• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2016

Елбасы ұсынысы қолдау тапты

239 рет
көрсетілді

G20 – әлемдегі экономикасы ең дамыған елдердің ірі бас­қосуы екені барша әлем­ге мәлім. Тоқсаныншы жыл­дары Германиядан бастау алған бұл басқосудың дүние жүзі экономикасы мен саяси тұ­рақтылығына әсер етер ықпа­лы зор. Біз жер көлемі мен қаз­ба байлығы мол мемлекет болға­нымызбен, экономикасы әлем­дік қарым-қатынастарға ерек­ше әсер ететін мемлекет бол­масақ та, бізді арнайы осы жиынға шақыртуының өзі күн санап алға озып келе жатқан­дығымызды, Орталық Азияда санасарлық ел деңгейіне көтерілгендігімізді білдіреді. Халықаралық кеңістікте өзінің геосаяси орны айқын­дала бастағандықтан, G20 ұйымы биыл Қытайда өткен басқосуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қаты­суын қош көріп, дүниеде болып жатқан өзгерістер мен әлем тынысына өз пікі­рін қосу мүмкіншілігін алға тартты. Әрине, мұның бәрі Қа­зақ­станның ширек ғасыр шең­берінде атқарған халықаралық еңбегі мен жинаған бедел, абыройы­ның нәтижесі. Қазақстан өзінің Еуропаға жуық сая­си өрнегімен, Еуразия­лық экономикалық қоғамдас­тықты құру саясатымен, әлемде ядролық қаруды тоқ­татуға қосқан орасан үлесінің арқасында халықаралық беделге ие болды. Айта кетейік, бұл жиында көптеген халықаралық күр­делі мәселелер талқыланды. Соның ішінде ең маңызды мәселе, ол – әлемдік эконо­микалық тәртіп тұрғысында Қазақ елінің басшысы ортаға салған мәселе. Мемле­кет басшысы әлемдік қалып­тасқан қаржылық тәртіптің жаһандық дамуға жағдай жаса­май­тындығын алға тартты. Мәселен, бір ғана валюта – доллардың басымды­ғына негізделген қаржылық тәртіптің, әсіресе, да­мушы елдердің әлеуметтік-экономикалық жаңару жо­лына көптеген кедергі кел­ті­ретіндігін, басым держа­валардың әлсіз мемлекеттерге қатысты экономикалық экспансиялау саясатының жаңа бір қырын ашуға мүмкіндік беретіндігін жария етті. Әлемдік экономикалық тәртіпте дамушы елдердің ілгерілеуіне жағдай жасалып, тиісінше оның шикізаты мен ресурстарын дамыған елдердің жұтып қоюына жол бермеу керектігін Елбасы күн тәртібіне қойды және бұл ұсынысқа «Үлкен жиырмалықтың» басшылары қызу қолдау білдірісті. Әрине, жаһандық мәселелер бір мезетте шешіле қалады деп ойламауымыз керек. Осындай маңызды ұсыныстар дер уақытында қойылса ғана әлемдік тәртіптің жақсаруына және әділеттілік принципіне бой алдыруына ықпал етері сөзсіз. Осы ретте, әлемдік экономика мен саяси буырқаныстардың белең алған тұсында нақты іске шақырып, күрделі мәселені назарға алуға шақыру күллі әлемнің Қазақстанға деген көзқарасы мен ұстанымын жаңа деңгейге көтереді. Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор АЛМАТЫ