерекше ден қойды.
Қазақ халқының қасіретіне айналған Семей полигонының осыдан 25 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімінің арқасында жабылуы дүние жүзінде орын алған қоғамдық саяси құбылыстарға зор өзгеріс әкелді. Ойлап қарағанның өзінде жаның түршігеді: бейбіт жатқан халықтың үстінен 40 жыл бойы ядролық жарылыс жасау бүгінгі заманғы сананың қалыптасқан өлшемінде адамзат өкілінің ақылына сыя ма?! Сөз жүзінде бейбітшілікті ұран еткен Кеңес үкіметі іс жүзінде бейбіт халықтың бейбіт өмірін ядролық сынақ алаңына айналдырды? Бұған жаның түршіге ме, түршікпей ме?!
Семейдегі ядролық полигонның жабылар мезетінен бес жыл бұрын ғана КСРО-дағы ең сенімді деген Чернобыль АЭС-інде алапат ядролық жарылыс болды. Кеңес Одағы ақыры «көзсіз батырлығының» зардабын тартты. Апатты аумақтың халқы оның зиянын әлі қанша жыл сезінері тағы беймәлім. Чернобыль апатының әсерін алыста жатқанымен, Қазақстан халқы да сезінді. Ядролық полигонда өмір сүрген қаншама қазақ азаматы КСРО-ның саяси «көріпкелдігінің» арқасында ЧАЭС-тегі апаттың зардабын жою үшін Украина мен Беларусь жеріне барды. КСРО басшылығының апатты аймаққа ядролық сынақтан өткен қалқан ретінде Қазақстан халқын әдейі жіберуі нағыз сорақылық еді. Ашық аспан астында атом зарядтарын сынаған полигонның зардабын шеккен адамдар тым көп! Ғалымдарымыз бен сарапшыларымыз әлі күнге ол туралы бір мәмілеге келе алар да емес.
Әлі есімізде, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 64-ші сессиясында өзінің Жарлығымен Семей полигоны жабылған 1991 жылдың 29 тамызын «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп жариялады. Сол сессияға қатысушылардың барлығы бірдей Президентіміздің бұл ұсынысын орындарынан тік тұрып қабылдады.
Астанада өткен халықаралық конференция сондағы бастамалардың игі жалғасы іспетті. Онда халықаралық маңызды кездесулер мен басқосулар үзіліссіз жалғасуы керек. Халық ядролық апаттың қасіретін түсінуі тиіс. Өйткені, әлем мазасыз күй кешуде. Әзірге Жер шарында Қазақстан мен Жапония мемлекеттері ғана ұлы қозғалыстың көш басында келеді. Астанадағы басқосуда келесі жиынның Жапон елінде өтетін болып белгіленгені де сол себепті деп ойлаймын.
Ядролық жарылыстың шын мәнінде үздіксіз әсер беретін сойқанын 1986 жылғы ЧАЭС-тегі ядролық жарылыстың зардабын жоюшы ретінде біз жақсы білеміз. Кеңес аумағындағы бауырлас елдің басына төнген қасіретті жоюға сол тұста Қазақстаннан 30 мың жауынгер аттанған екен. Бүгінде олардың Қазақстандағы аман-сау жүргенінің саны 6 мың адамнан аспайды. Мүгедектікпен өмір сүріп жатқан қаншама тағдырдың жайы қоғамдық ұйымның төрағасы ретінде маған жақсы мәлім. Сондықтан да бүкіл ғаламды мекендеген барша халық біздің жанайқайымызға бір сәт құлақ түрсе екен деймін. Дүние жүзі халқының назарын ғаламдық қасіреттің алдын алуға жұмсаған, сол үшін маңдай терін төккен Елбасының шынайы адал еңбегін біздер, ядролық жарылыстан көз ашпаған елдің «чернобылдіктері», сондықтан да нағыз ерлікке балаймыз.
Халел ТӨРЕҒАЛИЕВ,
Қазақстан «Чернобыль Одағы» ұйымының төрағасы, ІІ топтағы мүгедек
АЛМАТЫ