• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2016

Гольфтен "Kazakhstan Open" турнирі өтеді

347 рет
көрсетілді

  Гольф ойындары туралы сөз бола қалса, есімізге голливудтық кинолардағы көріністер түсетіні анық. Жасыл қырат үстінде өтетін ойынның бұл түрін әлемге танымал саясат, экономика, өнер жұлдыздарының басын қосатын ақсүйектерге тән жарыс деп қабылдайтынымыз тағы бар. Негізі, гольф турнирлері кәсіби спортқа қарағанда  жарнамасы аздау әрі шектеулі аудиторияға арналғандай көрінгенімен, әлемде бір сүйем темір мен жұдырықтай доп десе ішкен асын жерге қоятындар көптеп саналады екен. Әрі бұл ойын -  адамзаттың ертеден ермек еткен ойындары санатында. Кәрі құрлықтың жазба шежіресі гольф ойынын шотландықтар ойлап тапты деп жазып жүргенімен, имек таяқ ұстап, иірілген жүнді доп орнына ұрып ойнау салты ғаламдағы барлық халықққа тән сияқты. Мәселен, Рим жауынгерлері ұрыс арасында жерді ұңғып жіберіп, оған шағын шар тәріздес домалақ затты қуалап, салып ойнайтын болған. Бұл үрдіс тек батыс жұртында ғана емес, шығыстықтарға да танымал болса керек. Қытай жазбаларында да осыған ұқсас ойын түрі болғаны және оны бекзадалардың әуестігі жайлы деректер кездеседі-мыс. Ал, біздің ежелгі бабаларымыздың заманында да осыған ұқсас ойын түрі аса танымал болған екен. Көктүріктер дәуірінде ішіне шөп-шалаң толтырылған тері дорбаны, ұзын имек таяқтар арқылы ат үстінде қақпақылға салып, қызу таласатын ойынның болғаны анық еді. Ұлы даладан Еуропаға салт атты жауынгерлердің даңқымен ере барған осы түркілік сарын уақыт өте келе қазіргі гольф ойынының шығуына себеп болған шығар. Тіпті, бұл тұспалымыз қазіргі хоккей түрлерінің түпкі ізі қайдан шығатынын да аңдатпай ма?.. Жә, дегенде қазіргі өркениетті әлем үшін гольф турнирлері ең қазыналы ойындардың қатарында екені анық. Және талапқа сай, үлкен спорттық жарыстар өтетін гольф алаңдарын кез-келген елден табу қиын. Елдің ауқаттылығын былай қойғанда, табиғи ерекшеліктердің маңызы зор екен. Қуаныштысы, Қазақстандағы гольфтің дамуы ойдағыдай жолға қойылған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ отандастармыздың бұл ойынға деген қызығушылығы оянып, жылдан жылға артып келеді. Елімізді қойып, Орта Азиядағы теңдесіз гольф кешені Алматыда салынды. Қазір Алатау баурайындағы жасыл алаңда әлемдік деңгейдегі жарыстар өтіп тұрады. Соның бірі биыл он екінші рет ұйымдастырылып отырған  «Kazakhstan Open» турнирі. Алматы қаласындағы «Жайлау» гольф кешенінде  жыл сайын 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтіп, дәстүрге айналған жарысқа биыл әлемнің әр қиырынан 132 спортшы қатысып, бақтарын сынамақшы. Бұл дода «Europen Challenge» жарысының бір пұшпағы сияқты. Осы жарыстан топ жарған спортшылар «European Tour» жаһандық гольф ойындарына қатысуға жолдама алады. Басталуына санаулы күндер қалған жарыстың жүлде қоры 450 000 еуроны құрайды. Бұған дейін өткен төрт жылдың ойындарында жеңімпаз атанған спортшылар Алматы төрінде шеберліктерін тағы бір рет шыңдап, мықтылығын дәлелдейтін болады. Айтпақшы, жақында «Жайлау» гольф клубында алдағы ойындардың ұйымдастырылу барысымен таныстыру мақсатында Media day шарасы өткізілген болатын. Шарада турнир барысынан ақпарат таратуға ниетті журналистердің басы қосылып, ойын тәртібі мен ерекшеліктері туралы еркін әңгіме өрбіді. Тіпті, отызға жуық алматылық журналис гольф алаңына шығып, өзара сайысқа да түсті. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, Алматы.