Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда бірнеше маңызды заң жобасы бойынша жұмыс басталатыны жөнінде қаулылар қабылданды.
Бұл заң жобаларының бәрі де Қаржы және бюджет комитетінің қоржынына түскен екен. Атап айтар болсақ олар: «Ұлттық қордан 2016-2018 жылдарға бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы», «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Ұлттық қордан 2017-2019 жылдарға бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы», «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары екен. Аталған заң жобаларының бәрі, сондай-ақ республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, елорда бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы, «Коллекторлық қызмет туралы» және оған ілеспе заң жобаларымен жұмысты жалғастыру туралы қорытынды әзірлеу мерзімдері белгіленді.
Бұлар туралы Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова баяндап, қорытынды әзірлеу мерзімін жалпы отырыс қабылдаған қаулымен бекіттіріп алды. Г.Қарағұсованың айтуына қарағанда, олардың бәрі де Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген ел экономикасының дамуына игі ықпалын тигізуге тиісті маңызды құжаттар.
Осы күнгі жалпы отырыста палата Қазақстан мен Сербия арасындағы «Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған қосымша жасалған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да мақұлдады. Бұл заң жобасы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
Оның айтуына қарағанда, конвенция уағдаласушы мемлекеттердің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың табыстарына қосарланған салық салуды болдырмауға мүмкіндік береді. Салық төлеушіге бір рет қана салық төлеу рәсімі бекітіледі. Ал әріптес мемлекет төленген салықты өзінде есепке алады. Бұл екі жаққа да инвестициялар құю үшін қолайлы жағдай туғызатындығымен тиімді. Бұл екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында салық төлеу мәселелері бойынша ақпарат алмасулар арқылы салықтан жалтаруды болдырмау мәселелерін шешуге көмектеседі.
Сонымен қатар, конвенцияның жекелеген баптары уағдаласушы мемлекеттерде қызмет істейтін өнер адамдарының және спортшылардың, мемлекеттік қызметшілердің, студенттердің, оқытушылардың және зерттеуші мамандардың табыстары мен өзге де төлемдеріне салық салудың нақты тәртібін көрсетеді, деді министр.
Депутаттар мәселені нақтылау мақсатында бірнеше сұрақ қойғаннан кейін, заң жобасы тұтастай мақұлданды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»