Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақ елі әлемдік білім жүйесімен жан-жақты ықпалдасып, ғылым мен білімді заман талабына сай дамытудың даңғыл жолына түсті. Адам капиталының бәсекелестік жағдайда дамуы білім беру саласының тиімді бағытта келе жатқанын айқындайтын негізгі көрсеткішке айналып отыр. Бұл өлшем елімізді былай қойып, дамыған елдерде басым бағытқа айналғаны белгілі. Осы ретте Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің 25 жылында бұл бағытта үлкен белестерді бағындырды.
Соңғы жылдары Қазақстанға бүкіл әлем мойындаған бакалавр – магистр – РhD доктор жүйесі кең қанат жайды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарына кредиттік технология, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы білім саласына толықтай енді. Осы ретте бірқатар еліміздегі жетекші оқу орындары сырт елдерден білікті профессорларды шақырып, студенттердің жан-жақты білім алуына жол ашқанын да айта кетуіміз керек.
Күн өткен сайын ғылым мен білімнің әлемдік үрдіске ықпалдасуының арқасында қазақ ғалымдары мен оқытушылары халықаралық жоғары импакт-факторлы журналдарға ғылыми мақала жариялап, өздерінің таным көкжиегін кеңейтіп келеді. Осы ретте қазақ ғалымдары мемлекет қолдауының арқасында Thomson Reuters (АҚШ), Springer (Германия), Scopus Elsevier (Нидерланды) сынды дүниежүзіндегі беделді ғылыми ақпарат ресурстарына қол жеткізіп, өздерінің біліктілігін көтеру мүмкіндігіне ие болды. Тәуелсіздік жылдары Scopus Elsevier дерекқорына еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындары жанынан шығатын ғылыми журналдар енгенін ерекше атап айтуға тұрады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жоғары білім беру сапасының артуына және ғаламдық ғылыми-техникалық үрдістен қалып қоймауына барынша ықпал етті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясында елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу міндетін жүктегені баршаға мәлім. Сондықтан алдағы уақытта көптеген салалар бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытып, отандық білім беру саласының сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бар күш-жігерімізді жұмсау біздің басты парадигмалардың біріне айналды.
Білім беру саласындағы заманауи үрдістерді дамыту мақсатында Отанымыздың білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі (БСБҰЖ) басты жаңалыққа айналды. Бүгінде бұл жүйе білім саласындағы сапаның сыртқы, ішкі бақылауды және оның негізгі міндеті білім берудің барлық деңгейі бойынша оқушылардың оқу жетістіктерін қадағалауды мақсат тұтуда. Білім беру үрдісіне қатысушылардың қызметін, оқу-әдістемелік және оқу үдерісін жетілдіру, үздіксіз білім беру сатылары арасындағы бағалау нәтижелерімен сабақтастықты қалыптастырудың маңызы зор. Сондай-ақ, ұлттық және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын (МЖМБС) халықаралық білім стандарттарына сай ұдайы мониторинг жасау күн тәртібінен түскен емес.
Әлемдік білім беру жүйесі мен Болон үрдісінің негізгі элементтері мен критерийлерінің сәйкестігін ресми растау үшін арнайы тәуелсіз аккредиттеу (білім беру ұйымы немесе білім беру бағдарламасы) жүйесі құрылды. Осылайша, елімізде бұған дейін қолданыста болған мемлекеттік аттестациялау ісі тәуелсіз аккредиттеу жүйесіне ауысып, Қазақстан үшін БСБҰЖ-сін дамытуда ғана емес, білім беру сапасын өркендетуде үлкен қадам жасалынды. Қазір аккредиттеу жүйесі білім сапасына берілген сертификат қана емес, ол білім сапасы мен адам капиталының деңгейін айқындайтын негізгі механизмге айналды. Қазіргі таңда елімізде аккредиттеудің мәртебесі мен дәрежесі заңды түрде бекітіліп, білім сапасын тәуелсіз бағалаудың және ынталандырудың оңтайлы жолдары қалыптасты деп нық сеніммен айтуға негіз бар.
Қазақстан үшін аккредиттеу жаңалық емес. Бұл бағытта жұмыстар бұрыннан бері жалғасып келеді. Уақыт тарапынан табысты сыналған іс-тәжірибелеріміз бар. Аккредиттеу – медициналық, сынау, сертификаттау, зертханалық ұйымдар үшін, сондай-ақ ақпараттандыру, БАҚ, аудит агенттіктері үшін жүзеге асқанын жақсы білеміз. Қазақстанға аккредиттеу жүйесін енгізуде өзге елдің іс-тәжірибесі айна қатесіз көшірілген жоқ. Қайта біз кез келген тәжірибені ауқымды түрде қабылдап, аккредиттеуден өткен мекемелерді сертификаттағанда олардың жұмысының әлемдік стандартқа сәйкестігіне баса мән беріп, білім сапасын арттыруға көңіл бөлдік. Бұл қоғамның аккредиттеу жүйесіне (латын тілінен «accredo» – сену) сенім арту болып табылады. Осылайшы біздер ата-ана мен студенттердің жоғары оқу орындарына, колледждерге, мемлекеттік мекемелерге деген сенімін қалыптастырдық. Аккредиттеу жүйесінің басты ерекшелігі бағалаушы топтың құрамында академиялық қоғамдастық өкілдері, студенттер, шетелдік сарапшы мамандардың болуында. Тәуелсіз сарапшылар білім беру ұйымдары және бағдарламаларының сапасы мен сәйкестілігін қадағалап, оны жетілдіруде өз ойларын ортаға салып, сапа стандарттарына қалай сәйкестендіруге қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтады. Сондықтан аккредиттеу барысында тәуелсіз қоғамдық-кәсіби бағалауға қатысты маңызды шешімдер қабылданады.
Бүгінде еліміздегі аккредиттеу жұмыстарын Білім және ғылым министрлігі мақұлдап, аккредиттеу органдарының Ұлттық тізіліміне енген Акредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) және басқа да бірқатар отандық және шетелдік аккредиттеу ұйымдары жүргізіп келеді.
Бұл жұмыстың атқарылып келе жатқанына биыл бес жыл болды. Бүгінде Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі білім сапасын жетілдіруде Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, өзге елдерде де мойындалған жетекші ұйымға айналды. Осы жылдар ішінде біраз іс-тәжірибе жинақталды. 43 білім беру ұйымы институционалдық аккредиттеуден, 1075 білім беру бағдарламалары мамандандырылған аккредиттеуден өткенін атап айтуға болады. Аккредиттеудің салалық ерекшелігіне байланысты арнайы құрылымдар құрылып, олардың жұмысы жетілдірілді.
Біздің басты мақсаттарымыздың бірі, жоғары оқу орындары мен колледждер білім сапасын көтеруде әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін ұлттық құндылықтармен және өзіміздің ерекшелігімізге сай үйлестіре дамыту болып табылады. Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу кезінде ұлттық білім беру саясаты мен заңдылығын сақтап, еуропалық білім стандартына сәйкес (ESG) дайындаудың маңызы зор екенін басшылыққа алдық.
Агенттік ESG стандартын жан-жақты жетілдіріп, еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білім сапасы ұлттық саясат пен заңға сәйкес қамтамасыз етіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз қоғамның назарын аударып, жекелеген адамдардың қызығушылығын туғызды.
2015 жылы еліміздің заң шығарушы органы Ұлттық тізілімге енген аккредиттеу ұйымдары Еуропадағы білім сапасын қамтамасыз етудегі жетекші желілерге толық мүше болуы керек деп талап қойды. Мұндай талаптар агенттік үшін қашанда маңызды. Себебі, халықаралық аренада үздік тәжірибелерді үйрену және енгізу еліміздегі білім беру сапасының заман талабына сай болуына жол ашатыны анық.
Еліміздегі аккредиттеу жүйесін дамыту ісіне қатысты АРТА-ның алға қойған маңызды стратегияларының бірі – еуропалық деңгейдегі агенттіктермен әріптестік қарым-қатынас орнату еді. Бүгінде сол мақсатымызға да қол жеткізіп отырмыз. Қазір агенттік CEENQA-ның (Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттерінің жоғары білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету бойынша агенттіктер желісі) және INQAAHE-нің (Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету агенттіктерінің халықаралық желісі) толыққанды мүшесіне, сондай-ақ ENQA-ның (Жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз етудің еуропалық ассоциациясы) үлестес мүшесіне айналды.
Айта кетейік, агенттіктің ENQA мүшелігіне өтуінің маңызы зор. Өйткені, аталған ұйым 1998 жылы Еуропалық кеңес ұсынысы бойынша Болон үдерісі базасын анықтау үшін құрылған-ды. Ал Болон үдерісіне мүше Қазақстан үшін аккредиттеу ұйымдарының көшбасшысы ENQA-ға толық мүше болып, Еуропалық сапаны қамтамасыз ету агенттіктерінің тізіліміне (EQAR) ену маңызды қадам.
Агенттіктің басты жұмысы өзара тиімді әріптестік қағидаттарына негізделген. Сондықтан біздер мойнымызға алған міндеттерге жауапкершілікпен қараймыз. Жұмысымызды жетілдіру бағытында жыл сайын тұтынушылар арасында талдау жүргіземіз. Сондай-ақ, ЖОО-ның білім беру саласын сырттай бағалап, білім сапасын дамытудың жаңа жолдарын бірлесіп қарастырамыз. Жалпы, біздің білім беру ұйымдарымен арадағы жұмысымыз аккредиттеуден өткеннен кейін де үзілмейді.
Сөз соңында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстарымызда өз жемісін бергенін айта кетуіміз керек. Аккредиттеу саласындағы бірқатар жетекші халықаралық ұйымдармен арнайы келісімге қол қойылды.
Академиялық ұтқырлық, білім бағдарламаларын интеграциялау, ғылым мен өндірісті үйлестіру, ішкі және сыртқы бағалауда еуропалық стандарттарға сәйкестендіру, Қазақстандағы жоғары оқу орындары дипломдарын Еуропа өңірінде айналымға енгізу, оқу бітірген жастарымызды сырт елдерде, өз Отанымызда жұмысқа орналастыру секілді маңызды жұмыстармен айналысып келеміз. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігінде белсенділігін арттырып, серпін береді. Сонымен қоса әрбір азаматтың өз білімін жетілдіру үшін мүмкіндіктер туғызады.
Алина ЖҰМАҒҰЛОВА,
Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің директоры