Қазақтың белін кемермен буған көрікті күресі Қытай жеріне де туын тігіп жатыр. Кеше осы елдің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районындағы Іле-Қазақ облысы аумағының Моңғолкүре елді мекенінде қазақ күресінен жаһанның VІ чемпионат жалауын желбіретті. Негізі, бұл аймақтың таңдап алынуы тегін емес. Бұған дейін осы жерде қазақ күресінен Азия чемпионаты өткен. Ол адам көрсе таңданатын тартысты талас болып өрнек тізген.
Осы жарыстың қарсаңында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкиевпен кездескенімізде, ол бізге Қытайда өтетін әлем чемпионатына 30-ға жуық елдің балуандары қатысатынын айтқан.
– Биылғы чемпионатқа көптеген елдердің балуандары қатысады. Оған біз алғаш рет Австралияны шақырып отырмыз. Сонымен бірге, жарысқа Индонезия, Грузия, Иран елдерінен бөлек, Еуропаның бірнеше мемлекетінен күрес шеберлері келеді. Басты мақсатымыз – әлем чемпионатын өткізіп қана қоймай, төл күресімізді жер-жерге, ел-елге таратып, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан федерациялар ашу. Сөйтіп, оны 2018 жылы өтетін жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу, – деді С.Төкиев.
Осы жерде Серік Адамұлы жаһандық жарысты ұйымдастыруға, өткізуге қолұшын берген Қытай еліне алғысын жасырмады.
– Қытайда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының істеген жұмысы арқасында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районының 10 ауданында, Іле-Қазақ автономиялы облысының 3 қаласында қазақ күресінен федерациялар ашылды. Бұған елдегі күрес десе делебесі қозатын қауым қуанып қалды. Бұл елдегі қандастарымыз әлем чемпионатының шығынын да өздері көтеріп отыр. Осы жерде мен еліміздің және федерацияның атынан Қытайдың ШҰАР-дағы жоғары лауазым иесі Асхат Керімбайға, Іле-Қазақ автономиялы облысының бұрынғы әкімі Қызайжан Сейілқожаұлына алғыс айтқым келеді. Бұл азаматтар төл күресімізден жарыстардың өтуіне қолдан келгенше көмектесті. Сонымен бірге, Алтайдың ар жағындағы ағайынның арасында төл күресіміздің дамуына барынша үлес қосып жүрген бауырымыз Серік Кененбайдың еңбегі ерен. Ол Қытайда соңғы екі жылда біраз жұмыстар жасады. Соның нәтижесінде қамалы биік Шын елінде ұлттық күресіміздің жалауы желбіреді. Биылғы додаға дайындықты да осы бауырымыз атқарып жүр. Қытайдағы ағайын Африка мен Азия елдерінен келетін балуандардың, спорт делегацияларының барлық жол шығынын да өздеріміз көтереміз деп отыр. Бұл, әрине, Іле-Қазақ автономиялы облысы Моңғолкүре ауданы басшыларының қазақ күресіне деген қамқорлығын білдіреді, – деді Серік Төкиев.
Бұған дейін Қытайда екі рет Азия чемпионаты өткен еді. Соңғысы 2015 жылы Гансу провинциясына қарасты Ақсай ауданында жалауын желбіретті. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы басшысының айтуынша, ол Қытайдағы ең үлкен жарыстардың бірі болған. Биылғы әлем чемпионатына дайындық мәселесі сол жарыстан кейін шешілді. «Осы додадан кейін федерация Қытайда әлемдік бәсекені өткізуге білек сыбана кірісіп, дайындықты бастап кетті», деді ол.
– Бәрі Азия чемпионатынан басталды. Бұл жарыстың өтуіне Серік Кененбай мен Айдархан Қабдолла деген азаматтардың көмегі көп тиді. Олар 2012 жылы Гансу провинциясына барып, сол жердің атқамінер азаматтарымен кездесіп, Азия чемпионатын өткізуге келісім алып келді. Серік Кененбайдың өзі Қытайда туып-өскен. Қазір Азия федерациясының бас хатшысы. Сол кезде Алтайдың ар жағында ұлттық күресімізді насихаттауда, шыны керек, біраз қиыншылықтар болды. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы – аумағы жағынан Қытайдағы ең үлкен өңір. Онда 20 млн-нан астам халықтың тұратынын білесіздер. Ал қазақтар шамамен 2 млн. Осында Үрімжіден 1 500 шақырым жерде Гансу деген провинция бар. Бұл жерде кезінде Гималай тауынан асып, Түркияға бет алған көштен қалып қойған қандастарымыз тұрады екен. Жан саны аздау. Соларға өткен ғасырдың 50-ші жылдарында автономия беріліпті. Осы жерге біз 2012 жылы Серік Кененбай мен Айдархан Қабдолланы аудан басшыларымен кездесуге жібердік. Олар Гансудегі қандастарымыз көп тұратын Ақсай ауданына барып, басшыларымен кездесіп, 2013 жылы қазақ күресінен Азия чемпионатын өткізуге келісімдерін алып қайтты. Сөйтіп, құрлықтық бәсекеге дайындық басталып, ол өте жақсы деңгейде өтті. Оның ашылу салтанатының өзі керемет әсер қалдырды. Онда 50 киіз үй тігіліп, 49 тайқазан қойылды. 700-дей қыз-жігіт қазақтың халық билерін билеп, өнер көрсетті. Серік Кененбайдың айтуынша, Азия чемпионатының осындай деңгейде өтуіне үлес қосу арқылы сол жердегі қандастарымыз елге деген сағыныштарын көрсеткісі келген. Ол нені айтса да біліп айтады. Сол кезде менің Ақсайдағы бауырларымыздың ішкі Қытайда тұрса да, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы сақтағанына көзім жетті, – дейді С.Төкиев.
Осы жарыстан кейін Қытайда қазақ күресіне деген көзқарас өзгереді. Спорт министрлігінің рұқсатымен ел-елде, жер-жерде ұлттық күресімізден жарыстар өткізіле бастайды деп сенеміз.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан» – Моңғолкүре (Қытай)