• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2016

Құқымыз қаншалықты қорғалады?

395 рет
көрсетілді

Қазақстандағы заң үстемдігінің көрсеткіші қандай дәрежеде? Жалпы, заң үстемдігінің көрсеткіші дегенде, оны қандай рейтингке сүйеніп шығара аламыз? Ал бәрінен маңыздысы біздің елде заң үстемдігі салтанат құрады деп айта аламыз ба? Әрине, бұл арада бәрі жақсы деп бір ауыз сөзбен түйіндей салуға болатын шығар. Алайда, ол сөздің шын мәнінде шынайы екендігіне иланарлықтай қандай дәлелдер бар? Міне, осы мәселелер бойынша нақты деректерге сүйеніп, мән-жайды саралап көрейік. Жалпы, біз әрқайсымыз Конс­титуциямыз бойынша адам мен азаматтар құқы қорғалатындығына толық сенімдіміз. Солай болуға тиістілігіне сай сенетініміз рас болса да, оған қоса бірқатар күмән келтірушілер бар екенін жоқ­қа шығара алмаймыз. Оның бәрі теріс түсініктер мен қисын­сыз әңгімелер әсері болса керек. Ал өз еліміздегі сарапшылар мен азаматтардың адам құ­қы­ның қорғалу деңгейіне берген бағаларын былай қоя тұрғанда, шетелдік тәуелсіз сарапшылардың байқауына жете назар аударған жөн-ау дейміз. Мәселен, біздің еліміз заң үстемдігінің әлемдік рейтингінде жоғары көрсеткішке ие болды. Бұл – халықаралық үкі­меттік емес ұйым жыл сайын шығаратын рейтинг. Солардың бағалауы бойынша біз қазір 102 елдің арасынан 65-орынға иек артып отырмыз. Айта кету керек, бұл көрсеткіш жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, 2014 жылы Қазақстан 71- орында еді. Ал жобаның мақсаты – жұртшылықтың заң үстемділігінің маңызы мен мемлекеттік реформаларды ынталандыру туралы хабардар болу деңгейін арттырып қана қоймай, сегіз басты көрсеткішке негізделген. Оған: билік институттарының құзыретін шектеу, сыбайлас жемқорлықтың болмауы, тәртіп және қауіпсіздік, адам құқын қор­ғау, билік инс­титуттарының ашықтығы, заң­дарды сақтау, азаматтық және қылмыстық сот төрелігінің әділдігі кіреді. Бұл орайда біз сот жүйесі сала­сындағы жетістіктерге соқпай өте алмаймыз. Әрі сөзіміз жасанды болмас үшін Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһан­дық бәсекеге қабілеттіліктің 2015-2016 жылдардағы есебі­нің көрсеткіштеріне ден қоя­лық. 2014-2015 жылғы индекс­тер көрсеткіштерін 2015-2016 жылғы соңғы есеппен салыс­ты­ру Қазақстанның жалпы көр­сеткіштерінің жақсарғанын анық­тап берді, яғни 2015 жылы жалпы рейтинг бойынша біздің ел 50-орында болса, биыл 42-орынға көтерілді. Тәуелсіз сарапшылар ешкімге тәуелді болмайды. Олар барды бар, жоқты жоқ дейді. Ақ пен қараны ешуақытта шатастырмайды. Бұл – басты қағида. Осы орайда сот жүйесінің тәуелсіздігі турасында айтқанда, Қазақстан 2014-2015 жылдары әлем елдері бойынша 86-орында тұрса, енді 72-орынды иеленді. Әрине, мұндай жетістіктер өздігінен келіп жатқан жоқ. Ең алдымен азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңіл­дету қажет болды. Өйткені, ара­лық сатылар көп болған сайын сот істерін жүргізуді қасақана созу мен құқықты шектен тыс пайдалануға мүмкіндіктер арта береді. Мұндай қағазбастылық пен сергелдең азаматтарға қажет емес. Сондықтан сот жүйесіндегі басқа да жаңалықтарға сай, ең алдымен, сот сатылары өзгертілді. Сонда не өзгерді дейсіз ғой? Бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Бұрын қалай еді: бірінші саты – аудандық соттар, екінші саты – апелляциялық, үшінші саты – кассациялық (об­лыстық соттар), одан қадаға­лау сатысы, сосын тағы қайта қада­ғалау (Жоғарғы Сот) сатысы болатын. Кассациялық саты бұрын төменгі соттардың заң күшіне енбеген шешімдерін қайта қараумен айналысатын. Ал енді, ол бүгінде тек қадағалау міндетін атқарады, яғни заңды күшіне енген шешімдерді қайта қарайды. Бұл амалдар да аспаннан алынып отырған жоқ. Мұндай тәжірибе Италияда, Испанияда, Францияда және т.б. елдерде бар. Міне, нәти­жесінде Жоғарғы Сот өзінің төл міндеті – сот төрелігін жүзеге асыру қызметімен толықтай айналысатын болды. Сол сияқты апелляцияның да рөлі күшейді. Күрделі істерді судьялар енді алқалық құрамда қарайды. Бұл халықтың талабына сай келеді. Осындай оң істердің арқасында, ең бастысы, судьялардың жауап­кершілігі күшейтілді. Бұл, алдымен, әділдікке қолжеткізу үшін сотқа жүгінетін адамдарға керек. Өйткені, тараптар іс жүр­гізу кезінде судьялардың білік­тілігі мен тәртібіне мән беретіні сөзсіз. Сотқа жүгінетін әр та­рап­тың қорғаушыларынан басқа, сол жәбірленуші мен жауап­кердің өздері-ақ заңды шағудай шағып, дайындалып келеді. Демек, судьяның біліктілігіне аса мән беріледі. Осыған орай су­дьялардың есеп беру тәртібін арттыру мақсатында сот жюриі құрамында біліктілік және тәр­тіптік бағыттағы екі дер­бес комиссия құрылды. Тар­қа­тып айтқанда, біліктілік комиссиясы судьялардың білім деңгейін бағалайды және олар­дың судьялыққа лайықты білік­тілігіне сәйкестігіне мониторинг жүргізіледі. Ал сот жюриі болса жаңадан тағайындалған су­дья­ға бір жылдан кейін, жұмыс істеп жүрген судьяларға әрбір 5 жыл сайын, сондай-ақ жоғары сатыдағы соттағы лауазымға ар­налған байқауға қатысқан жағ­дайда бағалау жүргізеді. Бұлардан басқа тәртіптік ко­­миссия судьяларға қатысты іс­терді қарайды. Ал судьялардың жаңа Әдеп кодексін әзірлеу не­гізінде кез келген адам судья­лар­дың әрекетіне қатысты еліміз­дің Жоғарғы Соты жанынан арнайы құрылған Сот жюриіне шағымдану мүмкіндігіне ие болады. Сонда не өзгереді дейсіз ғой. Тағы қайталап айтамыз, ең ал­­дымен судьялардың жаңа Әдеп кодексінде белгіленетін талап­тарға сай жұмыс істеп жүрген судья­ларға талаптар күше­йе­ді. Осылайша су­дьялардың кәсіби деңгейін текс­­ерудің тікелей құрал­дарын енгізу, мемлекеттік қызмет жүйесінде қолданылатын меритократия қағи­датын сақтау жүзеге асады. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»