Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Жастар мәслихаты» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Березка» балаларды сауықтыру лагерінде өткен жас орманшылардың бесінші слеті өскелең ұрпақты табиғатты сүю, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу мақсатын көздеді.
Жиынды ашқан басқарма басшысының орынбасары Анатолий Усольцев адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы орны толмас зардаптарға соқтыратынын, сондықтан экологиялық мәдениеті биік жеке тұлғаны қалыптастырудың маңызын атап өтті. Орман шауашылығы бөлімінің жетекшісі Василий Лобанчук жас орманшылардың 12 командасы арасындағы бәсеке төрт кезең бойынша жүргізілетінін түсіндіреді.
7-10 сынып оқушылары бас қосқан байқаудың бірінші кезеңі табиғаттың сан қырын бейнелеуді мақсат еткен плакаттарға арналды. «Ботаника», «Дендрология», «Энтомология», «Орман шаруашылығы» аталымдары, «Орман көпсайысы» эстафетасы, «Үгіт бригадасы», «Өзін-өзі таныстыру» кезеңдері бойынша да жарыс тартысты өтіп, экологиялық сананы қалыптастыру, ғылым жаңалықтарына сүйену, нормативтік-құқықтық құжаттарды білу, практикалық іс-әрекеттер мен дағдыларды дамыту мәселелеріне баса назар аударылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы