Алматыда белгілі әнші Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған «BATYR.Live» атты фотосурет көрмесі өтуде.
Бұл көрмеге Батырханның 1993 жылы түсірілген «Джулия» атты музыкалық фильміне және жұртшылық ықыласын өзіне аударған басқа да гастрольдік сапарлары мен концерттік бағдарламалары үшін түсірілген тартымды фотолары қойылды. Ұзын саны 100-ден астам әртүрлі сурет келушілер көзайымына айналды. Бұл суреттердің дені саксафонның сиқырлы сағыныш сазындай болып бүгінгі күнге жеткен Шөкеновтің шығармашылық шабытты шақтарында бірге болған Николай Постниковтің авторлық жұмыстары.
Көрменің ашылуына марқұм әншінің анасы Дилара апай мен тетелес ағасы Бауыржан қатысты. «Көрмені ұйымдастырушыларға аналық жүректен алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін ұлымның әндерін құрметтей білетіндеріңіздің, сыйластықтарыңыздың бір көрінісін білдірсе керек. Әр суреттің жүректі езгілейтіні мен үшін ауыр әрі сағыныш болып себезгілейтіні бар», дейді ол кісі. Әрбір сурет кенеттен үзілген әнші жолдарының ұмытылмайтын көріністерін еске салады.
– Бұл біздің қолға алып отырған ауқымды істеріміздің бастамасы ғана. Біз қазір үлкен фото-альбом дайындау үстіндеміз. Бұл жұмыстардың бірінші бөлімі әншінің жеке өмірінен құралса, екінші бөлімде кәсіби студиялық суреттер жинақталмақ, – дейді Батырхан Шөкенов атындағы қордың директоры Олжас Байқанов. – Алда өткізілетін әнші атындағы фестивальдар ұйымдастыру, музыканттың Алматыдағы Батырхан Шөкенов атындағы мәдени орталықтың құрылысын аяқтап, деректі фильмді жалғастыру міндеті тұр.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ