Біз жуырда ғана Маралды көліне барып қайттық. Онда ойлы-қырлы, шаңдақ жолмен көлігіміз де әрең жетті. Әйтсе де, көз қызықтырар көлдің жағасында жүріп, қаланың у-шуынан аз да болса сергіп қалғандаймыз. Жергілікті зерттеушілер бұл көлді сақтауымыз керек десе, әкімдіктегілер бізге туризмді дамыту керек, бұл жерден көлдің тұзымен емдейтін курорт саламыз деп жоба-жоспар жасап жатыр. Үшінші біреулер көл түбіндегі «артемия салина» аталатын шаян құрттарын аулайтын көрінеді...
Жергілікті жұрттың айтуынша, көл жағасына келіп демалушылар жаз бойы бір үзілмейді екен. Әсіресе, сенбі және жексенбі күндері келетін жұрт көп. Сондықтан ба, облыс әкімі Болат Бақауов биыл Маралды көлінің жағасында демалыс аймағын ашып, инфрақұрылымды дамытуды қолға алу үшін нақты іс-қимылға көшу қажет деп, өңірдегі туризм басқармасына, аудан әкімдігіне тапсырма берген-ді. Содан олар көл жағасындағы тереңдігі 100 метр жерді тамыз айында жедел түрде бұрғылап, демалушылар үшін тұщы су шығарды. Бюджеттен тыс қаражатқа көлге апаратын жол салыпты. Біз жүріп өткен шақыр-шұқыр жолды айтады. Бір-екі дәретхана жасапты. Біздіңше, әзірге инфрақұрылымның қарапайым бір түрі осы ғана. Аудандық «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» «Innovation Centre Project» ЖШС-мен Маралды – Жылыбұлақ ауылы автомобиль жолын 4,5 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарына құжаттар әзірлеуге келісімшарт жасапты. Енді ұзындығы 3 шақырымды құрайтын 10 кВ жоғары вольттік желі тартуға 8,4 миллион қаражат қажет. Енді бұл жұмыстар шынымен жыл сайын жалғасын тауып, әкім айтқандай, демалыс аймағы құрылып, Маралды курорты салынып жатса, тіпті керемет-ақ еді.
Бірақ медицина және туризм басқармасының мамандары Маралды көлінің суы, тұзды балшығының бактериологиялық құрамының осы күнге дейін зерттелмегендігін айтады. Көлдің жағалауы халықтың өзі жасап алған демалыс, тұз балшықпен емделу орнына айналған. Біз шомылып көрдік те, су кешіп жүріп, жағалауға шыққанда денемізге, аяғымызға жабысқан аппақ тұз кәдімгідей қыздырып, күйдіріп жіберді. Осыдан-ақ, пайдасы бар-жоғын өзіңіз де бағамдай беріңіз. Судан шыққан соң, таза сумен шайынбасаңыз болмайды екен.
Облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының хабарынша, өңір аумағында орналасқан 340 су қоймасының басым бөлігі игерілмеген және ешбірі заңды тұлғаға бекітілмеген. Тіпті облыстағы көлдердің, оның ішінде Маралды да бар, тұзды немесе тұщы екенін айқындайтын құжаттары да жоқ. Әр көлдің сипаттамасы, суының биологиялық құрамы туралы құжаттар дайындалмаған. Бұл туризм орталығын ашушылар әуелі көлдің жайын, маңайын зерттеп, жергілікті жағдаймен танысып алып, іске кіріскен дұрыс дегенді ескертеді. Келушілер арнайы жәшіктер жоқ болғасын, қоқыстарын жағалауға тастап кете береді. Әйтеуір, көл жағасынан туризм орталығын жасаймыз, демалыс орнына айналады деген жыл сайынғы айтылар бір сөз ғана бар. Осы мәселенің түбіне жетіп, үңіліп көрген туризм жайын білетін мамандар жоқ сияқты.
Маралды көлінде, жоғарыда айтылғандай, аrtemiasalina шаяндары бар. Жылт-жылт етіп, көздің құртына айналып тұр. Көл суына ғажайып бір қызғылт түс береді. Судағы тұз құрамын арттыратын, көл түбінен шығатын бұл қызыл құрттар – қып-қызыл байлық. Қара базарда үлкен сұранысқа ие. Былтыр Шарбақты көліндегі құрттарға таласқан ауыл тұрғындары мен күзетшілер арасындағы болған атыс жайлы газетімізде жазғанбыз. Маралды көлінде де сондай жағдай: жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындары бағалы құртты теріп алып, Қытай жаққа жіберетін көрінеді. Көлдердің тыныштығын кетіріп жүрген ақшалы мықтылар өздері заңсыз жолмен ақша тапқанмен қоймай, қарапайым жұртты да осы іске жалдап, жұмсап отыр. Ендеше, біз неге Маралдыда, Шарбақтыда зауыт ашып, құрттарды жуып-шайып тазалап, кептіріп, қаптарға орап, шикізаттан пайдалы өнімді өзіміз неге жасамаймыз? Қазір артемия салина шаяндары бар Маралды көлін облыстағы «Орман және жануарларды қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесі уақытша өз қарамағына алса керек. Артемия құрты жануарлар, балықтар, үйдегі тауықтар, егістік үшін таптырмас азық әрі тыңайтқыш екен. Бірақ ауылда өз шаруашылықтарымызда пайдалана алмай отырмыз. Ғылыми тілмен айтсақ, артемия – тұзды судың омыртқасыз, шаян тәрізді жәндігі. Ащы суларда ғана өмір сүретін жәндіктер микроорганизмдермен және балдырлармен қоректенеді. Артемияның су жиегіне шығарылған жұмыртқасы өте жоғары бағаланады.
Мекеме директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, Маралды – ерекше қорғалатын экологиялық көл. Осы жылдың соңына қарай «Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстарын пайдалану» басқармасы конкурс өткізіп, көлдің иесі анықталады. Көлде артемия салина шаяндарын аулауға тыйым салыныпты. Бірақ жергілікті тұрғындар оларды заңсыз аулаумен айналысып жүрген көрінеді.
Облыста көлдердегі құрттардың құрып кетпеуіне байланысты экологиялық кеңес отырысы да өтті. Жоғарыдағы басшы құрттарды аулап жүргендердің дәл қасына келсе де, жауапкершілікке тартуға құқымыз жоқ дегенді айтты. Онда жергілікті құқық қорғау орындарының жұмысы салғырт деген сөз. Осындай олқылықтың салдарынан былтыр бұл арадан заңсыз жолмен 150 тонна құрт әкетіліпті. Былтыр облысқа артемия салинаны аулау үшін 807 тонна квота бөлініпті. Осыдан бюджетке 68,4 миллион теңге салық түскен.
«Павлодаргидрогеология» ЖШС өкілдерінің айтуынша, биыл жаз айында туризм дамытамыз деп Маралды көлінің жағасынан 100 миллион теңгедей қаражат кетіріп, тұщы су шығарған. Ұңғымадан тәулігіне 250 текше метр су ағады екен. Біз көргеніміздей, қазір күні-түні босқа тегін ағып жатыр. Су ағып жатқан құрылығының арнайы шүмегі болса, жауып қоюға болар еді.
Әрине, туризм орталығы, демалыс аймағы ашылып жатса, ауылдағылардың құрт, бақа-шаян аулап несі бар, Құдайға тәубе ауылға жұмыс табылар еді. Инфрақұрылымды жасап, демалыс үйлерін тұрғызып, жан-жақты жағдай жасамай, курорт тұрғызамын деу, әрине артық. Аудан әкімдігі тарапынан да жанашырлық қажет.
– Өмір бойы осы жерде, осы көлдің жағасында тұрсақ та, көлдерде қымбат құрт-шаяндар бар екенін білген жоқпыз. Балалық шақтан бері жағасында ойнап, суына түсіп, демалып қайтатынбыз. «Қасиетті көл ішін, маңайын былғамаңдар, көлдің иесі бар, күз айында көлден шығады, иесі қағады. Бұл жерде ескілікті молалары бар батырлардың, – деп үлкендер бізді сақтандыратын. Көл жағасында тіпті, артық сөз айтуға қорқатынбыз, – дейді ауыл тұрғандары.
Айтпақшы, «ескілікті молалар» демекші, Көлбұлақта, Жылыбұлақта тұратын жергілікті халық Маралды көлінің маңындағы Байжырықтағы зираттарда ел-жұртқа сыйлы, белгілі сұлтандар жерленген дейді. Біз де бұл жерлерге барып-қайттық. Жергілікті өлкетанушы Дәурен Аяшинов ресейлік мұрағаттар қорынан бұл адамдардың сонау бір ғасырларда өмір сүрген, ел аузында осы күнге дейін есімдері жүрген Қанғожа, Бопы, Арынғазы сұлтандар екенін де анықтапты. Соңғы жылдары көлге келіп, демалушылар қаптай бастады. Ақсақалдар талай жылдардан бері ауыл-ел жанына барып, дұғасын қайыратын көне-қорым, зираттардың тыныштығы бұзыла ма деп те алаңдайды. Қазір тіпті көл суы толқып көбейген сайын, жағалаудағы көне қорымдардың іргесіне дейін жетуде. Былтыр облыс орталығындағы мемлекеттік педагогикалық институттың археологиялық-этнологиялық зерттеулер орталығы қорымдарды су басып қалудан алып қалды. Өйткені, ауыл тұрғындары көл суының молаюына орай, көне зираттарды су басып, жерленген адамдардың сүйектері жер бетіне шығып қалғанын көріп, жан-жаққа хабарлаған-ды. Тіпті көне қорымдардан шашылып төмен түскен сүйектерді ауыл молдасы бар, ақсақалдар болып, қайта жерледі. Толқын суы соққан жар опырылып, құлай бастаған.
– Маралды көлі, жағалауы, Маралды жері – палентологиялық, археологиялық ескерткіштерге бай. Зерттеулер жүргізілуде. Оны қалайда сақтап қалуымыз қажет, – дейді профессор Қайырбай Базарбеков.
Иә, өңіріміздегі туризмді дамыту шараларына орай қазір Маралды көлінің жағасы да тынымсыз. Бұл – «О, Маралдым, Маралдым» деген ән туған жер. Естай мен Қорланның ғашықтық хикаясы да осы қасиетті көл жағасында басталған деседі. Өткеннің барлық сырын бүккен көлдің бүгінінен бұрын өткеніне көбірек зер салған дұрыс деп ойлаймыз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы