• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2016

Әуезовтің «Қилы заманы» қайта қойылды

439 рет
көрсетілді

Елордадағы Жастар театрында Жамбыл облыстық қазақ драма театры көрерменге Мұхтар Əуезовтің "Қилы заман" повесін жаңа қойылымда ұсынды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов сахналаған шығарма желісінің ерекшелігі – тарихи шындыққа, архивтік деректерге құрылуында. Қойы­лым­­ның тарихы туралы, бүкіл Ұлы Даланың тамырын бүл­кілдеткен көтерілістің Жеті­судағы бір ошағы жайында Нұрлан Оразалин қысқаша баяндай келіп: «Халқымыздың азаттыққа деген құштарлығын жырлаған шығарманы Мұхаң небәрі отызға жетер-жетпес жасында жазып, екі жылдан соң түрмеге қамалған болатын», – деді. Жазушы спектакльдің алғашқы нұсқасы 1987 жылы жарық көруі тиіс болғанын, алайда, режис­сер Қадыр Жет­пісбаев сах­налаған туын­дыға рұқсат етілмей, тоқ­татыл­ғанын айтты. «Ал енді кейін оның жа­рық көруіне кеңес сая­саты қа­лай рұқсат етті десек, 1972 жылы Шыңғыс Айтматов «Новый мир» журналында өзі шығармаға алғысөз жазып, «бұл әлемдік жауһарларға талассыз қосы­латын, баяндау үлгісі, таби­ғаты бөлек өте құнды туын­ды» деген баға беріп, ұстаз алдындағы шәкірттік мін­де­тін орындады. Сондағы адам­дар­дың ұрпағы қазір залда отыр. Соның бірі мен өзіммін. Менің бабаларым осы Қарқара түрмесінде атылған кісілер... Ал мына спектакль Тәңіртаудың етегін­дегі қанды оқиғаның куәсі болған қыршындардың рух­ын жаңғыртып, 1997 жылы қайта түле­ді. Ол уақытта туындыны Әу­бәкір Рахимов сахналады. Одан бері арада 20 жылға жуық уақыт өткеніне қара­мас­тан, бұған ат ізін салған театр ұ­жымы болған емес. Міне, енді Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойланатын қарсаңда мұны бізге тараздық театр тарту етіп отыр», – деді. Спектакльдің декорация­сы, яғни мұндағы барлық оқи­ға­ның киіз үй үлгісіндегі шаңырақта өрбуі, өршіл рухы, отты, жалынды динамикасы ұнады. Бұл жерде қазақтың киіз үйі символикалық рөл атқарады. Осы арқылы бүкіл қазақ даласындағы жағдай баян­далды. Тарихи туындының бүгінгі қоғам идеясымен тұтас­қан ұлттық мұраты жігер­лен­діреді. Қойылым соңында экран арқылы Алаш ардақтылары мен Желтоқсан көтерілісіне қаты­сушы жас боздақтар бейнесінің көрініс табуы еркіндік жырын шарықтата көтеретін сәтті деталь еді. Автор мен режиссердің өзара түйсік-түсінігі қалтқысыз қабысып, межелеген мұратқа қапысыз жеткен деуге толық негіз бар. * * * Тәуелсіздік мерекесіне орай Жамбыл облыстық театрлары мұнан да басқа рухани тартулар, мәселен, облыстық қазақ драма театры М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклін, Жамбыл облыстық орыс драма театры С.Маршактың «Марғаудың үйі» ертегісін, Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалап жүгірген тар­ғыл төбет», Ф.Буляковтың «Күйеуге шыққан кемпірлер» қо­йы­лым­дарын алып келді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»