• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2016

Қайырымды қаланың қаржылық қуаты

273 рет
көрсетілді

Әдетте біз мың жылдық тарихы бар Алматыны «Мәдени астана» деп әспеттеп жатамыз. Ұлт руханиятының қайнар бұлағына айналған шаһарды қалай мадақтаса да жарасады. Жалпы Алматы қаласы қазақтың мәдениетінде ғана емес, саясат пен экономикада, әлеуметтік даму тұрғысынан да көш бастап тұрған үлкен аумақтық орталық екені даусыз. Десе де дәл осы жерде Алматының алып қаржы орталығы екендігіне баса мән бергенді жөн көрдік. Ең алдымен Алматының рес­пуб­ли­калық бюджетке донор қала екендігін айтуымыз керек. Жаңы­лыспасақ, жалпақ еліміз бойынша бюджет түсімдері жөнінен облыс­тар арасындағы үштікке еркін кіреді. Былайша айтқанда, Алматы – бай қала! Және Алматыдағы та­быс­­тың негізгі үлесі қызмет көр­­сету саласынан түседі екен. Бұл де­геніңіз – «мәдени астанада» инф­­ра­­қ­ұрылым мәде­ниетінің ай­тар­­­лықтай дамы­ға­нының дәлелі. Мәсе­лен, респуб­ли­камыздың 14 об­лы­­сын­дағы эконо­микалық көр­сет­­кіш­тердің өзегін ауыл шаруа­шы­лығы мен өндіріс көз­дері құрай­тын болса, Алматы­дағы қар­жы­лық айналым қызмет көр­сету, төлем­дер жүйесі, айырбас-бро­­кер­­лік жүйе­сінің жақсы жолға қойыл­­ғанымен ерекшеленеді. Мұның сыртында өнім өндіру­ші және өңдеуші қуатты кәсіпорын­дардың үлес салмағы бар. Еліміз бо­йын­ша өндірістік салада тоқтау­сыз жұмыс жасап, отандық нарық­қа берік орныққан жүз жиырма­дан астам ықшам және үлкен кәсіп­орын­дар Алматы бюджетінің не­гіз­гі салымшылары санатында. Сон­дай-ақ қаланың қаржы қор­жы­нын қам­пайтып отырған салық төлеу­ші­лердің 65 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері құрайды. Ал өткен алты айдағы жағдай бо­йынша Алматының жалпы бюджеті 278 млрд 737,3 млн теңгені құрап, орын­далуы жағынан 131,0 пайызға жеткен. – Алматы – еліміздің көзайым қа­ла­­с­ы ғана емес, ұлттық эконо­ми­ка­­мыздың күре тамыры сияқты қуатты орталық, – дейді экономист-ғалым Рахман Алшанов. – Аймақтардың эко­номикалық әлеуетін анықтауды жал­пы ішкі өнімнің көлеміне қа­рап айтатын болсақ, бұл жердегі Ал­ма­тының үлесі 20 пайыздан асып кет­ті. Ойлап қараңыз, қалада алып өн­діріс жоқ, Атырау, Маңғыстау сияқ­ты облыстардағыдай мұнайдан та­быс түспейді. Бірақ, біздің қала­мыз­дың бюд­жеті өзін толық қамтып, рес­пуб­ли­­ка­­лық бюджетке донар ретінде қа­ты­сып отыр. Мұ­ның басты себебі, қала­дағы инфра­құ­рылымның өте жақ­сы жолға қойыл­­ғандығында болса керек... Жалпы, Алматының қаржылық әле­уе­­тінің жойқындығын тұтыну­шы­­­лар нарығындағы қолма-қол ақ­ша айналымының көлемінен де білу­ге болады екен. Еркін ақпарат көз­дері­нің жазуынша, бұл көрсеткіш 1-1,5 млн АҚШ долларын құрайды-мыс... Еліміздің экономикалық мүмкін­діктері жайлы зерттеу ісімен айналысып жүрген қоғамдық сарапшы, PR маманы Ербол Азанбек Алматының қаржылық қуатын былайша салмақтайды: – Алматы – қаржылық тұрғыда алғанда Қазақстандағы ең қолайлы қала. Бұған басты себеп – халық санының көптігі, бизнестің шоғыр­лануы, транзиттік әлеует. Соңғы дерек­тер бойынша қалада 1,7 млн адам тұрады. Оның сыртында басқа өңірлерден уақытша жұмысқа келетін халық пен  Алматы облысына қарасты Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарының тұрғындарын қосыңыз. 2 миллионнан асатын тұтынушы бар. Бұл бизнес бастауға жақсы мүмкіндік береді. Жетекші қаржы ұйымдары шоғырланған. Ірі бизнес те, шағын және орта бизнес те бар. Әрі Алматыға ең ірі на­рық көзі – Қытайға жақын орналасуы да үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Қытай тауарларының бірін­ші келіп түсетін жері Алматы. Сан­дық көрсеткіштерге қарасақ, тек Қазақ­стан ғана емес, Орталық Азия елдері ішінде бизнеске тартымды да қолайлы. 2015 жылы еліміздің бюд­жетіне құйылған түсімдердің жалпы көлемі 5178643694 теңге болса, оның 1363110952 теңгесін Алматы қаласы берген. Бұл қаланың әлеуеті  жоғары екенін білдіреді. Енді негізі тақырыпқа оралайық. Алматының өңірлік қаржы орталығы ретіндегі статусын анықтау тура­лы сөзді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы-ақ айтқан болатын. Мұндағы мақсат, қазақтың сүйікті қаласын әлемдегі алпауыт қаржы орталықтары сияқты дербес экономикалық мәртебеге ие болуға қол жеткізу еді. Ұзақ зерт­теліп барып жүзеге асқан бұл шара­ның нәти­­жесі  2006 жылдың 5 мау­сы­мын­­да «Алматы қаласының өңір­­лік қар­жы орталығы туралы» Қазақ­стан Республикасы Заңының қабыл­дануы­на жалғасты. Қазіргі күні Ұлттық банк шеңберінде жұмыс жасайтын өңірлік қаржы орталығы Алматы қаласының экономикасы үшін ғана емес, тұтас ел қазынасы үшін де жауапты міндеттерді атқа­рып отыр. – Еліміздегі алғашқы өңірлік қаржы орталығының Алматыда құрылуы кездейсоқ таңдау емес еді, – дейді тағы да қаржы саласының білгірі Рахман Алшанов. – Елбасы осыдан 20 жылдай бұрын бастама көтеріп, Алматыны Гонконг, Дубай, Токио сияқты қаржы орталық­тары­ның қатарынан көргісі келді. Ол кезде экономикамыз әлсіздеу еді, жылдар өте келе біз бұл белесті еңсердік. Алматының ішкі қаржы айналымы салыстырмалы түрде алғанда, мегакөрсеткішке жетті. Қазіргі кезде Алматы әлемнің 136 елі үшін ашық қаржы алаңына айналды. Мұның сыр­тында дүниежүзілік қаржы айна­лы­мында өзіндік орны бар шетел­дік банктер де Алматыдағы қар­жы­лық климатты өте жоғары бағалайды. Қорыта айтқанда, Алматының қаржылық мүмкіндіктеріне жасалған зерттеулер еліміздің мәдени астанасын «қазақтың Франкфурті» атауға негіз болады дейді. Кезінде Қайрат Келімбетов Алматы өңірлік қар­жы орталығын әлемдегі  бәсекеге қабі­летті  83 қаржы орталығымен салыс­­­­тыр­ғанда, елу сегізінші орын­ға табан тірегендігін айтқан бола­тын. Ауыр салмақтағы қаржыгер­дің бұл сөзі қазіргі күні ел бола­шағының ора­сан зор мүмкінді­гінің белгісіндей болып көрінеді. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Алматы