• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Кіндіккесер

593 рет
көрсетілді

Қазақта кіндікпен байланысты біршама ұғымдар бар. Әрқайсысының маңызы зор. Мәселен, «кіндік қаны тамған жер» деген сөздің астарында адамның туған топырағын, атамекенін білдіретін ұғым жатыр. Түрлі жағ­даймен ел асып, жер асып кеткен азаматтар өздерінің кіндік қаны тамған туған жерлерін көріп, оның ештеңемен айырбасталмайтын саф ауасымен бір тыныстауды армандайды. Жаугершілік заманда сарбаздар күреске аттанып бара жатып, туған жердің бір уыс топырағын орамалдарына түйіп ала жүретін болыпты. Алда-жалда жат жерде жерленетін болса, кіндік қаны тамған топырақты басына қоюды өсиет еткен. «Кіндігі байланған» деген де ұғым бар. Яғни, өз өлкесіне оралып, кіндік қаны тамған жеріне маңдай терін тамшылатып, сонда еңбегін сіңірген адамды «кіндігі байланған» дейді. Яғни, туған жерінен ұзамай, өз елінде қалған дегенді білдіреді. Ондай адамдар аса құрметтеледі. «Кіндік шеше» деген де ұғым бар. Бұл қазіргі шала қазақтардың «крестный отец», «крестная мать» деп шатасып жүргендерінен мүлде бөлек. «Кіндік шеше» – баланы анасынан бұрын қолына ұстайтын адам. Сәбидің кіндігіне қолы тиіп, кіндігін кескен адамды кіндік шеше деп атайды. Мұсылман қауымында әйелдерді әйелдер ғана босандырып алу керек деген жазылмаған заңдылық қалыптасқандықтан, «кіндік әке» деген ұғым жоқ. Бұл менің кесіп айтқан пікірім емес. Өкіл әке бары рас. Қазақ ғұрпында келіні құрсақ көтерген күннен бастап, енесі кіндік шешесін таңдай бастаған. Кіндік шеше елдің анасы, құрсағына құт қонған бәйбіше болуы тиіс. «Кіндік шеше» болатын әйелді іштей дайындап жүрген келіннің енесі бір күні ауыл әйелдерін жинап, кішігірім кіндік шеше таңдау дастарқанын жасаған. Болашақ немересінің кіндік шешесі болатын адамға шағын сый-сияпат жасаған. Келінді қадағалау тапсырылған. Босанатын сәтте кіндік шеше міндетті түрде келіннің жанында болып, баланы ең бірінші болып алақанына салып, кіндігін кесетін болған. Қазақта баланың мінезіне қаратылып, «кіндік шешесі бәленше еді, соған тартып кеткен» деген де сөздер айтылады. Кеңестік саясаттың құрсауында болған қазақтың кіндігін кезінде кім кеспеді дейсіз. Содан болар, бәлкім, елімізде шала қазақтар, өз ұлтын менсінбейтіндер көбейіп, сырты қазақ, іші мазақ дүбәралардың көбейгені. Осыған орай айтарым, ұлт үшін кіндік шешенің атқарар рөлі ерекше. Олай болса, осы дәстүр-ғұрыпты сапалы түрде жалғастырып, балаларымыздың өз ұлтының баласы, соның болашағы үшін қам жейтін азаматы болып өсуі үшін күресуіміз керек. Астанада жаңадан ашылған еу­ро­­палық стандартқа сай, заманауи медициналық құралдарымен жаб­дықталған жаңа перзентханада босанған әйелдің жанында бір адам­ның қалып, оған көмектесіп, жанына демеу болуына жағдай жасалған екен. Бірақ, қазіргі келіншектер басқалардан бұрын жандарына күйеу­лерін қалдырып жатады. Бұл да қазақ үшін жат нәрсе. Табиғатынан ұяң келетін қазақ әйелі күйеуінің көзінше қиналғанын көрсеткісі келмей, толғағы қайтып кетіп, балаға қиын болып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Оның орнына дүниеге келетін баланың кіндік шешесі қасында болса, нұр үстіне нұр болған болар еді. Осыған орай, тағы бір айта кететін жағдай, жасөспірім, бойжеткен қыздар кіндіктерін ашып жүруді әдетке айнал­дырған. Қазақ жазды күндері болса да жеңіл көйлектің сыртынан қам­зол киіп, кіндік тұсты қымтап ұс­таған. Бұл дегеніміз, болашақ ананы жас кезінен дұрыс тәрбиелеп, құрсаққа суық, жел тигізбей ұстаудың бір жолы. Қазіргі таңда бала көтеру санының, тууға қабілетті әйелдердің азайып кеткендігі де осы кіндікпен тікелей байланыс­ты екенін медицина дәлелдеп отыр.  Асылзат АРЫСТАНБЕК  АСТАНА