Қоғамдық кеңес төрайымы, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімованың жетекшілігімен Сыртқы істер министрлігі (СІМ) жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі болып өтті.
Мәжіліс барысында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Кеңес мүшелерін ведомствоның әлемдегі геосаяси жағдай аясындағы ағымдағы жұмыстарының шешуші бағыттары мен басымдықтары туралы хабардар етті. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне алдағы төрағалығы тақырыбына ерекше назар аударылды.
«Бұл миссия біз үшін үлкен жауапкершілік болып табылады. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік, превентивті дипломатия, жанжалдарды реттеу мен жанжалдан кейінгі қалпына келтіру, бітімгершілік, адам құқықтары, гендерлік теңдік, халықаралық құқық секілді салаларда үлес қосуға ұмтылатын боламыз.
Орталық Азия аталған орган тарихында алғаш рет Қауіпсіздік Кеңесінде өкілеттік ететін болады. Біздің мүшелігіміз – Кеңес мүшелерінің назарын өңірлік қауіпсіздік, оның ішінде Ауғанстанды тұрақтандыру мәселелеріне аударуда үлкен мүмкіндік болып табылады. Біздің басты идеямыз – өңірді бейбітшілік, ынтымақтастық және қауіпсіздік өңіріне айналдыруға ықпал ету», – деп атап көрсетті Е.Ыдырысов.
Б.Әйтімова Кеңестің үш шешуші бағыт – ақпараттық, сарапшылдық-талдамалық және жұртшылықпен байланыс, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар бағытындағы жұмыс қорытындылары туралы айтып берді.
«Әр бағыт бойынша жұмыс топтары құрылса, олар тарапынан бірқатар міндеттер жүзеге асты. Кеңес мүшелері БАҚ-тарда сөз сөйлеп, ірі халықаралық шараларға, оның ішінде шетелдік шараларға қатысып жүр. Қазақстан елшілерінің СІМ-де өтетін тақырыптық брифингтеріне де үлес қосып тұрады. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтымен бірлесіп, басымдық берілген елдер және өңірлермен ынтымақтастықты белсенділендіру бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру үдерістері де басталып кеткен. Аталған бағыттардағы жұмыс барыстары Кеңес мүшелерінің өздерін қызықтырған тақырыптарға тереңірек бойлауларына мүмкіндік беріп отыр. Ал СІМ өзі тарапынан қандай да бір мәселенің ағымдағы жағдайына ішкі бағалау жүргізді. Осы тұрғыдан алғанда, жұмыстардың бағыт алған қырлары Қоғамдық кеңестің міндеттері мен мақсаттарына толық көлемде сәйкес келеді»,– деді Б.Әйтімова.
Кеңестің «Қазақ мемлекеттік заң университеті» АҚ-тың Халықаралық құқық ғылыми-зерттеу орталығымен ынтымақтастығы жөніндегі жаңа перспективалы жоба бойынша Лиля Испенбетова әңгімеледі. Аталған бағыт қазақстандық заңнамаларды әрі қарай жетілдіру мен оларды халықаралық стандарттарға келтіру бойынша ұсынымдамалар жасауда өзара іс-қимылды ынталандыруды көздейді.
Кеңес тарапынан СІМ-нің зерттеу жұмыстарындағы міндеттерін талқылау, 2015 жылы жүргізілген кең ауқымды шолу зерттеулері мәселелері де қозғалды. Мәселен, Мемлекет басшысының Бес институттық бағдарламасы аясында бірқатар жаңа заңдар қабылданды. Қызметтері жеке заңмен реттелетін Қоғамдық кеңестер құрылуының өзі осы реформалардың бір бөлшегі болып табылатыны атап өтілді.
Жаңа қадамдар жасау мен енгізу өте ауқымды алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуді талап етті. Сол кезеңде СІМ-нің шешуші жұмыс бағыты Бес реформаны жүзеге асыру бойынша халықаралық тәжірибеге негізделген сараптамалар жүргізулер болып табылды. Бұл арада шетел тәжірибелері де ескерілді. Тұтастай алғанда, 50-ден астам елдің тәжірибелері зерттелді. Мысалы, шетелдердің мемлекеттік қызмет жүйесі, саяси жүйесінің эволюциясы мен жемқорлықпен күрес тәсілдері; сот төрелігі жүйесі; ұлттық біртектілікті қалыптастыру мен нығайту; индустрияландыру мен экономикалық өсім, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздік, жасыл технологияларға көшудегі шаралар мен энергияның қайталама көздерін пайдалану, инновациялық кластерлерді дамыту, әлемдік интеграциялық үдерістер секілді тақырыптар жан-жақты сарапталды.
Шет мемлекеттердің орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдердегі дамуын айқындайтын стратегиялық бағдарламалық құжаттарын оқып-үйренуге бөлек назар аударылды.
Осыған байланысты айтатын болсақ, жаңа тәжірибелерге сараптама жүргізу, озық халықаралық тәжірибелерді оқып-үйрену СІМ-нің тұрақты жұмысы болып табылатыны атап өтілді. Ал ғылыми және сарапшылық институттар тарапынан осы бағыттағы идеяларды пайымдау қажет екендігі де назардан тыс қалған жоқ.
Бұл жұмыстың басты мақсаты – Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметін тиімді жүзеге асыратын жүйе құруды қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі үстіміздегі жылдың желтоқсан айында өтеді деп белгіленді.
Сәулебек БІРЖАН