Біркелкі емес болжамдар
Біз сияқты мұнайлы елдер үшін бұл жақсы жаңалық. Әрине, баға осылайша өрлеп, не тұрақтанса жақсы. Бірақ соңғы кездері мұнай бағасының құбылмалылығы көп елдің құтын қашырды. Қаншама бюджеттер қайта қаралып, экономикасы қыспаққа түскен дүние дағдарды. Олай болмай қайтсін, осыдан екі жыл бұрын ғана «қара алтын» бағасы барреліне 130 доллардан болды емес пе?! Ал Дүниежүзілік банктің есебі бойынша биылғы жылы мұнайдың орташа бағасы 41 доллар болмақ. Сондай-ақ, 2017 жылы – 47 доллар, 2018 жылы 53 доллар болады деп болжанды. Бірақ Халықаралық валюта қоры сарапшыларының болжамы басқаша, зерттеу бойынша олар 2016 жылдың қорытындысында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 36 доллар болады депті. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 42 долларға дейін өсуі қажет. Сондай-ақ, 2021 жылы мұнай бағасы барреліне 51 доллар көлемінде болады деп есептейді. Бұл туралы ұйымның есебінде жазып, болжам 2016 жылдың сәуіріндегі мұнай бағасы бойынша жасалынғанын айтқан. Алайда, алдағы жылдары мұнай бағасының соншалық төмен болмайтынын қазақстандық сарапшылар да білген. 2020 жылға қарай мұнай бағасы барреліне 60-80 долларға жетуі мүмкін, деп мәлімдеді Kazenergy қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақов. Ол ұзақ мерзімді перспективада мұнай бағасы жоғары деңгей – барреліне 100-105 долларға қайтып келетінін айтып, жалпы, 2035 жылға дейін әлемде бастапқы энергия ресурстарына сұраныс артады деп күтілетінін де айтқан. Ал Қазақ мұнай және газ институты бас директорының орынбасары Ақбар Тұқаев бір сұхбатында 2016 жылдың соңына қарай мұнай бағасы 50-60 доллар болуы мүмкін екенін айтыпты. Ресей сарапшылары да биылғы жылдың соңы мұнай бағасы мұңайтпайтынын айтып, күпті көңілді басқандай болған. Мәселен, «Роснефть» басшысы Игорь Сечин «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында 2016 жылдың соңында мұнайдың баррелі 50-55 доллар деңгейінде болады, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 65 долларға дейін көтеріледі, депті. Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта мұнай бағасының құбылмалығы жалғаса беретінін жеткізген. Міне, әр сарапшы әртүрлі болжам айтады. Әрине, дөп басып айту мүмкін емес. Ендеше алдағы жылда қандай «тосын сый» күттіріп тұрғанын ешкім білмейді.Бұдан да төмен баға болған
Жалпы, мұнай бағасының түрлі «мінез» танытуы қазір ғана емес. «Қара алтын» бағасының тарихына көз жүгіртсек те талай құбылулардың болғанын аңғару қиын емес. Айталық, 1970 жылдары экспортқа шығарылған араб мұнайының бағасы өте арзан болған деседі. Барреліне – 3-4 доллар. Ал 1982 жылы баға 50 долларға дейін қымбаттап, 1986 жылы 15 долларға төмендеген. 1986-2002 жылдардағы орташа баға 20 доллар болыпты. 2003 жылдан бастап баға қайта өсе бастаған. Экономикалық өсім жылдам көтеріліп, мұнай бағасы аз уақыт аралығында өте жоғары деңгейге жеткені осы кезең. Мысалға, 2008 жылдың тамызында 130 доллар болды. Әлемдік экономикадағы «қателік» осы жерден басталды десе де болатындай. Өйткені бағаның бұлайша бұлқынуы тым «қомағайлықтың», экспорттаушылардың ашкөздігінің салдары десе де болатындай. Себебі, сол кездің өзінде бағаны 70-90 доллар айналасында ұстап тұрса да, ешкімнің «мұртын балта кесетін» емес еді. Аспандап кеткен бағаның енді келіп 30 долларға дейін төмендеуі қиындық тудырды. Әлемнің көптеген елдеріне қатты соққы болғаны да осы – бағаның шарықтап барып, шалқасынан түскендігі.Дәніккеннен құныққан жаман
Ал соңғы кездері мұнай бағасының сан құбылып, тіпті құлдырап кетуінің түрлі себебі бар? Оған бірінші себеп, сұраныс пен ұсыныстың ара қашықтығының алшақтығы дейді ғалымдар. Яғни, мұнай шамадан тыс өндірілген. Мәселен, 2014 жылы әлемде өндірілген мұнайдың көлемі күніне 92-93 млн баррелді құрапты. Яғни, 0,5-0,7 млн баррель артық өндіріліп отырған. Негізінен әлемдік мұнай қорының 2/3 бөлігін мұнай экспорттайтын мемлекеттер ұйымы – ОПЕК елдері бақылайды. Бірақ әлемдік ауқымда өндірісті реттеп отырудың тұрақты механизмі жоқ. Әлемдік мұнай қорын сақтау орындарындағы артық өндіріс мәселесін шешу қара алтын бағасын қалпына келтірудің маңызды факторы болып табылатынын ОПЕК-тің бас хатшысы Абдалла Салем Әл-Бадри де мойындаған. Оның сөзінше, мұнай өндірушілер қазіргі кездегі нарық шартына байланысты қабілет танытқылары келеді. Оның үстіне мұнайдың әлемдік қоры соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіштен асқан. «Нарықтағы мұнайдың артық болуы мұнай бағасының арзандауының басты факторларының бірі», дейді Әл-Бадри. Қазір әлемдік нарықта мұнайды тұтыну деңгейі баяу жүріп жатыр. Дамыған елдер мұнайға тәуелділікті тіптен азайтып келеді десек болатындай. Олар оны жаңа технологиямен алмастырауға тырысуда. Яғни, мұнай бағасының арзандауына тағы бір себеп ғылым мен техниканың дамуы болып отыр. Мысалы, қазіргі таңда дамыған елдерде электр энергиясымен немесе сутегімен жүретін көліктер көбеюде. Ал бұл мұнайдың арқасында күн көріп отырған елдерге аса жағымды жаңалық емес. Осыған байланысты мұнай өндірудің көлемін азайтып, бағаны тұрақты ұстау қажет-ақ. Мұнай бағасының құбылуына соңғы кездері әлемдегі саяси жағдайдың да зор залалы болып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар, мұнай бағасын анықтауға әсер ететін фактордың бірі кен орындарындағы өндіріс бағасы екен. Яғни, мұнайды өндіріп шығару құны өте жоғары болса, нарыққа шығатын баға да жоғары болады. Бәріміз білетіндей, АҚШ соңғы кездері тақтатастың құрамында кездесетін биохимиялық элементтердің қатты бөлшектерінен мұнай өндірудің дәстүрлі емес тәсіліне көшті. 2005 жылы АҚШ тәулігіне 5,1 млн баррель жасанды мұнай өндірген болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш күніне 9,1 млн баррельді құраған. Бірақ жасанды мұнайдың сапасы табиғи мұнайға қарағанда төмен. Сондай-ақ, араб елдерінде де мұнай өндіру оңай, ал Ресейде күрделі. Сондықтан мұнай бағасы 35-40 долларға төмендер болса, ол оның өзіндік құнын ақтамайды. Әрине, осы тұрғыдан алғанда да мұнайдың 60-70 доллардан асқаны бәрімізге жақсы. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»