• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Берелдегі көне қорғанға саркофаг орнатылды

261 рет
көрсетілді

Өр Алтайдың төріндегі Патшалар жазығында елімізде бала­масы жоқ ашық аспан астындағы мұражай ашылды. Енді Берел қорғандарына келуші этнотуристер 8,5 метр тереңдікке түсіп, құнды археологиялық қазбаларды жақыннан көре алады. Биыл Шығыс өңірінде археология саласындағы ғылыми-зерт­теу жұмыс­тарын дамытудың аймақ­тық жоспары аясында Берел қор­ған­­дарына да қазба жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын бұдан бұрын хабарлағанбыз. Ғалымдар жаз бойы Берелде б.з.д IV ғасырға жататын адам сүйегі мен құрбандыққа шалын­ған жеті жылқының қаңқалары бар №2 қор­ғанды қазған болатын. Табыл­ған жыл­қылардың барлығы да скифтік жануар­л­ар нақышымен, атап айтқанда ежел­­гі көш­пенділер мәдениетінде сирек кез­­­десетін қораз бейнесінде безен­діріл­­ген. Соны­мен қатар қор­ғаннан қыш құмы­ра­лар шықты. Жуырда Катонқарағай ауданын­дағы жұмыс сапары аясында қазба жұмыс­тары­мен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен құнды жә­ді­­герлерді келушілердің көруіне мүм­кіндік жасау үшін қорғанның үсті­нен бір жарым айдың ішінде шыны сар­кофаг тұрғызылды. Қатты шыныдан жасалған саркофаг аумағы – 90 шаршы метр, ал биіктігі жәдігерлер жатқан терең­діктен бастап 8,5 метрді құрайды. – Ашық аспан астындағы мұражай – маңызды мәдени құбылыс. Бұл шараның Тәуелсіздік тойының 25 жыл­дығымен тұспа-тұс келуі баршамыз­ды қуантады. Яғни, біз айтулы мем­лекет­тік мерейтойға зор ұлттық құнды­лық­тарымызды ала келдік. Осы орайда Зейнолла Самашев бастаған археологтар қауымына үлкен алғыс білдіремін, – деді нысанның тұ­сау­кесер салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Айта кету керек, Берелдегі біре­гей кешенмен шетелдік ғалымдар да таныс­ты. Арнайы шақырылған мәртебелі мей­мандардың бірі, Ресей­дің Санкт-Петербург қаласы­ның мәдениет инс­ти­­тутының профессоры Николай Боко­венко осы іспетті зерттеулер Тува мен Хакасия жерінде жүр­гізіліп жатқанын жеткізді. Шетел­дік ғалымдар қысқа мерзімде мұн­д­ай мұражайды ашудың мүмкін бола бермейтінін, Шығыс өңірін­де архео­логиялық табыс­тарға үлкен көңіл бөлі­нетіні қуанта­ты­нын атап өтті. Бүгін, 10 қыркүйек күні Өскемен қала­сында Шығыс Қазақстан облы­сы аумағында жүргізіліп жатқан архео­ло­гиялық зерттеу жұмыстары­ның нәтижесіне арналған «Алтай – түркі әлемі­нің алтын бесігі» атты халықара­лық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Конференция жұмысы­на Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Моңғолия мемлекеттері­нің дипло­мат­тық корпустарының өкіл­дері, Қа­зақстан, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Польша, Қытай елдерінің үздік археологтары мен түркітанушылары қатысады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы